Қызылқоға ауданында бруцеллез биыл тағы да бой көтерді. Жыл сайын індетті болдырмау шаралары жүргенімен оны түпкілікті ауыздықтау жергілікті мамандардың қолынан келмей отыр.
Өткен жылдың өзінде ауру белгілері табылған 367 ірі қара, 3182 қой-ешкі, 27 түйе сойылып, кәдеге жаратылды. Биылғы бірінші тоқсанда 254 ірі қара, 218 қой-ешкі, 9 түйеден бруцеллез байқалды.
Ветеринариялық бөлімнің ақпараты бойынша ауру ошағы Миялы, Мұқыр, Ойыл ауылдық округтерінде көп кездеседі.
- ҚР АШМ-нің бұйрығына сәйкес аналық мал екі рет тексерістен өтеді. Ал бруцеллезден толық тазару үшін аналық малдарды 5-6 реттен тексеруден өткізілуі тиіс, бұл туралы ұсынысымызды облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасына жолдап отырмыз,-дейді аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Серікбай ЛАТИЕВ. – Сондай-ақ, жеке тұрғындар малдарын тексеруден өткізбей, ерте көктемде қырдағы жайлауға жіберуі, вакцинациялау жайының шешілмеуі, жойылған малға берілетін төлемақының аздығы әсер етеді.
Ауру белгілері бар ірі қараларды Миялыдағы мал сою цехында сойылып, термиттік өңдеу жүргізілгеннен кейін иесі алып кетуіне құқылы. Оны мал иесі сатуға немесе белгілі температуда қайнатып пайдаланылуға рұқсат. Ал ұсақ малдың жұқтырғыштығы қауіпті болғандықтан арнаулы мал сою цехына жіберіліп, одан қалбырлар шығару жолға қойылған. Бүгінде бұлар Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданындағы «Жеңіс» ЖК-ге тапсырылады. Тасу шығыны бюджет қаржысынан өтеледі. Дегенмен мал сою цехына дейінгі ара қашықтық 300 км. Өзара келісім шартқа сәйкес, бір малға төленетін төлемақының 30 пайызын бюджет, 70 пайызын ет қабылдаған ЖК төлеуі тиіс.
- Қыстан шыққан мал болғандықтан әкелінген қой-ешкілер арық, қоңдылығы өте төмен. Мал етінің әр келісіне 450 теңгеден төлеп отырмыз. Біз биыл елу теңгеге бағаны көтердік,-дейді «Жеңіс» ЖК басшысы Төлеген ЕРКЕШТАЕВ.
-Бруцеллез қой-ешкіні қалбырлау арқылы пайдаланудың зияндылығы жоқ па деген сауалға қосатын пікіріңіз?
-Қалбырлағанға дейін мал еті өте жоғары деңгейде қайнатылғанда микробтар жойылып кетеді. Қалбыр дайындағанда оған түрлі дәмдәуіштер қосылады. Айта кету керек, мұндай қалбырға сұраныс өте төмендеп кетті. Бірақ малды қабылдау жүре береді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА