Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринариялық басқармасының басшысы Сырым РЫСҚАЛИЕВ «АЖ»-ның сауалдарына жауап берді.
- Жақында облыстық ауыл шаруашылығы мен ветеринария басқармалары біріктірілді. Бұл реформаның мәнісі неде?
- Бұл Атырау облысы әкімдігінің 2017 жылғы 28 сәуірдегі №71 «Кейбір мемлекеттік мекемелерді қайта құру туралы» қаулысына сәйкес жасалды. Ветеринариялық қызмет ауыл шаруашылығы жануарларының саулығы мен олардан алынатын өнімдердің сапасына тікелей байланысты болғандықтан жалпы ауыл шаруашылығы саласының ажырамас бөлігі болып табылады. Сондықтан екі басқарманы біріктірген дұрыс.
- Бруцеллез мәселесі бұрынғыша өзекті, осы індеттің кесірінен мал қырылуда. Мұнымен қалай күресу керек?
- Облыс бойынша 2016 жылдың жарты жылдығында 568 ірі қара, 1667 қой-ешкі, 38 түйе бруцеллезге оң нәтиже берген болса, ал 2017 жылдың жартыжылдығында 646 ірі қара, 1548 қой-ешкі, 25 түйе ұшыраған. Жалпы қолда бар мал басын түгел серологиялық тексерістен өткізіп, ауру анықталған малды уақытында санитариялық жолмен жою арқылы бұл аурудан арылуға толық мүмкіндік бар. Ал адамдар арасында індеттің табылуы қарапайым санитариялық ережелерді сақтамау салдарынан кездесіп отырғанын айтқан жөн. Малдарды уақытында тексертпеу, сүт және сүт өнімдерін қайнатпай тұтыну салдары, ауру малдар іш тастағанда ветеринар мамандарға уақытында хабарламаудан, т. б. болып отыр.
- Бүгінде бруцеллез қой-ешкі малы мал сою орындарына жаппай жіберіліп, одан шұжық, қалбыр, т. б. өнімдер әзірленуде. Ал бұдан үш жыл бұрын мыңдаған ауру малдар дәрімен өлтіріліп, өртелген еді. Сол жылы мал иелеріне малдың өтемақысы базар нарқымен төленген болатын. Ал қазір өртелмей, пайдаланылуға берілуде, сонда өнім адам денсаулығы үшін зиянды емес пе?
- Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы бұйрығымен бруцеллезге оң нәтиже берген ұсақ малдардың еті жануарлар өнімдерін қайта өңдеу орталықтары арқылы өңделіп, қайта өңделген өнім ретінде өткізіледі. Яғни, ғылыми тұрғыда қайнату әдісімен өңделген кезде бруцеллез қоздырғыштары толығымен залалсызданады.
- Биыл Қызылқоға ауданында ауру малдардың еті қайту өңделуге «Асыл-Арна» ЖШС-іне тапсырылып жүрді. Кейін неге екені белгісіз, онда мұндай етті қабылдаудан бас тартты. Енді ұсақ малдар бірнеше шақырым қашықтағы Орал қаласындағы мал сою және өңдеу цехына жөнелтілуде. Малға төленетін төлемақының 30 пайызын бюджет, ал 70 пайызын цех басшылығы төлеуі тиіс болатын. Сіздер бұл мәселені қалай шешпексіздер? Арзан бағаға өтіп жатқанына қарап мал ұстаушылар ауру малдарын жасырып қалады деп ойламайсыз ба?
- Бруцеллезге оң нәтиже берген жануарларды санитариялық жолмен жою мақсатында қала, аудан әкімдіктерімен мал сою орындары мен қайта өңлеу кәсіпорындары арасында келісілген меморандум бар. Осы меморандумға сәйкес, аптаның арнайы бекітілген күнінде бруцеллезге оң нәтиже берген жануарлар сойылады. ҚР Ауыл шаруашылығы Министрлігінің 2014 жылғы 30 қазандағы бұйрығымен жергілікті жерлерде ауыл шараушылығы жануарларының нарықтық құнын айқындайтын арнайы комиссия құрылады. Айқындалған бағаға сәйкес қайта өңдеу кәсіпорындарына тапсырылған ауру малдың нарықтық құнының 30 пайызы малдың қоңдылығы мен күйне қарамастан бюджет қаражаты есебінен төленеді. Ал қалған 70 пайыздың есебіне сойылған малдың толықтай өнімі кіреді. Кәсіпорын иелері жануарлардың жай-күйіне, қоңдылығына қарап бағалауы жасырын емес. Алайда оларға қалайда нарықтық құнымен есептеп төлетуге мәжбүрлитін заңдық негіз жоқ.
- Аталмыш дертке қарсы вакцина бар ма?
- Бруцеллез ауруына қарсы вакцинаны қолдану өте күрделі мәселе. Себебі аталған вакцина осы аурудың қоздырғыштарынан дайындалады және жануарда белгілі бір деңгейде иммунитет қалыптасу уақыты ұзақ мерзімге созылады. Вакцина егілген жануарлар қатаң бақылауда болып, оқшаулануы қажет. Себебі, жануарда бір иммунитет қалыптасқанша сау жануарға дертті жұқтыруы мүмкін. Біздің жағдайымызда қолдағы малдың барлығы дерлік далалық, ашық жайылымдарда еркін түрде араласып ұсталатындықтан жаппай вакцинациядан өткізу тиімділігі төмен. Сонымен қатар бруцеллезге қарсы қолданылатын вакцина біздің еліміздің және Кедендік одақ реестрінде тіркелген болуы тиіс және оны қолдануға ветеринария саласындағы өкілді органның арнайы рұқсаты болуы міндетті.
- Жылыой және Қызылқоға аудандарында пастереллезден мал қырылды. Бұл жөнінде не айтасыз?
- 2016 жылы Қызылқоға ауданындағы «Жасқайрат» ЖШС-нің 2 476 қой-ешкі аталмыш дертке шалдығып, 584-і арам өлді. Жасқайрат ауылынан - 63, Жангелдин ауылы «Әділ» ШҚ-да - 12, Қоныстануда 10 бас шығынға ұшырады. Вакцинамен қоса 2 689 доза сарысу егілді. Жылыой ауданында «Қара Арна» және Жаңа Қаратон округтерінде 30 бас ірі қара өліп, 3 000 бас ірі қараға вакцина егілді.
- Биыл Исатай ауданында жылқыдан сақау, ал белгісіз дерттен жүздеген ірі қара өлім-жітімі болды. Бүгінде бұл ауданда қандай ветеринариялық іс-шаралар жасалуда?
- Ауданның Тұщықұдық округіне қарасты Айбас елді мекенінде мамырдың аяғында жылқыдан дерт байқалып, өле бастады. Сараптама нәтижесі сақаудан (мыт) өліп жатқанын анықтады. Округ әкімінің шешімімен санитарлық шектеу жарияланды. Мал шығыны тоқтап, ауру мал он бес күнде тіркелмесе онда шектеу алынатын болады. Ал сақау дертінен өлген малдарға өтемақы төлеу қарастырылмаған. Сондай-ақ, Айбас және Мыңтеке учаскелерінде белгісіз себеппен өлген ірі қараны не аурудан шығынға ұшырап жатқанын анықтау үшін сараптама алынды. Және де Астана мен Алматыдан келген мамандар қосымша анализ алып кеткен болатын. Сондықтан әзірге ештеңе айта алмаймыз, сараптама қорытындысын күтеміз.
Жалпы облыс бойынша ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы диагностикалық және прфилактикалық ісшаралар жоспарға сәйкес жүргізілуде. Белгісіз дерттер табылған пайда болған жағдайда тиісінше жергілікті жерлердегі ветеринар мамандар қажетті сынамаларды алып, зертханаларға сараптама уақытында жіберіліп отырылады.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА