Атырау, 6 қазан 13:15
 ашықВ Атырау +14
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Қызылқоға қидан құтылған жоқ

8 912 просмотра

Атыраудан 300 шақырым шалғай жатқан Қызылқоға ауданына газ тартыла бастағаннан кейін бұл саладағы проблемалар артта қалды деген пікір қалыптасқан. Сөйтсек, күрмеуі келмейтін қиын мәселе нақ осы салада болып шықты. Жиырма мың теңгемен қалт құлт етіп, әзер күн көріп отырған көптеген отбасылардың көгілдір отын жағатындай жағдайы жоқ.

ЖИНАЛЫСТАН НӘТИЖЕ БАР МА?

Президент Н.Назарбаев Атырауға бас тіреп, ел дүрлігіп жатқанда «АЖ» тілшісі қияндағы Қызылқоға ауданына сапар шекті. Индер арқылы аталмыш ауданға баратын жолдар толықтай істен шыққан. Сол себепті даланың қара жолымен жүруге тура келді. Жолдың машақатымен Миялыға кештете жеткенбіз...

Ертесіне ертелетіп аудан әкімі Берікқали Сарсенғалиевке кіріп, аудан тынысымен танысып шығамыз деген жоспарымыз жүзеге аспады.

Хатшы қыз арқылы естігеніміз «жиналыс біткесін келсін» деген сәлемдеме ғана. Әкімнің сол күні кешкі сағат жетіге дейін жиналыстан қолы тимеді. Барлық сала басшылары күн ұзақ сонда болды. Ертесіне барғанымызда тағы жиналыс. Хатшы қыз да маңдытып ештеңе айтпады. Әкімнің қашан босайтынын білмегендіктен көп сұрақтар көкейде кетті. Ал кіреберістегі форма киген қарауылшыға қай есікке қашан кіретініңе дейін есеп беруің керек. Қарапайым халық пен биліктің арасындағы алынбас қамал бәз баяғы қалпы. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген бабалар аманаты адыра қалған сияқты.

ТОҚАЛ ТАМДАҒЫ ЖҮДЕУ ТІРЛІКТЕР

Билік жиналыспен бас қатырып жатқанда біз аудан басындағы біраз үйге кірдік. Адамның жаны жадырап емес, жүдеп шығар көріністер алдымыздан шықты. Әсіресе, тоқал тамдағылардың жағдайы тым қиын. Ортасын пешпен бөлген шағын үйде тұратын Қомашев Ерлан мен Есенбаева Айнаш үш бүлдіршін тәрбиелеуде.

- Газ келмепті ғой?

- Мазақ қылып тұрсыз ба, газ түгілі қиға жарымай отырмыз ғой. Бір машинасын 17 мың теңгеге түсіріп алғанбыз, оншақты күнде ол да бітеді.

- Сосын қайтіп күн көрмексіздер?

- Білмеймін, соны ойлағанда басым ауырады. Балалар тоңып қалмаса деймін. Жолдасым Ерлан ақылы қоғамдық жұмыс негізінде мектепке оператор болып жұмысқа ілікті, алатыны 17 мың теңге. Ала жаздай мен де, күйеуім де жұмыссыз болдық. Сол себептен алдағы қысқа қамдана алмадық. Көтерме жұмыс табу қиын, жұмыссыздар мұнда ығып жүр. Бұйырса, балалар жәрдемақысы мен Ерланның табысын қосқанда 20 мың теңге айға табыс кіруі керек. Ол не болады? Мал жоқ. Тамақ та, отын да таусыла бастады. Қайсысына қалай жеткізетінімді білмей басым қатып отыр, - дейді Айнаш Есенбаева. Үмбетжанова Дәмелінің де жағдайы жоғарыдағыдай. Күйеуі ақылы қоғамдық жұмыста, өзі бос. Екі баласы бар. Бұлар да қыстық отын жимапты. Аз күнде қи таусылатынын айтып Дәмелі қатты налыды. Үйдің түбіне келіп тұрған газ желісі мазақ еткендей қалқиып ол тұр. Дәмелі отынды үнемдеп, ыстық тамақ пісірерде ғана екі мезгіл жағатынын айтты. Тұрғындардың айтуынша, отыз шақты отбасының газды үйге кіргізіп алардай жағдайы жоқ. Тағы бір тұрғын Ұлмекен Какимова үйдің қасындағы газ тұрбасын үйге енгізіп, газ плитаға қосу үшін алпыс мың теңге қажеттігін айтты. Ондай ақшаны өмірі қолға ұстап көрмегендер өмірбақи қиға телміріп өтерміз деп отыр.

- Мектепте оператор болып жұмыс істейтін күйеуім жылу маусымы біткенде қысқартылып қалады. Ал әлі де жас төрт баламызды қалай бағатынымызды білмеймін. Олар үлкейген сайын тамаққа да, киімге де, тіпті басқа қажеттіліктерге сұраныс көбейеді ғой. Күн көру қиындап, көш-тен қалып жатқанымыз сондықтан. Газ жағып отырған үйлерге қатты қызығамыз, өмірдің рахаты ғой, - дейді Ұ.ҚАКИМОВА.

Сонымен қатар, Е.Құмарғалиев, Миялының шетіндегі «Бәйсеу» учаскесінде тұратын М.Ожаев, М.Мұқанғалиев секіл-ді тұрғындар қыстан қалай шығарға білмей абыржулы. Жас отбасы Наурызгүл жіне Жаңбырбай Шындауовтар қыстан қысылмай шығатынына сенімсіз. Қиға да жарымай отыр.

Біз қырықтан аса тоқал тамды санап шықтық. Бәрі де шатырсыз, төбесінен сабан саулаған, жатаған үйлер. Бұлар жаңбырдан қорқады, себебі шатырсыз төбеден аққан су телегей-теңізге айналады екен. Алайда, үйден гөрі қораға ұқсас бұл баспаналарын олар хан сарайындай көреді. Өйткені бұған да қолы жетпей пәтер жалдап жүргендер ауданда көп. Қоңырқай тірліктегі бұл үйлер тамақ пен отынға жарымай отырғанда газды қайдан тартсын. Тіпті, шеткі үйлер су құбырына төлер ақшалары болмағандықтан жер астының ащы суын тұтынуда. Өткен жылы газдан жеңілдік болады деп кейбір отбасылардан құжат жиналған. Оған ілікпегендер де көп.

ЖИЫРМА МЫҢ ТЕҢГЕ ТАПСАҢ «КЕДЕЙ ЕМЕССІҢ»

«Облтрансгаз» КМК-ның Қызылқоға аудандық учаскесінің бастығы Саясат САПАРОВТАН білгеніміздей, аудандағы газ тарту ісі келесі жылы толықтай аяқталуға тиіс. Аудан бойынша 3032 үйге газ тартылады деген есеп жасалса, соның 1046 ы газды пайдаланып отыр. Ал Миялы селосындағы 1100 үйдің тек 350 і ғана көгілдір отынның рахатын көруде. Мал сатып, болмаса малмен есептесіп, тіпті, несие алып та газ тартып жатқандар баршылық. Білуімізше, «Хомкредит» банкісінен тоғыз айда 100 млн. теңге несие алынған. Оны алғандардың көбі зейнеткерлер болып шықты. Ал мұндай мүмкіндіктері жоқ жоғарыда аталған отбасылар үшін газ шынымен арманға айналып отыр.

- Қызылқоға қидан құтылмайтын болғаны ма?- деген сұрағымызды біз аудан әкімінің орынбасарына қойдық.

- Өткен жылы кедейлік шегіне жеткен, болмаса күнкөрісі төмен 98 отбасы анықталып, облыстық бюджеттен 16 млн. теңге бөлінетін болды. Жетпіске жуық отбасының құжаты қолымызға тиіп отыр. Ал қаржы есепшотқа түссе, бұл отбасыларға тегін газ тартылатын болады, - дейді аудан әкімінің орынбасары Бибоз ШАЯХМЕТОВ.

- Ал отбасына айына тек 18-20 мың теңге табыс кіретін-дер өздіктерінен газ тарта алмайды ғой. Әрі бұлардың көбі уақытша ақылы қоғамдық жұмыстағылар. Сонда бұлар күнкөрісі төмен отбасыларға жатпайтыны қалай?

- Біз заңнан аса алмаймыз. Шынымен де, ауданда жағдайы төмен отбасылар жетеді. Олар газды пайдалана алмайтынын біз де біліп отырмыз...

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен білгеніміздей, аудан бойынша 205 жұмыссыз есепте тұр. Тек Миялы селосының өзінде 1237 адам ақылы қоғадық жұмысқа тартылған. Аз қамтылған отбасы саны 222-іні құрайды. Ал кедейлер отбасы екеу ғана. Жоғарыдағы 20 мың теңге табыс кіретін отбасылар заң жүзінде кедейлерге жатпайтын болып шықты.

- Тегін газ тартылатын отбасылар аз қамтылған отбасы ретінде жәрдем алатындар санатынан сызылады. Себебі жоғарыдағы көмек ақша кіріс есебіне алынады, дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Самал ЖЕКСЕНҒАЛИЕВА. «Береген қолым - алаған» деген осындайдан айтылған шығар.

Иә, Қызылқоғаға газ тартылды деген дүмпу қатты болғанымен, осындай көлеңкелі тұстары бар. Ал осы аудан төңіре-гінде отырған мұнайшылар кедей отбасыларға газбен көмектессе қайтер еді? Сауап болар еді, әрине. Алдымызда қоянның қысы. Бұл жақта қыс басқа аудандарға қарағанда қатты болатыны белгілі. Сонда қарашадан бастап дірдектеген қызылқоғалықтар қаңтардың қағынған үскірігінде қайтпекші?

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Атырау-Индер-Миялы

2 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.