Атырауда «Қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) бойынша Солтүстік Каспий мұнай төгінділеріне экологиялық әрекет ету базасының (СКЭӘБ) аумағында жолаушылар терминалын салу» жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтті. ҚОӘБ бойынша алдын ала тыңдаулар 2016 жылдың қыркүйегінде өткен болатын. Сол кезде жергілікті жұртшылық бұған қарсы шыққан еді. Бұл жолы одан бетер наразы болды.
ҚҰРЫЛЫС ТУРАЛЫ
Жолаушылар терминалы жобасына тапсырыс беруші - «KMG Systems&Services» ЖШС, ҚОӘБ әзірлеушісі - «SED (Sustainable Ecology Development)» ЖШС. Терминал қолданыстағы СКЭӘБ базасының аумағында орналасады, оның мақсаты - нысандардан вахта қызметкерлерін жыл бойына жеткізу үшін әуе жастығы үстіндегі кемелерге (ӘЖК) қызмет көрсету және қажет болған жағдайда, Солтүстік Каспийдегі теңіз нысандарынан қызметкерлерді шұғыл эвакуациялау және мұнай төгінділерін жою үшін жауапты мамандар мен жабдықтарды жеткізу. ҚОӘБ әзірлеушілерінің айтуынша, жобаның бір бөлігі теңіз жобасы, айлақтың жағалау бөлігіне терминал салу кезінде ӘЖК-ны суға түсіру үшін слип (көлбеу жағалау алаңы) салынатын болады. Олар жерасты суларын және топырақтың төменгі қабатын ықтимал ластанудан қорғау үшін терминалдың негізгі ғимаратының астына ылғал өткізбейтін мембраналар (геомембраналар) төсеу, ӘЖК астына алаң және дизель отынын сақтау үшін алаң қарастырылғанына сендірді.
Жобаны әзірлеу кезеңі 2018 жылдың ортасына дейін жалғасады, құрылыс және іске қосу жұмыстары 2019 жылға жоспарланған. Терминалды пайдаланудың болжамды мерзімі - 50 жыл. Ол жыл мезгіліне қарамастан тұрақты дайындық режимінде жұмыс істейтін болады. Кемелердің бір бағытқа бару уақыты - 1,5 сағатты, соның ішінде: Жайық өзенінің бойымен жүру 20 минутты құрайды.
«SED» ЖШС-нің бас менеджері Владислав САДОМСКИЙДІҢ айтуынша, жолаушылар терминалының құрылысы және оның пайдаланылуы қоршаған ортаға «айтарлықтай» әсер етпейді.
БОС ӘҢГІМЕ
Сұрақ-жауаптарға арналған тыңдаудың бір бөлігі қызу өтті.
Балық өнеркәсібінің ардагері Бостан СҮЛЕЙМЕНОВ:
- Осы жобаның негізділігі көп уақыттан бері күмән туғызып келеді. Алдымен СКЭӘБ-ні Жайықтың негізгі арнасының бойымен Дамбадан салғысы келді, бірақ кейін Дамбыдан 3,6 км жерден теңіз жағалауында арнадан орын таңдады.
Жобаны мақұлдау кезінде база күту режимінде болатындығы, мониторинг жүргізу үшін айына тек бір кеме пайдаланылатыны айтылған еді. Бірақ ол кезде әзірлеуші басқа болды. Енді СКЭӘБ қожайынын ауыстырды, ал жаңа қожайын осы базада жолаушылар терминалын салу туралы шешім қабылдады. Оны пайдалану кезіндегі салдарлар үшін кәм жауапты болады? Жоба таныстырылымында терминал құрылысы кезінде қоршаған ортаға әсерді бағалауға көңіл аударылды. Бірақ бұл мұндай әсердің аз бөлігі ғана. Негізгі экологиялық жағымсыз факторлар кемелерді пайдаланған кезде болады. Бұл құстардың ұя салатын және жаппай шоғырланған аумақтарда қатты шуылдың болуы. Сіз орнитологиялық және акустикалық зерттеулер жүргізілді деп отырсыз. Бірақ, зерттеуге тапсырыс беруші оны қажет еткен адам болса, онда сарапшылардың объективті болатындығына күмәнім бар. Бұдан басқа, ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес, 1 сәуір мен 15 шілде аралығында кеме қатынасына шектеу немесе тыйым салу енгізіледі. Демек, осы кезеңде терминал жұмыс істемейді. Әлде мен қателесіп отырмын ба? Осы кемелердің қысқы кезеңде итбалықтар жатағына әсері бөлек тақырып. Бұл жерде белгілі бір бағыт болады деді, бірақ бұл да сауатты пайымдау емес, өйткені бірнеше шақырымға дейін мұз жарылған кезде итбалықтар қорқып, төлдеу кезінде суға түсіп, күшіктері өлуі мүмкін. Қыста ӘЖК бағытын қалай бақылауға болады?
Сұраққа «KMG Systems&Services» техникалық директоры Арман ҚОСПАЕВ жауап берді:
- Терминалдан келетін кез-келген экологиялық әсер үшін біздің ЖШС жауапты. Ал кеме үшін олардың иелері жауапты болады – оларды кім болатынын қазір білмейміз. 1 сәуірден бастап 15 шілдеге дейінгі пайдалануға келер болсақ: Кодексті ешкім жойған жоқ, егер мемлекеттік органдардың арнайы рұқсаты бар болса, кемелер пайдаланылады, егер болмаса, онда пайдаланылмайды.
Біз шуылға қатысты зерттеулер жүргіздік, мамандарды тарттық. ӘЖК-ден болатын су астындағы шуыл өте аз. Бүгінде жоспарланған маршрут итбалықтардың жатағынан айналып өтеді. Бұдан басқа, әр кеме шығар алдында маршрут салу үшін дрондар жіберіледі, ал қажет болған жағдайда маршрут итбалықтардың жатағын айналып салынатын болады.
- Мен бірде-бір сұрағыма жауап ала алмадым. Сіздер салдыңыздар, ал кемелерді басқалар пайдаланады. Таныстырылған мекемелер осында отыр, ал ақырғы нәтиже үшін ешкім жауап бермейді. Сонда, қазір сіз бен біз бос әңгіме айтқан болдық қой, - деді де, Сүлейменов залдан шығып кетті.
Арман Қоспаев микрофонға орнитолог Виктория КОВШАРЬДЫ шақырды:
- Мен осы ауданда 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатырмын, құстардың есебін жүргізіп, барлық жаппай ұя салатын жерлерін білемін. Соңғы жылдары құстардың негізгі колониясы Жайық аңғарынан алшақтап барады. Қазір Жайықта қозғалыс қазір өте қарқынды, ал құстарға бұл жерде не қозғалып жатқаны маңызды емес, олар әрі қарай кете береді. Олардың саны азаймайды, бірақ бөлініп кетеді. Олар қазір қайықтар да, тікұшақтар да, аңшылар да мазаламайтын жерлерге кетіп қалды.
РАМСАР ҮШІН ЖАУАПТЫМЫЗ
«Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының жетекшісі Галина ЧЕРНОВАНЫҢ сөздері эмоцияға толы болды:
- Олар мені сарапшы ретінде жалдады және менің сатылмайтынымды түсінбеген шығар. Жақында СКЭӘБ бойынша дөңгелек үстел болды, біз көптеген пікірлер айттық. СКЭӘБ мұнай төгінділеріне байланысты проблемаларды шешу, аймақтың фаунасында химиялық күйік пен уланудың алдын алу үшін салынған. Мұнда мұнай төгіндісінен кейін жануарлар дүниесінің өкілдерін жинап, жуып-шаю үшін бокстар салу жоспарланды. Бұл жерде ӘЖК немесе басқа да кемелер қолданылатыны туралы бірде-бір сөз айтылмады. Енді олар бүкіл рұқсат құжаттарынан бұрын бұл мәселені қолдап отыр. Таң қалдыратын екінші жайт: олар қажет болған жағдайда ӘЖК қолданылады дейді, бірақ шын мәнінде, ҚОӘБ-де олар осы кемелерде апта сайын вахтаны – осы аймақта қолданылатын ерекше экологиялық талаптарға қарамастан, жыл бойына келіп-кететін 150 адамды тасымалдайды деп енгізілген. Олар мұнда итбалықтардың күшіктеу кезінде тыныштық аймағын құру үшін қазаннан мамырға дейін тыйым салу кезеңі бар екендігі туралы айтпай отыр. Сонда екі үлкен шектеу кезеңі болып тұр, ендеше олар осы кемелерді қашан пайдаланбақ? Олардың бұған құқығы бар ма? Біз - жұртшылық - сіздерге бұл құқықты бермейміз. Келесі жайт - ҚОӘБ-да көптеген қателіктер бар, ол қалай-солай жасалған. Ауыр металдармен ластануды бұған дейін «Терра» ЖШС зерттеді және 2016 жылы Жайық суларының темірмен және мыспен қатты ластанғанын көрсетті. Ал сіздер бұл анықталған жоқ және «Teрра» жаңылыс жасады деп отырсыз. «Терра» осы жобалардан кетіп қалды, себебі олар жағдайдың лажсыздығын түсінді. Сізде кемелерді пайдалану үшін азғана уақыт қалады – жаздың бір бөлігі, қыркүйек, болды. Ал сіздер ҚОӘБ-де жыл бойы ӘЖК пайдаланылады деп жазып отырсыздар. Сіздер бұл аумақты ойран қыласыздар. Бұл ерекше Рамсар алқаптары. Біз олар үшін халықаралық қоғамдастық алдында жауап береміз. Рамсарда орнитофауналарды және трансферттік дәліздерді сақтау туралы конвенция жасалды. Құстар орын ауысып, осылайша біздің аумақты табиғи теңгерімде ұстап отыр. Өйткені, құстардың бір бөлігі Африкадан ұшып келеді, бір бөлігі Үндіқытайға ұшып кетеді. Ал біздің аймақ Жер шары биосферасының алмасу процестеріне қатысады. Мен халықаралық конференцияларға көп қатысамын және ол жерлерде бұл мәселелер салмақты түрде көтеріледі, елеулі айыппұлдар салынады. Бұл жоба ҚР Экологиялық кодексінің талаптарына сай келмейді, әлі шикі, жетілдірілмеген деп есептеймін.
«KMG Systems&Services» ЖШС-нің бас директоры Шерхан СҮГІРБЕКОВ жауап берді:
- Жалпы, СКЭӘБ бойынша процестің мүмкіндігінше ашық болғанын қаладық. Дөңгелек үстелдер де еріккеннен емес, ескертпелер мен ұсыныстар жасау үшін өткізілді. Оларды барынша ескердік деп есептеймін. Біз де осы жерде өмір сүріп жатырмыз, бұл бәріміз үшін ортақ өлке. Мәселе негізінен ӘЖК пайдалануға қатысты. Біз, базаның иелері ретінде, сәл өзгеріс бола қалған жағдайда жедел әрекет етеміз. Егер мемлекет бұл кемелерді пайдалануға болмайды десе, онда бұл болмайды.
Арман ХАЙРУЛЛИН, Атырау тұрғыны:
- Сіз Жайық бойымен теңіз жаққа қарай қарапайым моторлы қайықпен шығып көріңізші, дыбыстан қашқан құстар әрірек ұшып кетеді. ӘЖК келсе, жағдай тек нашарлайды. Бір метр тереңдікте, тіпті, одан да аз тереңдікте жатқаныңызды елестетіп көріңіз. Сіздің үстіңізден алып нәрсе өтіп, үлкен қысым түссе, су алай-түлей болады – сонда балық не болады? Бұл үтікпен өткен сияқты. Мен СКЭӘБ аумағында терминалдың салынуына қарсымын, өйткені бастапқыда ол жердегі мақсат басқаша - ықтимал төгінділерге әрекет ету болатын. Ал енді қазір сіздер база жұмысын қыздырғыларыңыз келеді. Терминалдың құрылысын басқа жерде қарастыруды ұсынамын.
Зейнеткер Қали ӘУБЕКЕРОВ:
- Неліктен бұл жерде билік өкілдері, ең болмағанда облыс әкімінің орынбасары жоқ, табиғат қорғау прокуратурасының өкілдері неге келмейді? Мына жерге келіп бізге өздеріңнің «зерттеулеріңді» түсіндіресіңдер. Біздің Каспийге жанымыз ашиды. Каспий құрып барады. Мен терминал құрылысына қарсымын. Жайықтан кетіңдер!
- Бүгінгі тыңдауға барлық мемлекеттік органдар шақырылды, тізімді сайттан және хаттамадан көре аласыздар. Максималды ашықтық сақталды, - деп жауап берді Сүгірбеков.
ЭКОЛОГТАРДЫҢ ПІКІРІ
Тыңдау соңында төрағалық етуші Шынар ІЗТЕЛЕУОВА шиеленіскен атмосфераны жұмсартуға тырысты:
- Қымбатты достар, сіздер тыңдауда шешімдер қабылданбайтынын жақсы білесіздер, олар жұртшылықтың пікірін тыңдау үшін өткізіледі. Бұл жерде пікірлер айтылды. Сарапшылардың пікірі де тыңдалуы тиіс, бүгін ол да айтылды. Қанеки, бір-бірімізді құрметтейік.
Содан кейін зал ішіндегі облыстық экология департаменті өкілдері тапсырған құжатты оқып берді: «ҚОӘБ жобасында ҚР экологиялық заңнамасының талаптары ескерілмеген, атап айтқанда, 1 сәуірден бастап 15 шілдеге дейін кемелерді пайдалануға тыйым салу мерзімі есепке алынбаған. Бұдан басқа, онда тек экономикалық көрсеткіштер ескерілген және экологиялық әсер ескерілмеген. Көптеген тыңдаулар мен дөңгелек үстелдерде осы жобаға қатысты жұртшылық пен жергілікті тұрғындардың қарсы пікірлері айтылды. Экология департаменті жұртшылықты қолдайды және оны жүзеге асыру мүмкін емес деп есептейді».
Ду қол шапалақтап, осымен бұл тыңдау аяқталды.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттер мен бейнежазбаларды түсірген Нұрбейбіт НҰҒМАНОВ