Атырау, 26 қараша 14:40
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Доссордағы апатты үйлер

Сурет Бейнежазба
7 517 просмотра


Мақат ауданы Доссор кентінде баспана мәселесі өткір күйінде тұр. Үй кезегінде тұрғандар саны жылдан жылға артып келеді.

«АЖ» тілшісі тұрғындардың өтініші бойынша кенттегі апатты үйлерді аралап шықты. Орталықтағы Құдабаев көшесіндегі 21 және 22 үйлер (әрқайсысы 8 пәтерлік) әбден тозған. 50 жыл бұрын салынған үйлерге бірде-бір жөндеу жүргізілмеген. Бүгінде апатты күйге жеткен. Әсіресе, №22 үй қабырғаларының екі жағына үлкен сызат жарық түскен. Пәтерлерде әжетхана жоқ.

- Бұл үйге 20 жасымда 1977 жылы қоныстандым. Бүгінде зейнеткерлікке шықтым, қолымда бала, келін, немерелерім бар. Үйдің тозығы әбден жетті, енді қабырғалар жарыла бастады. Жарықтардан дала көрінеді. Төбемізге құлап кете ме деп қорқамыз,- дейді Сәлима АМАНТАЕВА. - 2011 жылы бұл үйді ресми түрде апатты деп таныды. Одан не пайда?

Бірінші қабатта тұратын  Ермек НҰРАСИЛОВ:

- Бала жасымнан мүгедекпін, анам қайтыс болғалы жалғыз тұрамын. Облыс әкімдігіне де көмек сұрап барғанмын. Ондағылар «қарындасың үй салып берсін» дейді. Тұрмыстағы қарындасымның бес баласы бар, өзі жұмыста жоқ. Ол қалай үй салып береді, күнін зорға көріп отыр.

Апатты үй деп танылған осы екі үй тұрғындарына Доссорда жуырда пайдаланылуға берілген 60 пәтерлік үйден баспана беріледі деп үміттендіріпті. Бірақ үй берілмеді. 

Жас мұғалімдер апалы-сіңлілі Гаухар САРКИТОВА мен Айсұлу МАСҚАРОВАЛАРҒА жаңа үйден қызметтік пәтер беріледі деп келісімшарт жасалса да, кейін әкімдік бұл келісімшарт өз күшін жояды деп мәлімдепті. Себебі - бұлардың атағында қайтыс болған әке-шешесінен қалған үй бар.




- Бұл қыздардың әке-шешесі жоқ, тұлдыр жетім. Қайнағамнан үш қыз қалды, біреуін тұрмысқа бердім. Өз балаларым үстіне қамқоршылыққа алып, қолымнан келгенше оқытып тәрбиеледім,- деді Марал САРКИТОВА (суретте).  - Біз бәріміз 29 шаршы метр үйде тұрамыз. Жолдасым жүрегіне ота жастқаннан кейін мүгедектік алады. Балалар есейгесін бөлме керек болып жатыр. Қыздар әке-шешесінен мұраға қалған үйде тұру мүмкін емес. Үй апатты жағдайда, ол заңды түрде рәсімделген. Әкімдік атағында үй бар дейді. Бірақ мұны үй деп атауға болмайды.

Расымен де, үй деуден гөрі қораға көбірек ұқсайтын мекен адам шошырлық күйге түскен.

1953 жылы салынған Ақсерік ЖЕКЕНОВТЫҢ (суретте)  баспанасы да апатты жағдайда. Іргетасы жоқ тоқал тамды сансыз тіреулер ұстап тұр. Төбеден тамшы ағатындықтан төбе жабындысы сарғайып, төмен түсе бастаған. Үш баласы бар, жас. Күзетші болып жұмыс жасайтын Ақсеріктің айлық табысы 45 мың теңге, ал балабақшада еңбек ететін жолдасының да табысы мардымсыз.




- Барар жеріміз жоқ, үй жалдауға мүмкіндік тағы жоқ. Бір күні үй астында қаламыз ба деп қорқамыз,-дейді Жекеновтер.

2005 жылы қатты жауынның салдарынан осындай тоқал тамдардың көбісі жарамсыз болып қалған.

- Сол күннен бастап үш баламмен кішкентайымның жергөкпұлына үй жалдап тұрдық. Үй енемнің атағында болатын. Сол суға кеткен 2005 жылы енеме тек көмек ақша беріп, тұрғын үй кезегіне арыз жаздырған. Бүгінде ол кісі жоқ, қайтыс болған. Әкімдіктегілер енеңнің орнына кезекке сен тұра аласың, бірақ үйді апатты жағдайда екені танылуы керек деді. Мен қарызданып ақша алып, рәсімдеттім. Алайда енемнің кезегін таппай қалдым. Енді мен кезекте 78-інші болып тұрмын. Кезегім алға жылжыр емес. Мен тіпті шарасыз күйге түсіп, жамап жасқап үйімізге қайтып келдік, пәтер жалдауға шамамыз жетер емес. Өзі сыз, салқын, күйі кеткен үйден балаларым ауру болып шықпасына кім кепіл,- дейді шарасыз күйдегі Нұржамал ҒҰМАРОВА (суретте).

Аудандық әкімдік бізге келесі мәліметтерді берді: «Аудан бойынша 809 адам үй кезегінде тұр. Оның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан осал тобы санатында-401, бюджет қызметкерлері-267, жалғыз баспанасы апатты деп танылғандар-118, жетім және тұлдыр жетім-23. Үй өз кезегімен беріледі. Ал Г.Саркитоваға пәтердің берілмеу себебі - кезегі келмеді».



Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

6 ақпан 2018, 10:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.