Атырау, 23 сәуір 17:18
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +21
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Жолаушылар тасымалы: жаңа бетбұрыс

Сурет Бейнежазба
4 767 просмотра


Жаңа жылдан бастап қала көшелеріне жаңа 8 маршрут қосылады. Оның бесеуі – экспресс-маршруттар. Бұл туралы «2017-2022 жылдарға арналған Атырау қаласының қоғамдық көлігін дамыту тұжырымдамасын» жұртшылыққа таныстыру кезінде айтылды. Басты идеялардың бірі – қала маңындағы ықшамаудандардан және ауылдардан автобустар қала ішіне кірмейді.

ПРОФЕССОРДЫҢ ҰСЫНЫСЫ

Тұжырымдаманы дайындауды Алматыдағы Л.Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол академиясы жеңіп алып, 22 млн теңгеге бағаланған жұмысты техника ғылымдарының докторы, профессор Жұмажан ЖАҢБЫРОВ әзірлеген.

Әр маршруттағы жолаушылар ағынын есептеуге қаладағы екі университеттің студенттері тартылған.

Тұжырымдаманы жұртшылық назарына автордың өзі ұсынды:

- Қала сыртындағы елді мекендерден келетін автобустар енді қалаға кірмейді. Жолаушылар ағынын ретке келтіру үшін 4 жерден – халық арасында «пост ГАИ» атанып кеткен қиылыстағы «Аламан» автовокзалының жанынан, Геологтан (Индер мен Доссор тас жолының қиылысындағы көлік базарының маңы), Балықшыдан (базардың орны) және Жұмыскерден (Авангардпен қиылысқан тұсы) – логистикалық орталық және ауысып мінетін пункт (пересадочный пункт) ашу жоспарланған. Бұл жерлерде арнайы күзетілетін үлкен және жеңіл көлікке арналған автотұрақтар, жүргізушілерге арналған жатын орындар, жуынатын жерлер, тамақтанатын орындар қарастырылған. Екіншіден, қалада бала саны өсуде, өкінішке орай, олардың ойнайтын жерлері өте аз. Сондықтан аталған орталықтарда балалар ойын-сауық орталығын, аквапарктер, аттракциондар, сауда орындарын салу да енгізілді.   

Түжырымдаманың негізгі мақсаты – қала ішіндегі тұрғындардың қаладан шығып, үлкен сауда орындарында саудаларын жасап, балаларын ойната алатындай жағдайын жасау. Осылайша қала ортасындағы көлік қозғалысын азайту. Бұл жүйе Алматы мен Астанада жақсы дамыған.

- Тағы бір мәселе – қазір қаланың ішіндегі жолаушылардың 30-35 пайызын жеке тасымалдаушылар (таксистер) тартып алып отыр. Ескі автобустарға жолаушылардың небары 22 пайызы отырады. Сол себепті біз үлкен маршруттарға заманауи автобустарды салу мәселесін енгіздік: мәселен, сырттан келген адам өз көлігін тастап, қала ішінде автобуспен қатынай алатындай жағдай жасалуы керек. Сол себепті Сәтпаев даңғылында «Өнерпаз» тұрмыстық үйінен орталық көпірге дейін автобустарға арналған қосымша арнайы жолақ салынатын болады. Азаттықтан Балықшыға қарай жолда да өзгеріс болады. Көліктер бұрынғыдай оңға-солға бұрылмау үшін бағдаршамдардың көбі алынып, тікелей жол болатын болады.

- Ол жол-көлік оқиғаларының болуына әкеп соқтырмай ма?

- Бұл жерде мәселе жүргізушілер мен тұрғындардың мәдениеттілігіне байланысты. Әрине, алғашқыда қиын болады. Алматыда, кей көшелерді мүлдем жауып тастады – көлікпен жүру қиын ба, оны таста да, қоғамдық көлікке отыр. Біз қазір соған үйрендік. Әрі арзан, әрі тез барасың. Негізгі саясат солай болуы керек. Бұл БҰҰ-ның қабылдаған қаулысы. Осы нұсқаны қала әкімі қолдап, осы жүйені енгізіп отырмыз. Бұл тасымалдаудан түсетін ақшаны 2-3 есеге көбейтеді. Яғни, бюджетке ақша көп түседі деген сөз.

- Жолаушылар тасымалы пайдалы бизнес қой.

- Негізі тасымалдау өте пайдалы бизнес, мен өзім көлік компаниясын құрып, 15 жыл осы бизнеспен айналысқанмын. Тасымалдаушыларға түсіндіріп айттым: бұл салаға ақша салуға болады. Бағаларды есептеп, шығарып көрсеттім. Қанша ақша қалталарында қалатынын, қаншасын үкіметке беретіндеріне дейін шығарып бердім. Алғашқыда ақша салу керек, бірақ 3 жылдан кейін бәрі қайтарылды. Егер 3-4 жылда осы тұжырымдама енгізілмесе, қаланың жолаушылар көлігі мүлдем ақсайтын болады.

Профессордың тұжырымдамасы бойынша көлік қоятын 4 орын мен басқа инфрақұрылымдар үшін 12 млрд теңге қаражат керек.


ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ПІКІРІ

Таныстырылым аяқталған соң тыңдауға келген тұрғындар сөз алды.

Артур БЕКҚАЛИЕВ:

- Қаладағы автобустардағы бассыздықтан шаршадық. Билет бермейді, сұрасаң, бетіңе лақтырады. Аялдамаларда ұзақ тұрып алады. Автобустар артық адам тиейді. Әсіресе, газельдерде. Халық ит болуы жақын, қыстырылып, тоңқайып тұрамыз. Неге сіз айтып отырған тұжырымдама қазір жасалып отыр? Оны біз неге әлі 5 жыл күтуіміз керек? Неге 2013 жылы «Айс Транс Холдинг» келгенде бастамады, қазір біз ендігі бұл жұмыстарды бітірер едік. Мәслихат депутаттары қайда?

Қала әкімінің орынбасары Мейірім ҚАЛАУИ:

- Мен осы қаланың тұрғынымын, осы қалада оқыдым. Сіз айтып отырған жағдайдың бәрін мен де өте жақсы білемін. Өзім де сол маршруттармен жүрдім. 5 жыл – жұмыстар сол уақыт бойына жүзеге асырылады деген сөз емес. Жаңа айтылған маршруттар осы тыңдаудан соң шешім қабылданса, жаңа жылдан бастап жүзеге асады. 5 жыл бойына жасалатыны – айналма жолдар, салынатын орталықтар. Қалалық әкімдік чехиялық компаниямен келіссөз жүргізіп жатыр, қазір соңғы кезеңінде – жаңа маршруттармен қоса электронды билет беруді енгізуді жоспарлап отырмыз. Және міндетті түрде әлеуметтік маршруттар болады – адамы аз, әлеуметтік жағынан аз қорғалған азаматтарды көп таситын маршруттарды біз бюджет тарапынан субсидиялау мәселесін қарастырып жатырмыз. Тасымалдаушыларға талап қоя аламыз – автобустардың кең болуы, желдеткіш, салқындатқыштардың болуы, жалақыларының жоғарылуы, адамдармен қарым-қатынастарының жақсаруы жөнінде. 20 қазанға дейін тұжырымдама талқылауға түседі, 20 қазаннан бастап конкурстық құжаттамалар дайындалады, инвесторлармен келіссөздер жүргіземіз, біз сіздерді тыңдауға дайынбыз.

Қала әкімінің орынбасарының айтуынша, бұл жұмыстармен қатар  аялдамаларды жаңартуды қолға алынады – қазір 30 жаңа  аялдаманың конкурсы жарияланған. 182 аялдаманың жабындыларын ауыстыру жоспарлануда.

- Көшелерде жарық жоқ, қыс мезгілі келе жатыр, балалар сабақтан кеш шығады.

- Жыл соңына дейін «Батыс Транспорт» компаниясымен бірлесіп мемлекеттік-жеке әріптестік аясында 39 көшенің жарық желісін жүргізейін деп жатырмыз. Қаланың айналасындағы ауылдық жерлерге басымдық беріледі. Атырау-Дамбы, Атырау-Еркінқала, Атырау-Талғайраңға дейін. Бұл жұмыстарға инвестор 2 млрд теңгеден астам қаржысын салып, жұмыстар жасап жатыр. Келесі жылы 180 көшені жарықтандыруды осы компания өз қаражаты есебінен жүргізуді қолға алуда.

Химпоселок тұрғындарының №7 маршрутқа қатысты сұрағына ЖШС басшысы, келесі күні Жұмажан Жаңбыров жауап берді:

- Біз осында келген кезде №7 маршрут жүрмейтін. Тұрғындардың наразылығынан соң бүгін №7 маршрутты ұтып алған «Атырау Таксидің» басшысын шақырып, сөйлесіп, газельдерді Авангард – Химпоселок - Қара депоның арасына жіберетін болдық. Ол кісіге тапсырма берілді. Негізі табысы жоқ маршрут. Сол себепті қанша мектеп оқушысын, қанша зейнеткерді тасымалдайтынын дүйсенбіге дейін жазып әкелуін тапсырып, қала есебінен қосымша қаржыландыру мәселесін қойып отырмыз. «Айс Транс Холдинг» мекемесі автобус беретін болды.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА 

Фото мен бейнежазбаны түсірген автор

2 қазан 2017, 11:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.