Мақат ауданының каратэ мен муай-тайдан аға бапкері Мейрам ГАЛИЕВТІҢ шәкірттерін бүгінде әлем таниды. Жиырмаға жуық жыл еңбек жолында ол Доссордың кішкене залынан 4 әлем чемпионын, 11 Қазақстан чемпиондарын дайындап шығарды.
- Галиевтерді көпшілік спортшылар отбасы ретінде таниды. Сіз де, балаларыңыз да спортты таңадауыңызға не түрткі болды?
- Бала күнімде еркін күреспен айналыстым. Ол кезде бұл спорт түрі ауылда хит болатын, өйткені жалғыз ғана секция. Бірақ бәріміз де Джеки Чанның фильмдерін көріп, каратэмен айналыссақ деп армандайтынбыз. Сол арманымызды Сағытжан ЖІГІТЕКОВ деген ауылдын түлегі орындады. 90-шы жылдары жоғарғы оқу орнын бітіріп келіп, ауылдан каратэ секциясын ашуды қолға алды. Сағат 17.00-де Доссорда каратэ секциясының ашылуы болады дегенді жарнамадан оқып, сол жақа қарай асықтым. Ауылдың 200-дей баласымен бірге мен де шығыс жекпе-жегімен айналысуды бастап кеттім. Ол кезде жасым 20-да еді. 4-5 жылдай біз үшін жаңа спорттың қыр-сырын үйреніп, кейін бапкерлік жолды өзім де бастап кеттім. Алғашында тек қана каратэ болса, кейін муай-тай да қосылды. Менің ізімді бүгінде ұлдарым Ислам, Ищан Галиевтер, інілерім Әбіл Галиев, Еламан, Асылжан Саясатовтар жалғастырып кетті. Үлкен балам Ислам бапкерлік жолды таңдады, қалғандары Қазақстан намысын шетелдерде қорғап жүр. Әкелік арманым орындалды десем де болады.
- Бұлардан басқа ауылдың көптеген қарадомалақтарын спортқа жаттықтырып жүрсіз. Өз балаларыңызды жаттықтырған қиын ба, әлде өзге балаларды ма?
- Тәртіп барлық спортшыға бірдей. Жаттығу кезінде мен оларды аясам, рингте қарсыласы аямайды. Спорт қатал болуды талап етеді. Барлығына да өз балаларыма қарағандай талап қоямын. Егер адамның өзінің қызығушылығы болмаса кімнің баласы болса да бәрібір спортты тастап кетеді.
- Муай-тайдан облыс құрамасының көпшілігін доссорлық спортшылар құрайды. Тайланд елінің ұлттық спорты Доссорда қалай дамуда?
- Тек қана каратэмен тұрып қалмайық деп 2007 жылы муай-тай секциясын ашуды қолға алдық. Бұл спорт түріне де балалар көптеп келді, ауылда қарқынды дамып кетті. Алғашқы 4 айдың ішінде облыс қана емес, бірнеше Қазақстан чемпиондарын шығардық. Бүгінде біздің ауылдың спортшылары әлемді де мойындатты.
- Ал олардың жаттығуына ауылда жағдай жасалған ба?
- Жағдайымыз бұрынғыдан жақсырақ. Бұрын өз залымыз болмай әр жерде көшіп-қонып жүрдік, көпқабатты үйлердің жертөлелерінде дайындалған кездеріміз болды. Кейін «Доссормұнайгаз» мекемесі спорт кешенін салып берді. Соның екінші қакбатындағы дзюдошылар жаттығатын залға ораналастық. Іші муай-тай мен каратэге арналмаған болса да бастысы кең, таза, жайлы. Тек қажетті жабдықтарды өз қаражатымызға сатып аламыз, арзан емес. Өзге елдің спортшыларымен тең дәрежеде болу үшін сапалы қолғаптар, груша, спорттық саймандардың бәрін алуға тырысамыз. Бұрын спорт кешені мұнайшылардың меншігінде болған кезде олар жиі жаңа спортқа қажетті заттарымызды алып беріп тұрды. Кейін ол спорт мектебі болып мемлекет меншігіне өткелі жабдықтарымыз жаңартылмады, бұрынғыларының әбден тозығы жетті. Сонымен қатар спортшыларымыз тек республикадан ғана емес әлемнен алтындар әкеліп жатады. Осындай кезде оларға аз да болса сый-сияпат ұсынуға демеушілер таба алмай жатамыз. Жақында Еламан Саясатов деген баламыз Польшада өткен бүкіләлемдік ойындардан Қазақстан қоржынына алтын әкелді. Жарыстан аяғынан жарақат алды. Осы баламызды емделуге шипажайға жіберуге демеушіні әрең таптық. Осындай жағдайлар жиі болып тұрады. Спортшыларымызға өз елімізде құрмет көрсетіп жатса, олардың жеңіске деген ынтасы да одан әрі арта түсер еді.
- Әлем чемпиондарын дайындаған бапкерсіз. Қалаға, республикаға бапкерлік жұмысқа шақыртулар келмеді ме? Ол жақта бала да көп, мүмкіндік те бар.
- Ондай ұсыныстар болды. Бірақ ауылда қаламын деп шештім. Бәріміз ауылдан кетіп қалатын болсақ, бұл жақтың балаларын спортқа кім баулиды? Ал талантты балалар ауылда өте көп. Сондықтан біздің ауылдың жігіттері еңбекті ақтап, биікке шығып жатса, бұдан басқа арман жоқ.
- Доссорда каратэ мен муай-тай сейкциясына қанша бала қатысады?
- 200-дей бала. Бірақ қазіргі жастардың көздерінде от жоқ, қызығушылық бұрынғыдай емес. Интернеттің кері әсері ауылға да жетті. Бұрын балалар спортқа үйлерінен қашып келетін еді, қазір ата-аналарының жетектеуімен келеді. Чемпион болуды көбірек әке-шешелері қалайды. Бір жағынан кішкентай ауылда чемпион дайындау қиындау. Міне осы бала енді результат көрсетеді деп жүргенде ол қалаға көшіп кетеді. Осылай қанша баладан айырылып қалдық. Сөйтіп орнына келген балаға қайтадан басынан үйрету керек болады. Қазір біз, мен, менің ұлым Ислам және тағы бір бапкер Жанаргүл Мархабатқызы бапкерлікпен айналысамыз. Шәкірттерімізге де спортта да, өмірде де сәттілік тілейміз. Ендігі үміт соларда.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ