Маусымда жүргізілген соңғы сауалнама бойынша Барселона тұрғындарын алаңдататын проблема ретінде туризм саласы бірінші орынға шыққан. Тіпті, Барселонада тұрып келе жатқан қаңғыбастар мен жұмыссыздар да дәл осылай жауап берген деп хабарлайды baq.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.
Туризмді дамыту экономиканың тиімді саласы болып саналады. Көптеген елдер туристерді көптеп тартуды көздейді, Қазақстан да оны негізгі басымдық ретінде қарастырып келеді. Алайда, туристік индустриясы жақсы дамыған елдерде туризмнің пайдасынан зияны көп деген көзқарас қалыптаса бастады. Испанияда туризмге қарсы адамдар наразылық акциясына шығып, шетелдік саяхатшыларды қууға әрекеттеніп жатыр. Мұның сыры неде? Туризмнен қандай зиян болуы мүмкін?
Туризмге қарсы наразылық акциясына шыққандардың көп бөлігі Arran Jovent радикалды жастар қозғалысының белсенділері. Олардың айтуынша, туристер Каталония халқын қиын жағдайға қалдырып отыр. Шетелдік саяхатшылардың кесірінен елді қымбатшылық жайлап, жергілікті тұрғындардың тұрмысы қиындап барады.
Каталониядағы радикалды ұйым өкілдерінің бірі туризм саласы жұмысшы табының қайыршылануына алып келеді дейді. «Біз капитализмге қарсымыз. Ол жүйені жоюды қалаймыз. Туристік индустрия болса осы жүйенің бір бөлігі» деп мәлімдеген радикалдар 17 тамызда Сан-Себастьянда Semana Grande (Үлкен апта) атты фестиваль кезінде туристерге қарсы марш өткізбек.
Радикалдар туризмге қарсы наразылық акцияларын вандализм емес, өзін-өзі қорғау шаралары деп отыр. Қозғалыс өкілдері туризмнің қазіргі үлгісі халықты төмен жалақыға жұмыс істеуге және тұрғылықты мекендерінен көшуге мәжбүрлеп отырғанын айтады. Сонымен бірге, азаматтардың өмір сүру салтына нұқсан келтіретін құрылыс нысандарының теңіз жағалауына көптеп салынып жатқанын мәлімдеген. Осы себептермен қозғалыс белсенділері үй қабырғаларына «Туристер, кетіңдер!» деген сөздер жазып, наразылық акцияларын жүргізіп жатыр.
Жергілікті журналистің айтуынша, баспананы жалға алу бағасының қымбаттауы туризмге қарсы наразылықтың басты себебі болып отыр. Барселона орталығынан пәтерді айына 800 евроға жалдауға болады. Ал осы ауданда тұратын жастардың көп бөлігі 1000 евро жалақымен өмір сүреді. Орталықта орналасқан пәтерді жалдауға ақшалары жетпегендіктен оларға қала сыртынан үй іздеуге тура келеді.
Ал жергілікті билік туризм саласы Испания экономикасына қыруар қаржы құйып отырғандықтан, бұрынғыдай туристерді қабылдай беретінін мәлімдеп отыр.
Маусымда жүргізілген соңғы сауалнама бойынша Барселона тұрғындарын алаңдататын проблема ретінде туризм саласы бірінші орынға шыққан. Тіпті, Барселонада тұрып келе жатқан қаңғыбастар мен жұмыссыздар да дәл осылай жауап берген.
Статистикаға сүйенсек, Испанияға былтыр рекордтық көрсеткіште 75,6 млн турист келген, оның 18 миллионы Каталония провинциясына тоқтаған. Ал ағымдағы жылдың алты айының өзінде бұл елге 36 млн шетелдік келіп үлгерген.
Дереккөз: baq.kz