Бейнеулік фермер 60 түйесінің қырылуына атыраулық шөп жеткізушілерді айыптап отыр
Мереке күндерінің қарсаңында Маңғыстау облысының Бейнеу ауданының Сайқұдық учаскесіндегі «Әбен» шаруа қожалығының малдары қырыла бастады. Ол жердің фермерлері атыраулық әріптестерін сапасыз шөп жеткізді деп айыптап отыр.
«Әбен» шаруа қожалығының қожайыны 67 жастағы Әбен ӘБДІРАХМАНОВ«АЖ» тілшісіне былай деп әңгімелеп берді: «15 наурызда ұлым Атыраудан 25 орам шөп сатып алды. Осы шөппен азықтандырғаннан кейін 67 түйенің 56-сы өліп қалды. Ветеринарлар малдың өлекселерін көміп тастады. Астанадан комиссия келіп, анализ жасау үшін өлген малдың тіндерінен және шөптен сынама алып кетті. Әзірге бізге қырылу себебінің қорытындысы белгісіз. Мереке күндері тағы 4 түйе өлді. Тағы 4 түйе ауырып тұр – ештеңе жемейді, тышқақтай берді. Шаруашылықта тек 16 жылқы, бура, іш тастаған інген және ботақандар ғана тірі – олар Атыраудан әкелінген шөпті жеген жоқ. Біз оларды Атыраудан әкелінген шөптен уланған деп есептейміз».
Фермер Ә.Әбдірахмановтың ұлы Ғалымжанның айтуынша, малдарын улайтындай олардың дұшпандары жоқ екен. Ол шөпті Атырау қаласының Кеңөзек селолық округінің Алғабас селосынан өз КамАЗ-ымен алып келіпті. Жол бойында шөпті улап тастауы мүмкін емес көрінеді. Маңғыстау облысында боран салдарынан шөптің бағасының бір орамы 10-11 мың теңгеге дейін шарықтап кеткен. Ал Атырауда бір орамның бағасы 2,5-3,5 мың теңге тұрады.
Ғалымжан шөпті Алғабастан Бауыржан есімді жас жігіттен сатып алғанын айтқан еді. Ол«Алғабас» ЖШС директорының орынбасары Жұмабай ЕМБЕРГЕНОВТІҢ ұлы екенін білдік.
Ж. Ембергеновтің айтуынша, шөпті сатумен оның ұлы айналыспайды. Шөп «Алғабас» ЖШС-не тиесілі. Бұл шөпті өткен жылы телемұнара маңындағы жайылма учаскесінен орып алыпты. Шөптің сапасы туралы ветеринарлық инспекцияның қорытындысы бар көрінеді. «Алғабас» ЖШС-нің шөбін шаруа қожалықтарының көпшілігі сатып алады екен, ешкім шағымданып көрмепті. Бұдан басқа, бұл шөппен «Алғабас» ЖШС-нің бүкіл малы – 50 сиыр мен 20 түйе азықтанады, оларда малдың қырылуы байқалмайды.
«Алғабас» ЖШС жеткізетін шөптің сапасын Атырау қаласының бас ветеринарлық инспекторы Жайжан БАЯМИРОВА растады: «Осы шөптердің ветеринарлық қорытындысы бар, Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталықтың анализдері не көрсететінін күтейік».
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
"АЖ" АНЫҚТАМАСЫ
Бір түйені сойғанда шығатын ет салмағы орташа алғанда 400 кг құрайды. Түйе етінің бөлшек бағасының келісі 1 100 теңге. Осылайша, маңғыстаулық фермердің түйесінің қырылуынан шеккен зияны (жануардың тірі салмағының бағасын қосқанда) 20 млн теңгеден астам ақшаны құрайды.