АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Никки Хейли Солтүстік Кореяның соңғы құрлықаралық баллистикалық зымыран сынағанына қатысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл сессиясын өткізудің "мәні жоғын" мәлімдеді. Хейлидің сөзінше, Солтүстік Корея БҰҰ-ның өзінің ядролық және баллистикалық зымыранға қатысты бағдарламаларына қарсы қарарларын елемей отырған кезде Қауіпсіздік кеңесінің Пхеньянға қарсы қабылдайтын кезекті әлсіз қарары "жағдайды нашарлатпаса, жақсартпайды".
Солтүстік Корея 28 шілдеде АҚШ территориясына дейін ядролық қару алып ұша алатын құрлықаралық баллистикалық зымыран сынағанын хабарлаған.
"Ешқандай әсері болмаса, онда шұғыл жиын өткізудің ешқандай мән-мағынасы болмайды. Іс жүзінде, ол жағдайды шиенелістіргеннен басқа ешнәрсе келтірмейді. Себебі Солтүстік Корея диктаторы мұны халықаралық қауымдастық өзіне қарсы нақты шара қабылдағысы келмейді деп түсінеді" деді Хейли мәлімдемесінде.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бұған дейін Солтүстік Кореяға баллистикалық зымыран мен ядролық технологиясын дамытуына тыйым салатын қарарлар қабылдаған. Бірақ Пхеньян оларды елемей отыр.
Хейли сонымен қатар Солтүстік Кореяның басты одақтасы Қытайды қысымға ала сөйлеп, "Пекин маңызды қадам жасауға дайын, я дайын емесін айқындауы тиіс. Келіссөз жүргізудің уақыты жетті" деп мәлімдеді.
Ал Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ 31 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамппен телефонмен сөйлесіп, Солтүстік Кореяға қарсы ендігі қабылдайтын шаралары жайлы уағдаласқанын мәлімдеді. Бірақ ол Трамппен нақты шаралар жайлы сөйлескенін айтпады.
Дереккөз: Азаттық