Атырау, 27 қараша 12:28
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +4
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Атырауға арналмаған СМГ

4 044 просмотра


«АЖ» оқырманы Елдос ӘЛИЕВ жүздеген басқа атыраулық көлік иелері секілді көрші өңірлерге қарағанда, неліктен Атырауда сұйытылған мұнай газының едәуір қымбат екенін сұрайды.

ӨҢІРЛЕР БОЙЫНША АЙЫРМАШЫЛЫҚ

«Биылғы жылдың наурызында ол бір литр үшін 57-ден 65 теңгеге дейін қымбаттады. Ал, мәселен, Ақтөбе облысында баға күрт өскен кезде өңір басшысы жедел штаб құрып, баға қалыптастыру құрылымымен жете танысып, түпкілікті тұтынушы үшін сұйытылған газдың нақты құнын анықтады. Нәтижесінде баға 25 пайызға – 55-тен 41 теңгеге дейін төмендетілді, - деп жазады Елдос. – Маңғыстау облысында одан да арзан – 35 теңге. Неліктен Атырауда Теңіз кеніші болса да газ қымбат тұрады? Неліктен ол газ құю бекеттерінде бола бермейді?».

Өткен жылы Қазақстанда 2 млн 676 мың 440 тонна сұйытылған мұнай газы (қысқартылып алғанда - СМГ) өндірілді. Оның 1 млн 833 млн-ы экспортқа кетті. «Теңізшевройл» ЖШС ірі өндіруші болып табылады: 1 млн 351 мың тонна өндірілді, ҚР-на 124 966 тонна өткізілді, қалғандары экспортқа кетті. Жалпы көлемнің екінші жартысы кему шамасына қарай Ақтөбе, Павлодар, Маңғыстау, Қызылорда, Орал, Шымкент, Атырау МӨЗ-нің үлесіне (35 572 тонна, бір бөлігі – экспортқа) тиеді.

Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі ай сайын өңірлерге сұйытылған газды жеткізу жоспары бекітілетінін түсіндірді. Мәселен, 2017 жылдың алғашқы төрт айында Атырау облысы үшін лимит 1 500 тоннаны, мамырда одан да көп – 1 800 тоннаны құрады.

ЕСЕПСІЗ ҚОСЫЛМАЙДЫ

Атырау облыстық энергетика және ТКШ басқармасында жыл бойынша өсімді атап өтті: 2012 жылы лимит айына 250 тоннаны құрады, 2013 жылы – 500, 2014 жылы – 1000, 2015-16 жылдары – 1200. Бұл «газдендірілген» көліктердің кең таралуына тікелей байланысты. ІІД ӘПБ мәліметтері бойынша, 2014 жылы мұндайлар 506, 2015 жылы – 2606, 2016 жылы – 4 мың болған. Ал бұл жолы 7,5 мыңдай газ қолданатын автокөлік тіркелді. Энергетика басқармасындағылар іс жүзінде 10 мыңнан астам екенін, бірақ көлік иелерінің бәрі бірдей ресми түрде газ-баллон жабдығын орнатқанын ресімдей бермейтінін растайды. Газ құю бекеттерінде оның тапшы  болу себебі осы. «Өз көліктерін қайта жабдықтаған көлік иелері енгізілген өзгерістерді тіркеуі тиіс. Тек осы жағдайда ғана облыс үшін лимиттің көбеюіне үміттене аламыз», - делінген редакция сауалына энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Асан НҰРҒАЛИЕВТЫҢ қолы қойылған жауапта.

КІМ КІМГЕ ЖӘНЕ ҚАНШАДАН?

Бағалар туралы талдап көрейік. Ішкі нарыққа жеткізумен газ желісі компаниялары айналысады. Атырау облысында олар аккредиттелген үшеу – «СМГ сақтау паркі» ЖШС, «Жылыойгазсервис» ЖШС және «Алпамыс Атырау» ЖШС. Олар алған газ 18 оператордың 46 газ құю станциясына, сондай-ақ, бөлшек бағамен кәсіпорындар мен тұрғындар үшін газ баллондарымен өткізіледі. АМӨЗ өндіретін сұйытылған газды өткізуші «СМГ сақтау паркі» болып табылады. Биылғы жылдың мамырында ол облыстың ішкі нарығында 1502 тоннаны өткізді, оның 1490-ы – газ құю станциясының операторларына, бүкіл газ құю бекеттеріне шамамен тең мөлшерде.

Сұйытылған газдың шекті көтерме бағасын бүкіл ел үшін ҚР Энергетика министрлігі бекітеді. Қазір бір тоннасы 28 мың теңгені (ҚҚС-сыз) құрайды. Оны осы баға бойынша газ желісі компанияларынан сатып алады. Содан соң газ құю станцияларының операторларына сатады. Әрине, әр өңірдегі жергілікті монополияға қарсы қызмет бекіткен үстемемен. Өткен жылдың тамызында Атырау ТМРАД «Сақтау паркіне» бір тоннасын 47 077 теңгеге бекітті.

«Литрмен қайта есептегенде біз босататын сұйытылған газ бағасының бір литрі 28 теңге», - деп түсіндірді өз жауабында «СМГ сақтау паркі» ЖШС директоры Нұрқанат РЕТАЕВ.

БАҒАЛАР МЕН ЛИМИТТЕР

Бұдан бұрын айтылғандай, газ литрінің орташа құны Атырау газ құю бекеттерінде 65 теңге тұрады. Бұл Ақтау мен Ақтөбеге қарағанда анағұрлым жоғары. Неліктен?

«Жайық Газ» ЖШС (Атырау облысындағы газ құю станциялары операторларының бірі) директорының орынбасары Мирас ЕРУБАЕВТЫҢ пікірі мынадай:

- 65 теңгенарықпен қабылданған қалыпты баға, ол бүкіл өңірлерде дерлік бірдей. Маңғыстауда 35-43, Ақтөбеде – 45 теңге болуы – жергілікті биліктің араласу нәтижесі. Ол жерде өзіндік құн бойынша өткізіліп жатыр деуге болады. Үнемі тапшылық туындайды. Ал жалпы министрлік бекіткен лимиттер өңірлер үшін өте аз. Атырау үшін 1500 тонна не болады? Біздің кәсіпорынды мысалға алып көрейік. Ай сайын біз «Сақтау паркінен» АМӨЗ өндіретін 250 тонна газ сатып аламыз. Бұл облысқа бөлінетін көлемнен сатып алатын ең көп мөлшер. Ал біз газ құю станциялары арқылы түпкілікті тұтынушыға айына 1100 тонна өткіземіз. «Газ» автокөлігі тұрып қалмас үшін бізге басқа өңірлерден коммерциялық баға бойынша сатып алуға тура келеді. Негізінен Маңғыстау облысынан өте жоғары бағамен – бір тоннасын 70 мың теңгеге сатып аламыз. Оған жеткізу, сақтау шығындарын қосыңыз. Өткен жылы тарифті есептедік, бізде бөлшек баға бір литр үшін 75 теңге деңгейінде болды. Қазір СМГ бөлшек бағалары мемлекет тарапынан реттелмейтіндіктен біз бағаны 65 теңге шегінде ұстап тұру үшін кәсіпорынды жаңғыртуға қарастырылған кіріс бөлігімізді азайтып отырмыз.

- Неліктен Атыраудан емес, Маңғыстаудан сатып аласыздар?

- Теориялық тұрғыда осы жерден де алуға болар еді, бұған қуанар едік. Бірақ, Атырау газы Маңғыстау газына қарағанда қымбат тұрады. Ол анағұрлым ауыр және оны өңдеу күрделілеу.

Қисынсыз көрініс пайда болды: тіпті газ толы өңірлерде ол қымбат, ал орталықтандырылған лимиттер жетіспейді. Орталықтандыруды жойған жақсы емес пе? Жоқ, жақсы емес, деп есептейді Энергетика министрлігіндегілер. Өйткені, лимиттерді жою ішкі нарықтағы газдың тапшылығына әкелуі мүмкін: бәрі экспортқа кетеді. Мәселен, 2016 жылдың желтоқсанында РФ-да сұйытылған газдың бір тоннасы 140 мың теңге, Тәжікстанда 104 мың теңге тұрды және т.б.

 ГАЗДЫ СҮЗГІДЕН ӨТКІЗ

Атыраулық көлік иелері сұйытылған газдың сапасына риза емес.

- Сүзгілер тез бітеліп қалады, оларды жиі ауыстыруға тура келеді, - дейді олардың бірі. – Мен, мәселен, екі айда бір рет тұрақты ауыстырып тұрамын. Бұл орташа алғанда 1500 теңге. Сондай-ақ, әлсін-әлі редукторды тазалап тұруға тура келеді. Ол 5 мың теңгені құрайды. Ал оны ауыстыру 25 мың теңгеге шығады.

«Лас» газ үшін облыстық энергетика және ТКШ басқармасына шағымдануға болатынын білдім. Бірдей мәселе бойынша 10-нан астам тұтынушының құқықтарының бұзылғаны анықталса, олар өз кезегінде, «тұтынушылардың белгісіз тобының» құқығын қорғау үшін сотқа  жүгінуге құқылы. 

Тамара СУХОМЛИНОВА 

15 маусым 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.