Сабыр ҚАЙЫРХАНОВТЫҢ 2014 жылы «Ақ Жайық» баспаханасында жарық көрген «Синхро» кітабы (электронды нұсқасын біздің сайттан табуға болады) өз әдеби өмірімен тіршілік етеді. Жақында мен theStepp сайтынан бұл романға жазылған қызықты сыни пікірді кездестірдім.
Сөйтсек, бізде бұл жанрға қызықты сындар айтылады екен, нақтырақ айтқанда, сын-пікір берушілер бар болып шықты. Яғни, Қазақстанда осындай әдебиет бар, тіпті дамуда. 5 автор пікір жазған екен, бірақ маған, әсіресе, жазушы әрі әдеби сыншы Александр ЛЕВИННІҢ «Синхро» туралы пікірі қызықты болды. Ол романға былайша баға береді:
«Speculative fiction – оқиғалары шынайы емес, ойдан шығарылған әлемде орын алатын жанрлар тобына арналған жалпылама атау. Мұндай кітаптардың сюжеттерін фэнтези, хорроу немесе ғылыми фантастика жанрына жатқызуға болмайды. Бұл классикалық жанрлық дефиницияға сыймайтын хикая. Сабыр Қайырхановтың «Синхро» романы осындай.
Синхро – Семей ядролық полигонының аумағында кезіп жүрген, «Пикник на обочине» повесіндегі Аймаққа ұқсайтын құпия өріс. Бұл нәрсе (мұның шешуіне қатты таң қаласыз) адамдардың санасына кіріп, ақырын ғана тек оларды емес, төңіректегі үйреншікті дүниені де өзгертеді. Құпияны кездейсоқ білген романдағы басты кейіпкерлер – екі досқа өздерін және өз жақындарын ессіздіктен құтқару үшін көп күш пен батылдық қажет болады. Олар басқа дүниенің есігін тауып алады. Ал бұл есіктер ашылмауы тиіс болатын.
«Синхро» – бұл детектив, тылсым және фантастиканы қамтитын шығарма. Автор тарихи зардап салдарын өте сақтықпен зерделейді.
Бұл біз әлі бастан өткеріп көрмеген нағыз трагедия. Әлдебір нақты аумақта, тұтас халықтың санасында орын алған сұмдық катастрофа. Бұл халық оны түсіну үшін ештеңе жасамайды. Ал біздің түсінбейтін нәрседен қорқатынымыз белгілі. Романдағы ақиқаттың өзгеруі - қарауға қорқынышты қисық айна секілді.
Кейіпкерлер өздерін құрбандыққа шалады. Тарих өзін құрбандыққа шалады. Халық өзін құрбандыққа шалады. Ал бұдан не пайда? Бұл романдағы ең сорақысы осы – мағынасыздықтың қажеттілігі. Автор әдепке үйретуден және айыптаудан аулақ. Бұл жай ғана айтылуы тиіс хикая».
Осынау едәуір толық пікірге қарамастан, оның авторына әдебиетші ретінде бірнеше сұрағым болды. Бұл сұрақтарды осы кезге дейін ешкімге қоя алмадым. Өйткені, әзірге Қайырхановтан басқа жазушылармен таныс емес едім. Алайда Левин туралы білген соң, бұл мүмкіндікті жібермедім. Александр маған сыпайылықпен жауап берді.
- Сіз өз шолуыңызда «Синхроны» фантастикаға жатқыздыңыз, ал қазақстандық жазушы Юрий Серебрянский, мәселен, оның жанрын «метафизикалық реализм» деп атады. Қалай дегенмен де, бұл таза фантастика емес. Бірақ екінші жағынан, аномальды өрісте ағзаларды синхрондау идеясы ғылыми тұрғыға негізделген. Кенеттен құпия ұшақжайдан (ангар) Мамай батыр мен басқа жауынгерлердің әруақтары пайда болып, олар синхро өрісін кеңейтудің арнайы операциясын жүзеге асыра бастайды. жанрлардың бұлайша батыл араласуы сізді абыржытпады ма?
- Алдымен фантастика деген не екенін және ондағы «ғылыми тұрғының» болуы маңызды ма, осыны түсініп алайық. Ойдан шығармай-ақ, Стругацкийден үзінді келтірейін: «Біз үшін фантастика – ең алдымен фантастикалық емес нәрселер – тағдыр, адамдар, қайғы, жеккөрініш, мейірімділік, бақыт, тарих, билік, өлім туралы баяндау үшін қолданылатын көркемдік тәсіл. Біздің сүйікті фантастикамыз – бұл Ғажайыпқа толы шынайы әлем. Осыны негізге алыңыз». Қане, ендеше, осыны негізге алайық. «Дұрыс» ғарыш кемелері кітапты нағыз фантастика қыла алмайды. Күн сайын кітап сөрелерінде екі жүздей дауылпаз секілді іші бос ғарыш кемелері туралы кітаптар пайда болады.
Кітапта фантастикалық желі бар ма? Бар. Ол рационалды ма, иррационалды ма, бұл автордың таңдауы. «Синхроға» қандай жанрлық анықтама берсек те, бұл романды спекулятивтік фикшн немесе метафизикалық реализм деп атасақ та, ол айтылуы керек, өмірінде ғажайып орын алған адамдардың хикаясы болып қалады. Жанрлардың араласуына келер болсақ, егер сіз, мәселен, «Хроники Амбера» деген кітапты оқыған болсаңыз, мұнда әлдебір түбегейлі батылдық жоқ.
- Сіздің сыни пікіріңізден «мағынасыз құрбандықтар» туралы айтылған жолдар есімде қалыпты. Ол жерде іс жүзінде кейіпкерлер бірінен кейін бірі өле береді және ешкімді жеңбейді. Полигон - күресу еш мағына бермейтін күш деген анықтамаға сай келеді. Бұл күресуге, тіпті, полигон әкелген зұлымдықтың ауқымын зерделеуге дайын емес тарихи сәтте қазақтардың санасына енген ХХ ғасыр кезеңі. Ал жарылысқа дейін аштық, соғыс... болған еді. Батырлар өткен тарихта, эпостарда қалған. Шамасы, қазақ санасы тарихқа, аңызға сүйенетін шығар, өйткені шынайы дүниеден сүйеніш, тірек таба алмайды. Синхрода Мамай батырдың, ата-бабалардың әруақтары тылсым күшпен зертханадағы әскерилер мен ғалымдардың көзін жояды. Ал бұл жеңіс емес. Бұл қазақ санасы өзінен, ең болмағанда өзінің өткенінен табуы тиіс рухани күштің бар екенін еске салу. Жалпы, шынайы күресу мүмкін емес, бірақ мифология мен тылсымға сүйеніп, қиялға берілуге болады. Шығарманың соңында сынақ үшін жабылып, тоқтау салынған полигон екінші басты кейіпкерді өлтіреді (Глубокий ұңғымасындағы газдың жарылуы). КСРО-ның әскери империясының күш-қуатының, болашағының, тарихының алдында ұлттық рухқа сүйену дәрменсіз әрекет секілді көрінбей ме?
- Бұл ұлттық рухқа сүйену әрекеті емес, меніңше, жаңа заман тарихына өте қажетті рефлексия. Ал фикшн – бұл өзіндік, жеке, халықтың психотерапиясы. Адамдар ойлауды үйренген сәттен бастап үрейді аңызға айналдырады, қиялдайды. «Синхродағы» Мамай – бұл сол иррационалды ғажайып, Семей төңірегіндегі проблемаларды баяндау тәсілі.
- Романды қазақтың қиял-ғажайыбы деп - орыс тілді қазақстандық емес, жан-дүниесі бойынша, автордың ақыл-ой жүйесі бойынша, идеялар кешені мен бейнелер бойынша қазақи ғажайып деп атауға бола ма?
- Болады, бірақ қажет емес. Неліктен дейсіз бе? Өзіміздің ұғымды әдеби мәнмәтініміз жоқ кезде, бұлай бөлінудің қажеті қанша? «Синхро» - керемет роман, танымал материалмен маңызды мәселелерді көтеретін жақсы жазылған кітап. Осылай болу керек.
- Роман соңында (Үкітайдың өлімі) көңілге қонымды. Бірақ, финалдан кейінгі бөлім (финалдан кейінгі финалда кейіпкерлердің полигон болмаған өмірдегі баламалы хикаясы көрсетілген) маған «полигон болмағанда, бәрі қандай керемет болар еді» деген автордың шегінісі секілді көрінді. Сіз қалай ойлайсыз?
- Алдымен: спойлер алерт. Екеуміздің әңгімемізді оқыған адамға, тіпті, кітапты ашпай-ақ қоюына болады, сарай қызметшілерінің бәрі қанішерлер. Ал баламалы соңына келер болсақ, шегініс пе, жоқ па, білмеймін. Бәлкім, жағымсыз сарында аяқтағысы келмеген шығар. Бәлкім, біреулерге осындай әдіс ұнамды шығар, бірақ мен өзім сізбен келісемін. Бұл даулы көрінеді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА