Тұтастай алғанда, ел бойынша 167 140 сайлау учаскесі ашылды. Түріктің Ыстанбұл, Измир, Анкара, Анталия сияқты негізгі мегаполистерінің тұрғындары елдің басты құжатына өзгеріс енгізуге қарсы дауыс берді. 13 өңірде Түркия Конституциясын өзгертуге қолдау білдірілді. Конституцияға ұсынылған өзгертулерде басқарудың президенттік формасына өтуді іске асыратын нормалар қарастырылған. Парламент депутаттары санын 550-ден 600-ге дейін көбейту, ал парламентке сайлану үшін жас шегін 25-тен 18 жасқа дейін төмендету ұсынылған. Түркияның Ұлы ұлттық мәжілісінің (парламент) сайлауы және президент сайлауы бес жылда бір рет және бір күні өткізіледі.
Белгілі түрік саясаттанушысы, Орталық Азия бойынша сарапшы Кюршада Зорлудың айтуынша, Түркияда биылғы жылдың қараша немесе желтоқсан айында мерзімінен бұрын сайлау өткізілуі мүмкін.
«Дауыстардың көпшілігі саналды. Нәтижесінде 51% «ИӘ» депжәне 49 % «ЖОҚ» деп дауыс берді. Бұл нәтиже құқықтық жағынан Түркиядағы саяси және атқарушы билік жүйесінде алда өзгерістер болатынын білдіреді. Бірнеше террористік ұйыммен күрес жүргізіліп жатқан маңызды кезеңде бұл өзгерістер мемлекет дамуына айтарлықтай әсерін тигізбек. Алайда, бастапқы кезеңде өткізілген референдумның саяси легитимділігі туралы пікірталастар басталуы мүмкін. Өз басым Конституцияны өзгертуге қарсылар дауыстарды санау жүйесіне қысым көрсететініне сенімдімін, өйткені көптеген бюллетеньдер тиісті мөрсіз шығарылған. Мұндай Түркиядағы сайлауда алғаш рет қолданылып отыр».
Саясаттанушының пікірінше, бүгінгі билік жүйесін өзгерту үшін жақтаушылар саны көбірек болу керек, яғни «Қолдаймын» деген сайлаушылар үлесі 65 %-дан кем болмауы қажет. Кюршад Зорлу әлеуметтік келісімге тек көпшіліктің қолдауымен ғана қол жеткізуге болады деп есептейді.
«Алдағы екі жылда Түркияны бірнеше сайлау күтіп тұрғанына сенімдімін. Өз партиясымен байланысын күшейткісі келетін Эрдоған парламенттегі Әділдік Партиясы кадрларын жаңартуды көздейді», - деп атап өтті сарапшы.
Дереккөз: ҚазАқпарат