Атырау, 27 қараша 18:06
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Жергілікті уақытпен шақырылған жиында министр Астана уақытымен баяндама жасады

4 290 просмотра

Ерлан САҒАДИЕВ
Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ 11 сәуір күні Атырауға неге келді және журналистерге неліктен оның жергілікті педагогтар алдында сөйлеген сөзін тыңдауға екі рет мүмкіндік берілмеді?

Бұл сұрақ, шамасы, жауапсыз қалатын шығар. Іссапар алдында облыстық ішкі саясат басқармасының жергілікті БАҚ-тарға жолдаған хатында кездесу орны мен уақыты: «Атырау» мәдениет орталығы, сағат 11.00» деп айқын көрсетілген. Айтылған уақытта барған кезде журналистер министрдің өз баяндамасын оқып жатқанына бір сағат болғанын білді. Кестенің өзгергені туралы тек жергілікті теледидарға ғана хабардар етілген, онда да түсініксіз жолдармен:

- Біздің басшылыққа бұл туралы вотсап арқылы әлдебір топта хабарлапты, - деп әңгімеледі әріптесіміз.

Облыстық білім беру басқармасының өкілдері шақыртуларды ішкі саясат басқармасының таратқандығына сілтеді. Ал олар, өз кезегінде, өзгерістер жөнінде бейхабар болғандарын кейінірек телефон арқылы мәлімдеді.  

Біз анықтай алған жайттар осы ғана. Бес минуттан кейін министрдің баяндамасы аяқталды. Ол сахнаға қойылған үстелге отырып, педагогтардан өз сұрақтарын қоюларын өтінді. Реакцияларын күтпестен, мұғалімдерге еңбекақы есептеудің жаңа жүйесі туралы әңгімелей бастаған кезде залға енді ғана кіріп жатқан журналистерді әй-шайға қарамастан шығара бастады. 

Облыстық басқарма өкілдері көздерімен ишара етіп, бізге қолдарын бұлғап, тіпті, күзеттің есіне салды. Еш түсінік алмай біздің залдан кетпейтінімізді түсінген облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле САЙЛАУОВА:

- Жиналыстың бір сағат бұрын басталатынын біздің өзіміз де күтпеген едік. Қатты уайымдадық, өйткені бастапқыда зал толы емес еді. Журналистерге келер болсақ – министрдің нұсқауы осындай болды. Ол сіздердің тек жалпы бөлімге ғана қатыса алатындарыңызды айтты. Содан кейін біздің ішкі жұмыстарға қатысты мәселелер басталғанда баспасөз кетуге тиіс болды, - деді.

Нұрсәуле САЙЛАУОВА
Министрдің нөкерлерінің бірі - пысық жас жігіт бүкіл сұрақтарды баспасөздің Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл ЖОНТАЕВА мен Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан ӘЛІМҚҰЛОВҚА қоя алатындығын, оларды қазір фойеге шақыратынын айтты. Бір сағат айырмашылыққа қатысты журналистердің наразылығын ол «біз астаналық уақытпен бастадық» деген үйлесімсіз әзілмен жуып-шаймақ болды.

«ТАҢДАУ ЖОҚ, БІРАҚ ТАҢДАУ БОЛАДЫ!»

Фойеде Жаңыл Жонтаева 2019 жылдан бастап мектепке дейінгі топтарда балалардың әріптерді «Әліппенің» көмегімен тани бастайтындығын хабарлады. Қазір қазақ мектептерінің бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу», орыс мектептерінде – «Обучение грамоте» оқулықтарын пайдаланады. Ал 2019 жылдан бастап бірінші сыныпта «Ана тілі» мен «Русский язык» пәндері болады.

- «Балапан» бағдарламасының арқасында 2015 жылы елімізде 8 884 балабақша жұмыс істеді, яғни, біз 80-ші жылдардың деңгейіне жеттік. 2016-2019 жылдары білімді дамыту бағдарламасы бойынша балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамтуға қол жеткізу міндеті тұр. Бүгінде бірінші сыныптарда балабақшаға бармаған балалар көп. Оларға қиын. Біреулері оқып-жаза алса, енді біреулері оны білмейді. Біздің мақсатымыз – олардың білімін теңестіріп, бірінші сыныптықтарды білім алуды бірыңғай бастауға бағыттау. Ол үшін қазір бірыңғай бағдарлама әзірленуде. Бұдан басқа, 3-4 айдан бері Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және ақпараттық технология министрлігімен бірге «Автоматтандыру, есепке қою және жолдамалар беру» деген үлкен жобамен жұмыс жасап жатырмыз, - дейді Ж.Жонтаева. Ол атап өткен екінші маңызды жайт – балабақшаларды жан басына қаржыландыру. Яғни, ақшалар бұрынғыша мектепке дейінгі мекемелерге жіберіліп қана қоймай, әр балаға жетуі тиіс. Жобаны әзірлеушілердің пікірінше, бұл осы саладағы бәсекелес ортаны құруға мүмкіндік береді және білім беру қызметінің сапасын арттыруға ынталандырады.

Рамазан ӘЛІМҚҰЛОВ
Атырау облысында балабақшалардың тапшылығы, топтарда балалардың лық толуы, тәрбиешілердің жетіспеуі, жеке балабақша қызметтерінің қымбат болуы тұрғысында – бәсекелес ортаны құруға байланысты бұл жоспарлар маған «біз туралы емес» секілді көрінді.

- Бүгінгі күннің ахуалын 80-ші жылдармен салыстыруға бола ма? Содан бері қарай тұрғындар саны өсті ғой. Ал біздің облысымызда таңдау мәселесі мүлдем туындамайды. Адамдар баласын қаланың бір шетінен екінші шетіне апаруға әзір, тек балабақшадан орын бөлінсе болғаны. Осыған комментарий берсеңіз.

- Қалай болғанда да таңдау болады. Балалар мектепке көшкен кезде орындар босайды. Ел тұрғындары көбейді, бірақ бізде жеке балабақшалар көп. Біз жеке балабақшаларға санитарлық нормалар тұрғысында бірқатар жеңілдіктер әкелетін үлкен нормативтік актіні әзірлеудеміз.

- Біздің жеке балабақшалар «Балапан» бағдарламасына қатысуға ниет білдіріп отырған жоқ. Олардың онсыз да клиенттері жеткілікті.

- Барлық балабақша бірыңғай білім беру бағдарламасымен жұмыс жасайтын болады. Қаржыландыру да осыған байланысты болады ғой. Жеке балабақшалар қосымша қызметтер көрсетіп, жақсартылған тамақ береді, осының есебінен олардың қызметі қымбат болуы мүмкін. Оларды белсенді қылып, ынталандыру керек.

Бірақ, мұны қалай жасауға болатынын Жаңыл Жонтаева айта алмады. Оны кері залға шақырып алды.

ЕКІ НҰСҚА ТЕГІН, ОДАН КӨП БОЛСА - АҚЫЛЫ

Жонтаеваның орнына Рамазан Аманқұлов келді. Ол жаңа ҰБТ форматы туралы әңгімелеп берді. Бұл шын мәнінде бұрынғы – мектептегі бітіру және жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын тапсыру жүйесінің қайта түрленуі. Аманқұловтың пікірінше, бұл анағұрлым қолайлы және мектеп түлектері үшін, тіпті, тиімді де. Мәселен, бұрын олар 120 сұраққа жауап беруге тиіс болатын. Мұнда орыс мектебінде қазақ тілінен және қазақ мектебінде орыс тілінен баллдар тек аттестатқа енгізіліп, жоғары оқу орнына түсер кезде есептелмеді. Жоғары оқу орнына түсу үшін талапкер максималды балдың жартысын: 100-дің 50-уін  жинауға тиіс болды. Сол жылдары сұрақтар саны 140-қа дейін көбейіп, өту балы бұрынғыша 50 болып қалды. Яғни, оң нәтиже алу үшін 140 балдың 50-уін жинау керек болды, демек, мүмкіндіктер көбейді.

Өткен жылдары бітіруші сыныптарда ҰБТ-ға дайындалуға қаншама уақыт бөлінгені есіме түсіп, қазір мектептерде сынама тестілеу өткізіле ме деп сұрадым.

- Түлектердің өздерін тексеруге мүмкіндіктері бар. Желтоқсанда біз сайтымызға тестілеудің тегін 2 нұсқасын іліп қойдық. Егер оқушы нұсқалар санын көбейткілері келсе, онда мұны ақылы негізде жасай алады. Онлайн-нұсқасы 260 теңге тұрады, өңірлердегі Орталық филиалдарынан алуға болатын сұрақтар кітапшасы 351 теңге тұрады. Сол бойда жауаптар бланктерін тексеріп, қанша балл жинағанын білуге болады. Бұрын ҰБТ қорытындылары мектептер рейтингісіне әсер ететін. Енді тікелей тәуелділік жоқ. Демек, түлектер, егер қажет деп есептейтін болса, сынама тестілеуден өтуге өздері жұмыстануы тиіс, – дейді Рамазан Аманқұлов.

Естеріңізге салсақ, мектептердегі қорытынды аттестация 29 мамыр мен 9 маусым аралығында, ал ұлттық тестілеу – 20 маусым мен 1 шілдеде өтеді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН

12 сәуір 2017, 17:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.