Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының қапырық кабинеттердегі емес, судағы жұмысын көптен бері өз көзіммен көрсем дейтінмін. Сондықтан иснпекторлар браконьерлік ау құралдарын сүзуге тікелей қатысушылар ретінде журналистерді шақырғанда мұндай мүмкіндікті жібере алмадым.
Таңертең ертемен Балықшы көпіріне келуге ерінбеген азғана әріптестерді жүзу катерлеріне отырғызып, теңіз жаққа немесе балықшылар айтқандай, ағыс бойымен төмен қарай алып кетті.
Бірнеше жүздеген метр қашықтықты жүріп өткен соң тез жүретін катерлер біресе солға, біресе оңға қарай маневр жасай бастады. Сол жердегілердің бірі тралдау жұмыстарының басталғанын айтпағанда, маған не болып жатқаны түсініксіз еді. Дұрыстап қарау үшін жоғарыға шығып, қызықты (мен үшін сондай болатын) процесті бақылай бастадым. Фотоаппаратымды да іске қостым, сол күні көп суретке түсіріппін.
Бәрі шамамен былайша көрініс тапты: катердің тұмсық жағында екі инспектор тұрды; бірі бағыттаушы әрі бақылаушы болып тұр: заңсыз керме ауды көрсе, рөл бұрушыға бірден маршрутты көрсетеді. Екіншісі аулау құралын ұзын темір ілмекпен іліп алып, содан соң пышақпен бекітілген жерін кесіп тастап, торды балықтар мен шаяндардан тазартып жатқан кеменің артқы жағына алып кетеді. Көбінесе ер адамдар міндеттерін бөліспейді, командамен, жұмыла жұмыс істейді. Қысқа үзілістен кейін тәркіленген браконьерлік ау құралдарының әрі қарай тергеу жүргізу үшін су полициясына берілетінін, ал ауланған балықтың келісімшарт бойынша сату үшін кәсіпшілік шаруашылықтарға тапсырылатынын білдім. Түскен ақша мемлекет кірісіне кетеді. Заң бұзушыларды қылмыс үстінде өте сирек ұстайды. Егер мұндай жағдай орын алса, онда сол жерде хаттама толтырылады.
Құрлықтан инспекторлардың жұмыстарына белгісіз адамдар, жеке-дара және топ болып жақтырмай бақылаумен болды. Бұлардың жай ерігіп жүрген адамдар болуы екіталай. Балық қорғау инспекторларының айтуынша, көбінесе бұлар күн сайын судан шығаратын олжаның қожайындары болып келеді екен: «Ауысымда 15-20 ау құралын алып тастаймыз, ал браконьерлер оларды қайта салып тастайды. Ау құралдары да арзан емес қой, бір данасы жиырма мыңнан. Кейде одан да жоғары».
Бірақ Жайықта тек браконьерлер ғана емес, заңды балық аулау артельдерінің балықшылары да еңбектенеді. Бірер сәт есімде қалып қойды: біріншісі – бұл судан үлкен ауларды тартып шығарып жатқан арнайы жасақтың сарбаздары секілді бетперде киген жігіттер, екіншісі - құлаған ұшақтай суға шүйліккен, содан соң ащы дауыспен олжалары үшін өзара тартысқан арсыз шағалалар. Кері қайтар жолда жағалаудан астау секілді нәрсені судан асығыс шығарып алып бара жатқан орта жастардағы еркек пен әйелді байқадым. Инспекторлар мұның қолдан жасалған жүзу құралы екенін, оның өзенге браконьерлік ауларды құру үшін ғана қолданылатынын айтты.
Сол күні тек осы ерлі-зайыптылар ғана көзіме түспеді. Уақыт өте тозығы шыққан балықшының үйін, қайықтарды, әлдене үшін жарақталған шатырларды, шіріген пирсті, әр жерде пластиктер мен ескі торларға, қоқысқа толған жағалауларды көрдім. Су ішінде кеуіп ісініп кеткен сиыр өлексесі де жатыр. Қалай тырыссам да сол күні бұл көріністі ойымнан шығара алмадым. Ол «Атырау – балық өлкесі» деген қалыптасқан сөз тіркесіне еш үйлеспейтін еді.
Марат ТАКУЛИН
Суретті және бейнежазбаны түсірген автор