Мәскеу Батыс Иерусалимді Израильдің болашақтағы астанасы, ал қаланың шығыс бөлігін болашақ Палестина мемлекетінің астанасы ретінде көретінін мәлімдеді. Тель-Авив Мәскеудің бұл шешімін "күтпеген, бұрын-соңды болмаған және қызық" шешім деп атады. Ресей сыртқы істер министрлігінің 6 сәуірде жариялаған мәлімдемесі Мәскеу саясатындағы алға қарай кәдімгідей ілгерілеу сияқты көрінеді. Бұған дейін Мәскеу қала халықааралық бақылауда болуы тиіс деп келген.
СІМ мәлімдемесінде "Біз БҰҰ-ның Шығыс Иерусалимге болашақ Палестина мемлекетінің астанасы ретінде мәртебе беріп, дағдарысты реттеу шешімін қолдайтынымызды білдіреміз. Сонымен қатар бұл мәселеде Батыс Иерусалимді Израильдің астанасы ретінде көреміз" делінген. Палестиналықтар тұтас қаланы өзінің болашақ астанасы деп санайды. Израиль қаланың шығыс бөлігін аннексиялап алып, оны өзінің астанасы етіп жариялаған. Бірақ оны халықаралық қауымдастық мойындамайды.
1948 жылы жасалған жоспар бойынша, Иерусалим БҰҰ басшылық ететін "халықаралық арнайы режимнің" юрисдикциясына өтуі тиіс болған. 1955 жылы АҚШ конгресі АҚШ елшілігін Иерусалимге көшіру туралы акт қабылдап, қаланы Израильдің астанасы ретінде іс жүзінде мойындаған еді. Бірақ заң жобасы күшіне енген жоқ. АҚШ-тың бұрынғы президенттері Билл Клинтон, Джордж Буш және Барак Обама қаланы Израильдің астанасы деп мойындамады және конгресс мақұлдаған акт атқарушы билік тармағының сыртқы саясаттағы құзыретін бұзады деп мәлімдеді.
Дереккөз: Азаттық