3 сәуірден бастап қалалық жұмыспен қамту орталығы таңертеңгі сағат 9-дан түнгі сағат 24.00-ге дейін аптасына 6 күн жұмыс жасайтын болады. Мұның бәрі - әлеуметтік-экономикалық мәртебесі жоқ қала тұрғындары тегін медициналық әлеуметтік сақтандыруға үміткер бола ала ма, әлде бола алмай ма, осыны анықтап білу үшін жасалып отыр.
Естеріңізге салсақ, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң күшіне енеді. Мұнда медициналық сақтандыруды мемлекет төлейтін азаматтар санаты белгіленген («Міндетті медициналық сақтандыру: кім төлейді?»). Бұлар зейнеткерлер, студенттер, мектеп оқушылары, мүгедектер, үйде 3 жасқа дейінгі бала күтімімен отырған әйелдер, жұмыспен қамту орталықтарына тіркелген жұмыссыздар және т.б. Басқалары үшін жұмыс берушілер төлейді немесе олардың өздері қорға жарна салады.
- Бүгінде көпшілігіне белгілі бір табыс келіп тұрады. Жалға баспана береді, жеке тасымалдаумен айналысады, бірақ, салық органдарынан тіркеуден өтпейді. Немесе шағын жеке кәсіпкерлікте жұмыс жасап, конвертке салынған «сұр» жалақыны алып отырады. Жұмыс беруші олар үшін ешқандай жарна төлемейді, - дейді жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлнар ҚҰСПАНОВА. – Мұндай адамдар қандай санатқа жатады? Жұмыс жасайтын ба? Бірақ, олардың зейнетақы жарналары жоқ. Жұмыссыздарға ма? Бірақ, олардың табыстары бар. Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға ма? Олардың мәртебесін анықтау үшін және ертеңгі күні олар медициналық сақтандырусыз қалмас үшін мобильдік топтар құрдық.
Олар тоғыз ауылдық округтердегі жергілікті әкімдік ғимараттарында, ал қалада – үш Халыққа қызмет көрсету орталығында, Авангардтағы жұмыспен қамту орталығының ғимаратында, ірі сауда орталықтарында орналасатын болады. Мобильдік топтар сағат 9-дан 18-ге дейін аптасына бес күн жұмыс жасайды. Осылайша қалалық жұмыспен қамту орталығы жұмысты сәуірде бастаса, заң күшіне енген кезде жазда дүрлігіс болмайды деп үміттенеді.
Мобильдік топқа қатысушылар Атырау тұрғындарының қаперіне нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлік туралы жаңа мемлекеттік бағдарламаның негізгі ережесін, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңды түсіндіреді, әлеуметтік қорғау саласындағы жаңалықтар туралы әңгімелейді, әлеуметтік осал отбасыларды анықтайды. Олар сонымен қатар, әлі жұмыспен қамту органдарына тіркелмеген жұмыссыздарды анықтайды, оларға жұмыспен орналасуға көмектеді немесе оқыту курстарына жібереді. 9-шы және 11-ші сынып түлектеріне ерекше көңіл бөлінеді.
- Біз халық санағы секілді жүргізуді мақсат етіп қоймаймыз, біз қаламыздағы әр тұрғынның 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін өзінің әлеуметтік-экономикалық мәртебесін анықтап алғанын қалаймыз. Өз емі үшін кімнің өзі төлейтінін, ал мемлекеттің кімге төлейтінін анықтау үшін біз мобильді топтар құрдық, - дейді Г.Құспанова.
- Бірақ бізде адамдардың сіздерге ұсынатын мәліметтерін қайта тексеруге мүмкіндік жоқ қой. Ендеше бұл мәртебелерді берудің қандай мәнісі бар?
- Бәлкім, біреулер сақтандыру алу үшін есепке тұруға үміттеніп, жұмыссызбын деп айтып, бірақ таксиші болуды жалғастыра беретін шығар. Бірақ, бұлай болмайды. Орталық мамандары оған жұмыс ұсынады. Әрине, табысы немесе шұғылданатын ісі бар адам одан бас тартады. Жұмыссыз адам 2 рет жұмыстан немесе оқудан бас тартатын болса, ол мәртебесін жоғалтады. Тиісінше, тегін сақтандыру құқығын да жоғалтады.
Г.Құспанованың айтуынша, Атырауда мәртебесі дерекқорда бейнеленбеген тұрғындар аз емес. Ол 1 шілдені күтпей, мәртебелерін анықтауды бүгіннен бастай беруге шақырды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН