«ҚАЛА ЖАЙЫЛЫП ЕМЕС, ШАРЫҚТАП ӨСУІ ТИІС»
Тек Едіге САБУРОВ секілді айтқанынан қайтпайтын мамандар ғана бастаған істі соңына дейін жеткізуге тырысады. Осы бағытта «Атырау гидрогеология» ЖШС-нің көпжылдық зерттеу жұмыстарын жүйелендіру үшін және сараптамалық баға алу үшін кәсіпорын Атырауға Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессоры, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ҚР жер қойнауының құрметті барлаушысы Вячеслав ЗАВАЛЕЙДІ (суретте) шақырды.
Өткен жылдың сәуір-мамыр айларында «Атырау гидрогеология» Бейбарыс даңғылында үлкен тәжірибе жасады («Атыраудағы дренаж: тәжірибе сәтті өтті»). Жерасты суларының деңгейін төмендетудің жаңа тәсілін тауып, оны патенттеп алды. Ұйымдастыру мәселелерін шешу кезінде гиидрогеологтарға облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ үлкен қолдау көрсетті. Ол өзінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ басшылық еткен жұмыс тобын құрды.
- Кез-келген қаланы салған кезде оның маңындағы жерасты суларының табиғи деңгейі көтеріледі. Ал біздің топырақтың ерекшелігін ескерсек, бұл ауыр проблемаға айналады. Жерасты суларының деңгейіне техногендік әсердің айқын мысалы - бірдей табиғи-климаттық жағдайдағы №№14 және 7 екі ұңғыма бойынша ұзақ бақылау мерзімінде алынған нәтижелер болып табылады. №14 ұңғыма Береке поселкесінің батысындағы игерілмеген аумақта орналасқан. 2003-2016 жылғы бақылау кезеңіндегі, яғни, 13 жыл ішіндегі жерасты суларының орташа жылдық деңгейінің тербелу амплитудасы 4-5 метр орналасқан тереңдікте 1 метрден аспады. №7 ұңғыма Геолог-2 поселкесінің аумағында орналасқан. 1998 жылы жерасты суларының деңгейі 4 метр тереңдікте болды. Алайда құрылыс басталған кезден бастап 2016 жылға қарай бұрын тыныш болған деңгейлер жердің беткі қабатынан 1 метрге дейін көтерілді. Бұл жерасты суларының деңгейлік режиміне техногендік жүктеменің белсенді әсер еткенін растайды. Яғни, біздің топырағымыздың ерекшелігін ескерсек, үнемі құрғату және қатты тұзды топырақ суын бұру баламасыз қажеттілік болып табылады, – дейді Едіге Сабуров.
Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша гидрогеологтар батпақтану алаңын азайту үшін Атырау аумағы ықшам болуы тиіс деген тұжырымға келді. Мұндай тәсіл инфрақұрылым шығындарын қысқартуға әкеледі, ал үнемделген қаржыларды баспананы арзандатуға жұмсауға болады. Қалада су бұрудың бүкіл тиісті жүйесі болуы тиіс. Атырау қазіргідей көлденеңінен жайылып емес, шарықтап өсуі тиіс, деп есептейді Е.Сабуров.
ШАРШЫСЫНА 300 ЛИТР
Вячеслав Завалейдің пікірінше, соңғы жылдары Атырауда жүргізілген зерттеулер нәтижесі қолжетімді және өте аз шығынды технологияларды қолдану арқылы көгалдандыру проблемасын шешуге болатынын растаған. Бұл Талғайраң ауылындағы және Әлиев-Тайманов көшелерінің қиылысындағы жылыжай кешенінің жерасты суларын дренаждау бойынша тәжірибе жұмыстары барысында дәлелденді. Жерасты суларының деңгейін төмендетуге өңір сулары орналасқан деңгейге дейін бұрғыланған тереңдігі 3-4 метрдей ұңғымалар қолданылатын тік дренаждың көмегімен қол жеткізуге болады. Ұңғымалар бір-бірінен 100-150 шаршы метр қашықтықта орнатылады. Бұл жердегі маңызды жайт – ұңғымадан жоғары минералды суды тартып шығару режимі мен технологиясы. Әдетте, нашар су бергіштікке және олардың төменгі сүзгілеу қасиетіне қарай, су тартып шығару өте баяу, секундына литр бөлігі жүзеге асырылады.
Су деңгейі ұңғымадан 6,5-7 метр қашықтықта беткі қабаттан шамамен 1 метрге жеткен кезде су айдауды тоқтатуға болады. Бұл жағдайда 150 шаршы метр аумақ көгалдандыруға – шаюға, тұзға қарсы қалқанды құруға, көшеттер отырғызуға байланысты алдағы шаралар үшін дайын деп есептеуге болады.
Бұдан басқа, аумақты көгалдандыру және тамыр жайылатын қабаттың түзілуі топырақ қабатының сүзу қасиетін жақсартады. Бұл тұщы атмосфералық жауын-шашындарды құрғатуға көмектеседі. Шалшықтар жойылады, беткі буланулар мен аумақтың тұздануы азаяды.
- Атырау зерттеушілері осындай су тартып шығару тәсілін әзірлеп, патенттеп, ол мақұлданды. Бұл Атырау жағдайына бейімделген бірегей жүйе. Мұнда бюджеттік, қуаттылығы 05,-1 квт болатын қолжетімді қабаттық сорғыларды пайдалану ұсынылады. Осындай су тартып шығарудың бірінші кезеңінің ұзақтығы 10-20 тәулік құрауы мүмкін. Мұнда кәдеге жаратуға тиесілі құрғатылған су көлемі құрғатылатын 100 шаршы метр аумаққа 1500-2000 литр шамасын құрайды, - дейді В.Завалей. –Деңгейді төмендетудің берілген шамасын белгілеп, тұзға қарсы қалқан құрып, топырақтың құрғатылған көлемін тұщы сумен шаю процедурасына кірісу керек. Бұл үшін анағұрлым оңтайлы уақыт - мамырдан қыркүйекке дейінгі кезең. Бұл кезде жерасты сулары деңгейінің табиғи төмендегені байқалады. Бұл үшін бастапқыда 1 шаршы метр отырғызу алаңына 300 литрдей тұщы су керек. Мәселен, ағаш көшетін отырғызған кезде шаюға 100-150 литр тұщы су пайдалану керек. Кейіннен шаю және тұзға қарсы қалқанды ұстап тұру суаратын сумен қамтамасыз етіледі. Біз Атырау қаласының әкімі Серік ШАПКЕНОВТІҢ қабылдауында болдық. Оның осы жұмыстарды ұйымдастыру бойынша салмақты жоспарлары бар екен.
АРАЛАС ДРЕНАЖ КЕРЕК
Менің сұхбаттасушым жұмысты жалғастыру керектігіне сенімді. Аумаққа топотүсірілім жүргізіп, техногендік су деңгейінің көтерілуіне байланысты негізгі нысандарды бөлу керек және су айыратын саланы және осы нысанның бүкіл су жинаушы алаңын анықтау керек. Ол сонымен қатар, бір жағынан жауын кезінде көлік жолдарының суға кетуін азайтуға, ал екінші жағынан – жол бойындағы аумақтарды көгалдандыру үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретін аралас дренаж пайдалануды ұсынады.
Аралас дренаж тәсілі былайша көрініс табады. Жол жиегінің бойымен жол төсемімен қатар жіңішке күрегі бар экскаватор тереңдігі 2 метрдей болатын жіңішке (25-30 см) дренаж арығын қазады.
Мұндай ұңғылауда арық қабырғасы бірнеше минут ішінде өзінің беріктігін сақтайды. Осының есебімен, ұңғылаумен қатар арыққа борпылдақ материал – електен өткізілген құм төгіледі. Ол осылайша едәуір көлденең-тік сүзгі аймағын құрайды. Жерасты коммуникацияларымен байланысты кедергілер кезінде бұл жердегі оның ұңғылануы үзіліп қалуы мүмкін. Ұңғылаумен қатар 15-20 метр сайын арыққа диаметрі 100 мм болатын саңылау қалдырылған және сүзгі торымен оралған тұрба тікесінен орнатылып, құммен себіледі. Бұл тұрба арқылы тұзды су сүзгіден өткізіліп шығады. Аралас дренаждың осындай тәсілінде сүзгі аймағы әлденеше есе көбейеді. Ал қабат пен дренаж арығының құрғатылған көлемі қажет болған жағдайда тасқын су мен нөсер ағындарды қабылдауға әзір коллектор болып табылады. Бұл көлік жолдары мен іргелес аумақтарды су басу процесін күрт азайтады. Бұдан басқа, жол маңындағы аймақты тұщыту процесі айқын. Бұл оны көгалдандыру кезінде өте пайдалы болады. Осы инженерлік шешімді гидрогеологтар үнемі суға кететін Атыраудағы көлік жолдарының анағұрлым проблемалы учаскелеріне пилоттық режимде сынап көруді ұсынды. Бұл мәселе қазір қалалық әкімдікте талқылануда.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор