Атырау, 27 қараша 19:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Блогерлер мен тролльдер туралы

5 111 просмотра

Аршат Ораз
23-24 наурыз күндері «АПЕК Петротехник» колледжі ғимаратында облыстық жастар саясатының қолдауымен Республикалық блогерлер құрылтайы өтті.

Құрылтайға Мұрат Әбенов, Ғалым Байтөк, Сырым Абдрахман және әлеуметтік желілерде танымал басқа да блогерлер келіп, азаматтық журналистика, әлеуметтік желілер арқылы қоғамдық жобаларды жүзеге асыру, ақпараттық соғыс және желі психологиясы, блогсфераның жемқорлықпен күрестегі ролі сияқты тақырыптарда ойларымен бөлісті.

Біз осы жиынға қонақ ретінде келген қазақ тілді блогсфера белсенділерінің бірі, «Керекинфо» блогплатформасының иесі және әкімшісі Аршат ОРАЗҒА бірнеше сұрақ қойдық.

- Блогер деген кім, әлеуметтік желідегі белсенді адамдардың барлығы блогер бола ала ма?

- Блогер – жеке блогы бар адам. Ол өзінің жеке блогында айтулы оқиғаларды, соған қатысты көзқарасын, пікірін жазады. Блог, негізінен, екіге бөлінеді. Stand alone блогы – жеке хостингі бар блогер, екіншісі – бір блог-платформада жинақталатын блогтар, яғни, бір платформада бірнеше блогерлер өз блогын ашып, жаза береді. Жалпы блогингті азаматтық журналистика деп те атайды. Ол ешкімге тәуелді емес, ол да журналист сияқты жаңалықтар жазып, өз ойларын ортаға салады. Өзі редактор, өзі басшы.

Қазіргі таңда әлеуметтік желілердегі белсенді адамдарды да блогерлер деп атап жүр. Бұл дұрыс емес. Әлемдік тәжірибеде жеке блогы бар адамдарды ғана блогер деп атайды да, әлеуметтік желідегі белгілі тұлғаларды қоғамдық ой көшбасшылары дейді.

- Блогерлік кәсіп пе? Әлеуметтік желіде ақша табуға бола ма?

- Блогерлік кәсіп емес. Оны хобби деп атауға болады. Блогер, ең алдымен, әлеуметтік желіде танымал адам. Ол өз блогында түрлі мәселелерге қатысты көзқарасын, қызықты оқиғаларды, кейде түрлі компаниялардың тауарларын, қызметтерін жарнама жасайды. Түрлі кәсіпорындарға блогтурлар жасап, сол компанияның өнімін насихаттайды. Яғни, ол бұл жазбаларын табыс көзіне айналдыра алады.

- Блогер принципшіл болуы керек пе немесе табыс көзі үшін кез-келген қоғамдық ойды қолдай бере ме?

- Блогердің жеке өзінің принциптері, ұстанымдары болуы керек. Өйткені ол да адам баласы, оның да достары, отбасы бар. Яғни, ол да осы қоғамда өмір сүреді. Егер өзіме қатысты айтар болсам, маған да өзімнің көзқарасыма қайшы пікірлерді насихаттауға тапсырыстар берген жағдайлар болды. Мен олардың барлығынан сыпайы түрде бас тартамын.  

- Әлеуметтік желілердегі троллинг туралы не айтасыз.

- Қазіргі дәуірді ақпарат заманы деп атап жүрміз. Адам санасын билеуге ақпараттық соғыс жүріп жатыр. Белгілі бір мақсатпен пост, коментарий жазатын тролльдарды жалдамалы әскер деп атаумызға болады. Біздің қоғамымызда да осындай тролльдар, яғни жалдамалы жазушылар бар. Керек кезінде оларды адамдар жалдайды, саяси маркетингке қолданады.

Қазіргі атқарушы биліктің бір қателігі, өздерінің қандай да болсын бір бастамаларын халыққа дұрыс жеткізе алмайды. Соның кесірінен қоғамда шу көтеріліп, негативті пікір қалыптасады. Содан кейін ғана олар "түсіндіру жұмыстарына" кірісіп, жасырын тролльдерді, жалдамалы әскерлерді жалдайды. Олар тапсырыс бойынша қоғамдық пікірді өзгертуге күш салады. 

Қайырбек САНСЫЗБАЕВ

25 наурыз 2017, 12:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.