Атырау облысына сапары барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара ДҮЙСЕНОВА қалалық Жұмыспен қамту орталығына барды және облыстық халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) мен APEC Petro Technic колледжінің жұмыстарымен танысты.
Жұмыспен қамту орталығында қала мен ауыл округтері тұрғындарының әлеуметтік мәртебесін анықтау үшін жасақталған жаңа «Ауылдық округ әкімінің автоматтандырылған жұмыс орны» жобасы мен «е-Халық» ақпараттық жүйесінің таныстырылымы өтті. Ол ішкі және сыртқы көші-қон мониторингісін жасауға, атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін кірісті анықтауға, қажетті әлеуметтік мекемелерді болжауға мүмкіндік береді және т.б. «е-Халық» жүйесінде түрлі дерекқорлар арасында статистикалық және жедел ақпаратты өзара алмасуға болады. Атап айтқанда, бұл азаматтарға ауылдық әкімдікте жұмыссыздар ретінде есепке тұруға және олар үшін мемлекеттік қолдаудың қандай шаралары қарастырылғаны туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Жүйенің тағы бір бағыты – ол біздің елімізде келесі жылдан бастап енгізілетін әлеуметтік-медициналық сақтандыру үшін қажет.
- Елімізде шаруашылық кітаптарын жүргізетін 4 млн-дай аула шаруашылықтары бар. Соның ішінде біз 125 мыңын «е-Халық» бағдарламасына енгізе алдық, қалған кітаптарда қателіктер болды: біреулерінде адамдардың ЖИН-і жоқ, басқаларында дұрыс мекен-жайлар көрсетілмеген немесе кадастрлық нөмірлері жоқ. Бұл көптеген шаруашылық кітаптарында ақпараттың заңдастырылмағанын, тек қожайынның сөзімен ғана жазылғанын білдіреді. Кешікпей біз міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыруға көшетін боламыз. Осыған байланысты баршаға оларды не күтіп тұрғанын ескерту керек. Уақытша тіркеудегідей дүрбелең болмас үшін, - дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанындағы еңбек ресурстарын дамыту орталығы департаментінің директоры Әбдікәрім ТӨРЕҚҰЛОВ. Осы ақпаратқа сүйеніп, мамандар ауылдық округтерде тұратын нақты мекенжайы бойынша 1,8 млн адамды шығарды. Енді олардың мекенжайы, жасы, айналысатын кәсібі, шаруашылығы, мүлкі (жер, ауылшаруашылығы техникасы, көлік, мал) бар ма, осыған сүйеніп тұрғындардың кірісі анықталады. Бұрын мұндай бағдарламаларда әр адам бойынша ақпарат жеке жүргізілетін, «отбасы» деген баған болған жоқ. Ал бұл жүйе адамдарды отбасына топтап, оларға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Әзірге жүйе Ақтөбе облысы мен Ақмола облысының 2 ауданына енгізілген. Оның нәтижелері бойынша жүйені барлық өңірлерге енгізу жоспарланып отыр.
Содан соң министр APEC Petro Technic колледжінің, сонымен қатар, осы жерде «Consolidated Construction Company» ЖШС-мен бірлесіп ашылған электриктерге, дәнекерлеушілерге, ағаш ұсталары мен құбыр монтаждаушыларға арналған білім беру курстары орталығының жұмыстарымен толық танысты. Оқытылатын контингент Жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздардан құралады. ЖШС тыңдаушыларды іріктеуге қатысады, ал оларды колледж шеберлері дайындайды. Курстарды аяқтағаннан кейін компания тыңдаушыларға жұмыс орындарын ұсынады. 2017 жылдың 1 наурызынан бастап дәнекерлеу ісі мен құбыр монтаждау бойынша курстар ашылды. Бір топта 25 адамнан аспайды және 4 айдан оқиды. Облыстық жұмыспен қамту басқармасы мамандарының айтуынша, жыл аяғына дейін осылайша 400-дей жұмыссызды оқыту жоспарланып отыр.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН