Атырау, 20 желтоқсан 22:54
 бұлттыВ Атырау -1
$ 524.02
€ 545.19
₽ 5.09

«Жер митингілері» туралы іс: "Саяси тұтқындар" этаппен әкетілді

6 735 просмотра

«Жер митингілерін» ұйымдастырғаны үшін бес жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген атыраулық азаматтық белсенділер Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯНОВ Петропавлдағы жалпы режимдегі колонияға этапталды.

Бұл туралы ақпаратты әлеуметтік желілерде қолдау тобының азаматтық белсенділері таратты. Атап айтқанда, сотталушылардың 27 қаңтарда этапталғаны хабарланады.

Атырау облысының құқыққорғау органдарындағы «АЖ» дереккөзі М.Боқаев пен Т.Аяновтың Солтүстік Қазақстан облысындағы жалпы режимдегі колонияға этапталғанын растады.

Бұл басшылығы тарапынан қатаң бақылау жасалатындығымен танымал болған ЕС 164/3 түзету колониясы туралы болып отырған сияқты. Бұл жерде Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы трагедиялық оқиғалардан кейін сотталған, қазақстандық оппозиционер, тіркелмеген «Алға» партиясының көшбасшысы Владимир КОЗЛОВ жазасын өтеген болатын.

Біз Макстың қарындасы әрі қорғаушысы Жанаргүл БОҚАЕВАМЕН хабарластық. Оның айтуынша, тергеу абақтысының басшылығынан әзірге жазбаша хабарлама болмаған және Макс пен Талғатты қайда алып кеткендігінен олардың отбасы әзірге бейхабар.

Макс пен Талғаттың жаза өтеу орнына этапталғанын «АЖ» тілшісіне тергеу абақтысының кезекшісі (өзін таныстырудан бас тартты) растады.

- Олар бұл жерде жоқ, этапталды, сенбіде жіберілген сияқты, - деп қысқа ғана хабарлады ол.

Азамат МАЙТАНОВ,  Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

29 қаңтар 2017, 16:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.