Атырау, 20 желтоқсан 22:30
 бұлттыВ Атырау -1
$ 524.02
€ 545.19
₽ 5.09

​«Жер митингілері» туралы іс. Апелляция басталды. БҰҰ - салмақты ұйым

Толықтырылды Сурет Бейнежазба
7 512 просмотра


Бүгін, 16 қаңтарда Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы азаматтық белсенділер Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯНОВТЫҢ ісі бойынша апелляцияны қарауға кірісті.

Өткен жылдың мамырында қамауға алынғалы бері олар УГ 157/1 режимдік мекемесінде (тергеу абақтысында) отыр. Отырыс таңертеңгі сағат 10.30-ға белгіленген, алайда қолдау тобының 50 шақты қатысушысы процесс басталмастан бір сағат бұрын сот ғимаратына жиналды. Олардың арасында Қазақстанның басқа да қалаларынан келгендер бар. Сотталушыларды әкелмеді. Бейнеконференция ұйымдастырылыпты.

Теледидар экранында көрінген Макс пен Талғатты жұртшылық ду қол шапалақтаумен қарсы алды. Сотталушылар сергек көрінді және байланыс сапасы жаман емес екенін атап өтті. Процесс сәл кешігіп басталды. Төрағалық етуші судья Тәтті УӘЛИЕВА бірден іске көшті. Қорғау тарапында қарсылық бар-жоғын сұраған кезде Боқаев:

- Маған мемлекеттен адвокат Орынбасаров ұсынылды. Бірақ маған оның көмегі қажет пе, жоқ па, өз қорғаушыларыммен кеңесіп үлгермедім, - деп мәлімдеді.

- Сіздің бұған уақытыңыз болды ғой, - деген Уәлиеваның дауысы әрең естілді. Осыдан кейін залдағылар одан дауысын қаттырақ шығаруын өтінді.

- Сіздер маған адвокатпен тілдесуіме мүмкіндік бермедіңіздер, бұл менің құқығымды бұзу, - деді сотталушы белсенді өз дегенінен қайтпай. Залдың ішінде отырғандар қол шапалақтай жөнелді.

- Бұл жер концерт емес, тынышталыңыздар, - деді судья салқынқандылықпен. Әрі қарай, қорғаушы Жанаргүл БОҚАЕВАНЫҢ және адвокаттардың оңаша сөйлесу қажеттігі туралы өтінішін тыңдаған соң барлығына 10 минуттық үзіліс берілді.

Қолдау тобы осы уақытта Боқаевпен және Аяновпен тілдесіп, олармен бірге Қазақстанның әнұранын орындады.

Процесс жалғасқан кезде алдымен Боқаев сөз сұрап, адвокат Орынбасаровтың қызметі қажет емес деп мәлімдеді. Содан соң қорғаушы тарап өтінішін білдірді. Атап айтқанда, Жанаргүл Боқаева қылмыстық іс материалдарына дәлел ретінде халықаралық тұрақты даму институтының баяндамасын біріктіруді өтінді. Бұл баяндамада Қытайдың әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда инвестициялық ауыл шаруашылығы жобасын енгізуі жөнінде толықтай талдау берілген. Сонымен қатар, 2016 жылдың 24 сәуіріне дейін БАҚ-тарда жарияланған материалдарды негіз етіп алуды өтінді. Бұл материалдарда бәссаудаға шығарылған Қазақстанның жер алқаптары туралы айтылады. Сағат 15.00-ге дейін түскі үзіліс жарияланды.

Түстен кейін отырыс тағы да сәл кешігіп жалғасты. Алайда бұл, керісінше, адамдардың көңіл-күйлеріне жақсы әсер етті. Олар Макспен және Талғатпен емін-еркін сөйлескен секілді, оларға кезекпен өздерінің қолдау көрсететіндерін білдіріп жатты. Біреулері сәлем жолдаса, енді бірі еңселерің түспесін деп кеңес берді. Бұған жер митингісін ұйымдастырушылар тек күлімдеумен болды.

Судья келгеннен кейін қорғаушы Жанаргүл Боқаеваға сөз берілді. Ол әзірленген бүкіл өтінішхатты оқитынын ескертті. Ал бұл 10-нан астам өтініш болатын. Бұлардың арасында «Алаш жолы» қозғалысының көшбасшысы Мақсат НҰРБАЕВТЫ куәгер ретінде тарту туралы және психологиялық-филологиялық сараптаманы жарамсыз деп тану туралы өтінішхаттар бар. Қорғаушы сонымен қатар, БҰҰ арнайы баяндамашысы Майн КИАЙДЫҢ бейбіт жиын өткізу еркіндігі туралы материалына назар аударуды өтінді. Мемлекеттік айыптаушы Жанаргүлге бұрылды:

- Іске БҰҰ арнайы баяндамасын не үшін біріктіру керек, сіз маған түсіндіре аласыз ба?

Оның ағасының жауабы анағұрлым қысқа да нұсқа болды. Ол экранның ар жағынан жаңа жыл басталғалы орын алған ел өміріндегі елеулі оқиғалар туралы прокурордың есіне салды:

- Бізге БҰҰ өкілдерінің пікіріне құлақ асқан жөн, бұл маңызды, салмақты ұйым. Оның үстіне, біз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне жақында кірдік. Меніңше, бұл салмақты дәлел. Мен сіздің сұрағыңызға түсінікті жауап бердім.

Келесі отырыс сәрсенбі күні, 18 қаңтарда өтеді.


Марат ТАКУЛИН

Суретті және бейнежазбаны түсірген автор

16 қаңтар 2017, 15:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.