Атырауда 400-ден астам жазасын өтеуші рақымшылыққа ілікті. Бұл туралы Атырау облысы қылмыстық-түзету жүйесі департаментінің бастығы Дидар РАХИМБЕРДИЕВ хабарлады.
Олардың 315-і – бас бостандығынан айыру жазасына жатпайтын түрлі мерзімге шартты түрде сотталғандар, 98 – жалпы режимдегі УГ157/9 колониясынан, 14-і – жалпы режимдегі УГ157/11 әйелдер колониясынан және 3-і – Балықшыдағы колония-қоныс УГ157/10 мекемесінен.
Қылмыстық-түзету жүйесі департаментінің бастығы түсіндіргендей, 91 іс сотқа жолданып үлгерген, оның ішінен 83-і – бостандыққа шығады, осы колониядан 8 адамның жаза мерзімдері қысқартылады. Жақында сотқа тағы да 7 іс жолданатын болады. Ал, әйелдер колониясында 9 әйелдің жаза мерзімі қысқартылса, 5-уі бостандыққа шығады. Атырауда жалпы алғанда колония және колония-қоныс мекемесінде шамамен 1 500 сотталушы отыр.
Естеріңізде болса, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігінің жиырма жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң қаңтардың 21-інен бастап заңды күшіне енген.
Сәния ТОЙКЕН