AZATTYQ.ORG. "«Порошенконың жемқорлығы» дауы АҚШ-қа жетті" - Украина президентіне жемқор деп айып таққандардың жаңғырығы шет елдерге жетті. Сыртта жүрген депутат Александр Онищенко жемқорлық туралы фактілерді АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросына бергенін айтты.
"Өзін өртеген әйелдің мәселесін бас прокурор қарамақ" - Сот үкіміне наразылық білдіріп өзін өртеген Майра Рысманова ауруханада ауыр халде жатыр. Бас прокурор әйелдің мәселесімен жеке өзі айналысатынын мәлімдеді.
"«Қытай клиникасына алданған» 13 адам ақшаларының жартысын қайтарып алды" - Балаларын емдеген Пекиндегі ауруханаға наразы болған қазақстандықтар ақшаларының біразын қайтарып алды. Олар шетелдік клиниканы таңдағанда сақ болу керек екенін айтады.
ZHASALASH.KZ. "Д.Назарбаева түрмедегiлерге жамбаспұл төлеткелi жүр ме?" - Құр мақтан үшiн ақша шашуға әуес Қазақстан билiгi түбi осыған баратын сияқты. Сотталғандардың санын қысқартып, 6 абақтыны жапса да, үкiмет жазасын өтеушiлерге жұмсалатын қаржыны ауырсына бастағандай. Күнi кеше Сенат депутаты Дариға Назарбаева Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауiпсiздiк комитетiнiң кеңейтiлген отырысында тосындау бiр ұсыныс айтты. “Егер ауқатты адам қылмыс жасап, жазасын өтеу үшiн тұтқындалса, онда ол түрме шығынын өзi көтерсiн. Олардың түрмеде отыруы қымбатқа түседi. Сiздерден осы ұсынысты қарастыруды сұраймын" дедi Д.Назарбаева.
"Мұғалiм – қолбала, ақша жинаушы, көше сыпырушы емес!" - Тәуелсiз елiмiзде орны төрде болуға тиiстi ұлағатты ұстаздарымыз әкiмшiлiк пен мектеп директорларының қолбаласына айналған. Көнбiс, жалтақ мұғалiмдерден тәрбие алып жатқан ұрпағымыздан қандай болашақ күтемiз? Мұғалiм азат болмай, оқушы еркiн ойлы бола алмайды. Сондықтан облыстық, аудандық бiлiм басқармаларын ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi жергiлiктi әкiмшiлiктен өз құзiретiне өткiзiп алуы керек немесе әкiмдiктер мұғалiмдердi “ақша жинау" мен “қара жұмысшының" орнын толтырту әрекетiн тыйсын!
"Төртiншi мұнай өңдеу зауыты керек" - Қарашаның соңында Венада өткен саммитте ОПЕК елдерi 2017 жылы мұнай өндiрiсiн шектеуге келiскенi сол едi, халықаралық нарықта “қара алтын" бағасы көтерiле бастады. Бұйырса, келер жылдан бастап ОПЕК елдерi мұнай өндiрiсiн тәулiгiне 32,5 млн баррельден асырмайды. Бұған дейiн бiр емес, бiрнеше рет жиылып ортақ мәмiлеге келе алмай жүрген ОПЕК-тiң шешiмi бiреулердi қуантты, ендi бiреулердi қайғыртты.
365INFO.KZ. "Тасмағамбетов 60-жаста. Ол туралы тәуелсіз сарапшылар не дейді?" - Қазақ жақсы көретін тұлғалар бар. Соның бірі – Тасмағамбетов. 60-қа толды бүгін. Дәл қазір ел Имекең деп еркелететін қайраткердің биографиясын басынан-аяғына дейін ақтарып отырудың қажеті жоқ шығар. Ел біледі. Оның қандай өткелдерден өткенін. Сондықтан қысқа-нұсқа тоқталайық.
KORRESPONDENT.KZ. "Шетелдіктер біздің «пробиркадағы балаларға» үйір" - Қазақстанда ЭКО-ұрықтандыру нәтижесінде дүниеге келген ең алғашқы баланың жасы жиырмаға толды. Жалпы алғанда, бұл сала осы 20 жылда айтарлықтай дамып, перзенттен үміті үзілуге шақ қалған жұбайларға қуаныш сыйлаумен келеді. Елімізде бедеулік деген – үлкен проблема. Қазіргі таңда жыл сайын 30 мыңнан астам пациент осы дерттен жапа шегіп жүр. Соның 8 мыңы жасанды жолмен сәби сүюге талпынып, медициналық орталықтарды жағалайды екен. Алайда, бұл жаңашылдықтың бір кесірі де болып тұр. «Пробиркадағы балаларға», әсіресе, шетелдіктер қатты қызығушылық танытып отыр.
"«Жекенсаяқ» пен «Мұңлық-зарлық»" - Жанына жуыған адамнан ауыл-аймақ пен мал-жанның амандығын сұрасу қазақтың ескі әдеті емес пе?! Туған жердің тау-тасының тарихын бес саусақтай білу де – қазақтың қанына сіңген қасиеттердің бірі. Осындай үлкенді-кішілі кісілерден естіген әңгімеміздің бірі Арыс маңындағы әулиелі жерлерге келіп ойысқан-ды. Арыстың тумасы Мереке Қасқарбектің студент болса да, білері біз ойлағаннан әлдеқайда көп болып шықты. Бала күнінен бері жиі баратын Жекенсаяқ әулие туралы әңгімесін ол әріден бастады.
ABAI.KZ. "Мейіргүлдің хаты Қасымовты қалтыратып жіберді" - Жалпы, «Нұр Отан» партиясы Бас Прокуратура және басқа да мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істеп қеледі. Аталған органдардың басшылары, орынбасарлары, депутаттар жыл бойы партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтармен қабылдау өткізеді. Осы дағды бойынша «Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөліміне бүгін Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы Қасымов өзі келіп, өтініш айта келген халықты қабылдады.
"Құсмұрын құрығы: кебенек киіп кеткендер" - ...Үш айда бір келетін қысқа уақыттағы кездесу мен алты айда бір келетін ұзақ мерзімдегі (үш тәулікке дейін беріледі) кездесуден айрылып, “бостандықпен" тек хат арқылы ғана хабарласып жүргеніме де бір жылдан асып кетті. Шынымды айтсам, туған-туыстың жөні бөлек екен. Тым болмаса жарты сағат кездесіп, жүздерін көру - арман. Мені қойшы, көппен көрген ұлы той демекші, анашымның ауылдағы жағдайын ойлап кетсем, жүрегім біртүрлі сыздап қоя беретінді шығарды. Жастық шақта денсаулықтың қадірін білмейді екенбіз, жүректің сол жақта орналасқанын енді ғана байқап қалғандаймын. Спортпен айналысқанның қадірін жақында болған бір “қақтығыста" байқап қалдым. Дегенмен, өкпем сәл сыр бере бастағанға ұқсайды, басқасының бәрі де орында.
QAMSHY.KZ. "Жүрсін Ерман: кешегі айтыс нәтижесін Мұхамеджанмен байланыстыру орынсыз" - «Алтын домбыра» айтысының бұл жолғы додасына Алматы әкімдігі демеушілік жасап, ұйымдастыру жұмыстарына өзге де азаматтар араласқанымен жұртшылық негізгі жауапкершілік Жүрсін Ерманның мойнында деп біледі. Осы тұрғыдан алғанда, кешегі айтыстың қорытындысына байланысты Сіз не дейсіз?
TURKYSTAN.KZ. "Қартың қайда, қазағым?" - ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін қазақтың қариялары Қарттар күні деген атаулы күн барын білмейтін. Ал қазір қазан айы жақындаған сайын Батыстан келген мерекені асыға күтетін, қоғамға керек екендерін жылына бір күн болса да сезінгісі келетін қарт көп. «Өзіңнен туған ұл мен қыз сыйламаса, сол қайғы» деп Төле би бабамыз бүгінгі тірлігіміздің тұрпатын өз заманында-ақ болжап қойғандай. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген аталы сөзді ұмытқандар ата-ананы қарттар үйіне жетектеп апару былай тұрсын, көшеге қаңғыртып жіберуден, тіпті әке-шешені соққыға жығып, қару кезенуден тайынбайтын болды.
"Олақ құрылысшы, опырылған ғимарат" - Құрылыс саласындағы көптің көңілін алаңдатқан түйткілдер түгесілер түрі көрінбейді. Қисайып барып құлап қалатын тұрғынүйлер, көпірлер мен түрлі ғимараттарға жақындауға да үрейленеді кейбіреулер бұл күнде. Кеше ғана Өскеменде құлаған көпір, Тараз қаласындағы қатты дауылдан қабырғасы опырылып түскен тұрғынүй осы сөзіміздің айқын дәлелі емес пе? Ал құрылысшылар қолынан шыққан сапасыз ғимараттардың қолданысқа берілуіне тосқауыл болатын кім? Әрбір жаңа нысанның қауіпсіздігіне нақты жауап беретін жан бар ма?