Атырау, 20 желтоқсан 23:21
 бұлттыВ Атырау -1
$ 524.02
€ 545.19
₽ 5.09

«Жер митингілері» туралы іс: доллар, футболка және «көршілердің» техникалық көмегі

Толықтырылды Сурет
7 716 просмотра

11 қарашадағы сот отырысында адвокат Төлепқали АЯНОВ іске Тоқтар ТӨЛЕШОВТІҢ үкімін қосу туралы өтініш жасады. Шымкенттік кәсіпкердің жақында 21 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алғандығы белгілі.

- Ол осы жерде (Астанадан бейнебайланыс арқылы - М.С.) Атыраудағы митингілерді қаржыландырғанын мәлімдеді, мұны дәлелдеді ме, осыны білгім келеді.

Прокурор қарсылық білдірді, судья Гүлнәр ДӘУЛЕШОВА оның наразылығын қолдап, мұны Төлешовке қарсы процестің жабық өткенімен, үкімнің әлі заңды күшіне ие болмағанымен негіздеді.

Сот Талғат АЯНОВТЫҢ айфонындағы жазбаларды зерттеуге кірісті. Судья айтқандай, онда ашық жазбалар мен хабарламалар жазылған «миллиондай» фотосуреттер болған. Телефонның түрі өте кейіпсіз көрінеді – экраны сынған. Бұдан басқа, Аяновтың 6 мамырда WhatsApp арқылы достарымен жазысқан хаттары көзге түседі. Онда ол достарынан Алматыдан Атырауға келу үшін ақша жағынан көмектесуді өтінген.

Талғат АЯНОВТЫҢ телефоны

- Егер істе айтылғандай, менің жүз мың долларым бар болса, осындай телефонмен жүрер ме едім? – деп комментарий береді Аянов.

Заттай айғақ ретінде сотта 50 мың доллар көрсетілген. Тергеу жорамалы бойынша, Аянов оны 3 мамырда ҰҚК ізіме түсті деп, Алматыға өзінің жаңа танысы (бұдан бұрын бейнебайланыс арқылы куәгер ретінде сөз сөйлеген) Марлан ЕСІЛБАЕВҚА қалдырып кетіпті. Заттай айғақтар арасында сонымен қатар, сөмке мен футболка (оның ірі денелі Аяновқа шақ келмейтіні анық) болды. Сотталушы бұл заттар өзіне тиесілі екенін дәлелдейтін микробөлшектерге сараптама жүргізу туралы өтініш берді. Судья алдымен техникалық тұрғыда бұл мүмкін бе, жоқ па, осыны мамандардан біліп алу керектігін айтты.

Содан кейін қайтадан облыстық ІІД аға тергеушісі Руфат ЖҰМАҒАЛИЕВТАН жауап алынды: Макс БОҚАЕВ бойынша олардың қағаз түрінде ресімделген хаттамасында ІІД деп, ал электронды нұсқасында ҰҚКД деп жазылғандығын сұрады.

- Бұл таза техникалық қателік,- деп мәлімдеді Жұмағалиев. – Менің мұндай істерде тәжірибем жоқ болғандықтан өз басшылығыма жүгіндім. 16 мамырда менің кабинетіме Нұржан есімді ҰҚКД қызметкері хаттама бланкасы болған ноутбугымен келді...

- Скриншоттарды кім жасады, сіз бе? – деп сұрады Макс Боқаев.

- Скриншоттар ІІД-де жасалды, содан кейін олар дискіге құйылды. Мен жасадым, Нұржан қасымда тұрды. Хаттаманы басып шығармас бұрын, мен оны тексеріп, «ҰҚКД»-ні «ІІД»-ге түзеттім. Бірақ дискіге түзетілмеген нұсқасы кетті. Ал 20 мамырда сот сараптама орталығының директоры қол қойған жауап келді.

Боқаев:

- Сіз оны алдыңыз ба?

Жұмағалиев:

- Жоқ.

- Демек, ҰҚК қызметкерлері алып қалған ғой, - деп тұжырым жасады Боқаев.

Осыдан кейін адвокат Төлепқали Аянов ҰҚК қызметкері тек ведомствоаралық тергеу-жедел тобын құру туралы арнайы қаулының негізінде ғана ІІД тергеу шараларына қатыса алады, әйтпесе бұл Қылмыстық іс жүргізу кодексін өрескел бұзу болып табылады деп мәлімдеді.

Макс Боқаевтың Facebook-тағы парақшасы

...11 қарашада түстен кейін сотта заттай айғақтармен танысу жалғасты. Тараптарға 24 сәуірде өткен митинг туралы бейнероликтер сақталған дискілер ұсынылды.

Қорғаушы Жанаргүл БОҚАЕВА мәлімдеме жасады:

- Дискілерді көрген соң, екі дискінің қылмыстық іске ҰҚКД тергеушілерінің 25 және 26 маусымдағы хаттамаларымен бекітілгенін анықтадық. Алайда дискілердің ерекшелігін ашқан кезде, олардың жазбалары 25 сәуірде, тергеу әрекеттері әлі жүргізілмеген кезде жасалғанын анықтадық.

Адвокат Нұрбеке ИСКЕНДИРОВА:

- Соттан осы фактіні лайықты бағалауын өтінемін. Егер біз бұл дискілерді ертерек көрсек, онда өтінішті ертерек берер едік.

Бұл мәлімдемелерге прокурор жауап қайтарды:

- Неліктен қит етсе іс материалдары бұрмаланған дейді? Қателік қасақана жасалды ма, анықтау керек қой. Мен бұл фактіде заң бұзушылық жоқ деп есептеймін. Диск сәуірде жасалған, ал оны маусымда қарап, ресімдедік. Мұнда тұрған не бар?

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

11 қараша 2016, 17:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.