Атырау, 23 қараша 22:20
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ауыл жаңалықтары

2 573 просмотра

Балабақша жайы шешілетін болды

Мақат ауданында балабақшамен қамтылу сұранысы сексен пайыз шамасында.

Аудан әкімі Қилымғали ҚАЙНЕНОВТЫҢ мәлімдеуін-ше, бұл жай осы жыл ішінде 95 пайыз көлемінде шешілмекші. Себебі «Балапан» бағдарламасына орай балабақша құрылыстары басталып кеткен. Мәселен, былтыр «Қазмұнайгаз» АҚ демеушілігімен Доссорда жаңа балабақша пайдаланылуға берілген болатын. Биыл Мақатта 160 орындық, Доссорда 100 орындық балабақшаның құрылысы аяқталмақшы. «Алдияров» ЖК бұрынғы қонақүйді 80 орындық балабақшаға айналдыру үшін жөндеу жұмыстарын бастап кеткен. Бұл жекеменшік балабақша болмақшы. Және бұрынғы жылужайдың ғимаратын әкімдік теміржолшыларға берген. Мекеме бүлдіршіндеріне арнап 80 орындық балабақша ашу биыл жүзеге аспақшы көрінеді.

 

Жұмыссыздар саны азаймақшы

Индер ауданында жұмыссыздардың санын қысқарту мақсатымен жаңа жұмыс орындары ашылмақшы.

«Индер-Мақсат» серіктес-тігі өткен жылы құрылып, оның құрамындағы төрт адам тігін, нан пісіру цехтарын ашпақшы, ал бір адам ауыл шаруашылық жұмысымен айналыспақ. Жұмыссыздарға көмек ретінде жылына алты пайыз жеңілдікпен республикалық бюджеттен 10 млн. теңге бөлінуде.

-Жуықта қаржы әркімнің есепшотына түседі. Олардың жұмысын әкімдік өз бақылауына алады. Ондағы мақсат жұмыстарын дамытуға көмектесу. Алдағы уақытта жаңа жұмыс орындарын ашу үшін жұмыссыз адамдарды тарту ісі жалғаспақшы,-дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Серік БИМАНОВ.

 

Жылыойда барымташы көбейді

Жылыой ауданы бойынша биылғы қаңтардың бас-аяғы жиырма күнінде сегіз мал ұрлығы тіркелген.

Шоқпартоғай, Тұрғызба, Қосшағыл ауылындағы мал ұрлығына байланысты ҚР ҚК 75- бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс көтеріліп отырған көрінеді. Малды даладан емес қорадан ұрлаған ұрылар жазасыз қалмайтыны анық, дейді полицейлер. Тек иесі ұрыға кешірім бермесе болғаны, тіпті кейде сот үстінде өзара келісімге келуінен құтылып жататыны жасырын емес.

 

Село жолдарына көңіл бөлінуде

Индер ауданындағы ауыл, село жолдары қырық жылдан бері жөндеу көрмей, әбден быт-шыты шыққан болатын.

Ауыл адамдары жиын сайын осыны тілге тиек ететін. Есбол селосына лайсаң күндері жету оңай емес, басқалары да осы кейіпте. Шұрқ-тесік жолдан ығыр болғандар биыл Көктоғай, Өрлік, Есбол, Ынтымақ, Елтай, Аққаланың кірме жолдарымен қатар көшені жөндеу жүретінін естіп қуанып отыр.

- Кенттегі әбден жарамсызданған М. Мөңкеұлы, Бозекенов көшелері жөндеуге ілігуде. Және Көктем мөлтек ауданындағы жолдардың жөндеуі былтырдан қолға алынған, осы да жалғасын табатын болды. Негізі осыған дейін 27 көше күрделі жөндеуден өтті. Ендігі бір мәселе кенттегі жаяу жүргінші жолына көңіл бөлу ,-дейді Индербор кентінің әкімі Мақсот ОМАШ.

 

Түнекті өртеген кім?

Оныншы қаңтарда Атырау-Орал тас жолының 49 шақырымындағы түнек үйі белгісіз себеппен өртеніп кеткен.

Түнде орын алған жалынды өшіру мүмкін болмапты, түнектің тек күлі қалған. Биресми ақпарат бойынша өрттің қасақана болуы да мүмкін.

Махамбет ауданы прокурорының көмекшісі Саид АЖМУХАМЕДОВТЫҢ  мәлімдеуінше, осы ауданға қарасты Тәжібай ата қорымындағы түнек үйінің өртенуі тексерілу үстінде екен. Өткен жылы осы ауданға қарасты бейіттердің вандализммен қиратылғаны оқырман есінде болар...

25 қаңтар 2012, 23:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.