Атырау, 5 желтоқсан 10:50
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

"Қазақстанның сыртқы қарызы еселене түсті", "Қытайдан 500 мың турист... Не үшiн? Кiм үшiн?", "Полицейлер қылмыскерді емес, пара алатын жерді іздеп жүр", "Шимон Перес Путинге: «Жасың 63-ке келді. Әлі ақылың кірмепті ғой…»"

2 357 рет қаралды

AZATTYQ.ORG. "Қазақстанның сыртқы қарызы еселене түсті" - Қазақстанда сыртқы қарызды өтеу шығыны соңғы төрт жылда сегіз есеге көбейген. Кей сарапшылар квазимемлекеттік сала қарызы бюджетке салмақ түсіреді деген пікір білдіреді.

"Бір жылдан соң «Талибан» Кундузға қайта кірді" - Ауғанстан әскері елдің солтүстік-шығысындағы Кундуз қаласына кіріп бекініп алған бір топ «Талибан» содырларымен үш күн бойы атысып жатыр. Мыңдаған бейбіт тұрғын қаладан қашып шықты.

ZHASALASH.KZ. "Қытайдан 500 мың турист... Не үшiн? Кiм үшiн?" - Қытай экспанциясынан қауiптенетiн қазақтың жаны мұрнының ұшына келдi. Ендi қысықкөз көршiлерiмiз жүздеп, мыңдап емес, жүз мыңдап берi ағылмақ. Күнi кеше “Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы басқармасы төрағасының орынбасары Ербол Шорманов халықаралық көрменiң 500 мың билетi қытайлық туристерге сатылатынын мәлiмдедi. Бұл – келер жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегiнiң аралығында Қытайдан 500 мың адам келедi деген сөз. Ал 500 мың дегенiңiз – бiр облыстың (БҚО) халқына жетеқабыл адам.

"Қазақстанда 800-ден астам кәсiпорын сатылады" - Астанада кездескен Н.Назарбаев пен В.Путиннiң бұл биыл сегiзiншi мәрте бетпе-бет жүздесуi. Екi ел басшыларының қаузайтын тақырыптары баяғы Еуразиялық экономикалық одақтың түйткiлдерi. Дегенмен Н.Назарбаев Астанаға келген мейманын алдымен Ресейде таяуда өткен парламент сайлауындағы “Единая Россияның" жеңiсiмен құттықтады. Партияның бiрiншi кезекте күштi президенттiң арқасында жеңгенiн айтып, В.Путиндi беделдi басшы ретiнде мақтады.

"АҚШ-Ресей: Жағдай ушығып барады" - Сирия төңiрегiндегi дау-дамайда АҚШ пен Ресейдiң ара қатынасы тығырыққа тiреле бастады. Аймақтағы жағдайды реттеуде Құрама Штаттар Ресей Федерациясымен арадағы байланысты үздi. Анығында, үшiншi қазан күнi Вашинг­тон Сириядағы жағдайды реттеуде Мәскеумен арадағы екiжақты келiсiмдердi тоқтатты. “Сирия бойынша келiсiмдер тұрғысынан алып қарағанда АҚШ пен Ресейге одан әрi талқылайтын дәнеңе қалған жоқ. Бұл Сирия халқы үшiн өте қайғылы жағдай", – деп мәлiмдедi АҚШ президентiнiң баспасөз хатшысы Джош Эрнест. Ресейдiң сыртқы iстер министрлiгi Вашингтонды “албастымен мәмiлеге келетiнi" үшiн яғни, Дамаск билiгiн тақтан тайдыру мақсатында АҚШ-тың лаңкестермен келiсiмге келу дайындығын жазғырып жатыр.

365INFO.KZ. "Мемлекет не былықтырып жатыр? Енді ЖОО-лар да тендерге таласа ма?" - Елімізде жоғары оқу орындарының басқару формасы өзгермек. Оған сәйкес, университеттер заңды тұлғаға айналып, тендерге қатысып, тапқан пайдасын өзі игеріп, бүтін экономикалық бөлшекке айналмақ. Айтқанға, әрине оңай. Бірақ, нақты өмірде ол басқаша сипатқа ұрынып кетпей ме? Мемлекет тағы не былықтырып жатыр?..

"Шимон Перес Путинге: «Жасың 63-ке келді. Әлі ақылың кірмепті ғой…»" - Болған екен. Бұл диалог шын өмірде болған. Путин ұтылған. Аузына құм құйылған кез. Сұрақтан сытылып, жауаптан жалтарып жүретін Ресей президенті марқұм Шимон Перестің «тергеуінен» құтыла алмапты. Солай. Тіпті, сөз таластыра алмаған. Қарсыласы ақиқатты айтқандықтан болар, сірә. Израиль президенті Путинге «Америкамен алысқанды доғар, бәрібір жеңе алмайсың» депті. Tabletmag журналында жарияланған Перес пен Путиннің әңгімесін ағылшын тілінен ықшамдап аударып бердік.

ABAI.KZ. "Полицейлер қылмыскерді емес, пара алатын жерді іздеп жүр" - Қылмыспен күресуге полициямыз қауқарсыз екен. Бұл жайтты мінбеде тұрып министр Қалмұхаммед мырзаның өзі мойындады. Қайда қарасаң да көзіңе ілінетін қаптаған полиция қызметкерлерінің бұл орайда неліктен қауқарсыз екендігін ұғу қиын. Есесіне айыппұл салуда алдарына жан салмайтын көрінеді. Тіпті қоқысты аралап заңсыз қоқыс тастағандарды тауып алатын «ізкесер шеберліктерін» атап айтуға болады...

"Қазақ тілі немесе тоқтап қалған өгіз-арба" - Тіл мәселесін мен айдалада тоқтап қалған өгіз жеккен арбаға ұқсатамын. Халық өлеңінде айтылғандай, қара жолмен сықырлап арба келеді. Не асфальт жол жоқ, аяқтың асты батпақ, жолаушылардың үсті сатпақ. Арбаны көздеген жерге алып бару үшін ең алдымен қамыт киген өгіз мықты болуы керек, оның шамасы жетпесе, айдаушы іскер болуы шарт, оның да қолынан келмесе, кездейсоқ жүргіншілер мен арнаулы жолаушылар бейнетіне көніп, бірі тегершігін итеріп, бірі өгізді сүйреп, біреуі жол көрсетіп дегендей, көпшілікпен бітетін жұмыс. Бізде сөз көп те, іс шамалы. Ал құр айқаймен есекті де жұмысқа жеге алмайсың. Тәуелсіздік алғалы пәлен жыл деп жатырмыз. Одан бері бірінші сыныптың табалдырығын аттаған бала кәмелетке келетін уақыт болды ғой. Тілі қазақша шыққан бала енді қазақша сөйлей алмай тұрса, оған кім кінәлі?! Оны сақау деп те, мақау деп те айта алмаймыз ғой.

TURKYSTAN.KZ. "Мінезі жібек жеңгелер көркем әдебиетте ғана қалып қойған жоқ па?" - Қазақтың «Қызы бар үйдің жеңгесі сүйкімді келеді» деген сөзін естігенде бірден көркем әдебиеттегі Тоғжанның Қарашаштай, Ботагөздің Айбаладай асыл жеңгесінің бейнесі көз алдымызда көлбеңдейді. Ақтоқтыны үйіне әкетуге асығатын, Балқадишаны кірпік қақпай күзететін жеңгелердің жанкештілігі ойға оралады. Қайынсіңлісімен емен жарқын сырласып, бірін-бірі ұнатқан қос жүректі табыстыруға құмартып тұратын қазақтың сондай үлгілі келіндері туралы өткен шақта айтатынымыз өкінішті-ақ. Қайнысы мен қайынсіңлілеріне ат қойып, еркелететін кешегі көргені көп жеңгелердің өнегелі жолы неге жалғаусыз қалды? Жеңге мен қайынсіңлі арасындағы сыйластық неге сұйылды?

KORRESPONDENT.KZ. "Жасанды түсік түбімізге жетпесін" - Елімізде егемендік алғалы бері 4 миллионнан астам түсік жасалыпты. Егер бала алдыратындар болмағанда, ендігі қазақстандықтар жиырма миллионға жетіп жығылар еді. Қазақстанда жылына 150-160 мыңдай нәресте жарық дүниені көрмей жер жастанатын болса, еліміздегі әрбір төртінші баланы дүниеге әкелетін Оңтүстіктегі көрсеткіш қандай?

"«Бизнесті дамытамын» деген шенеунік керісінше оны құзға итеріп жатыр" - Экономикалық дағдарыс жағадан алғанда, ең бірінші зардабын көретін – кәсіпкерлер, өндіріс орындары. Алайда, олардың жаппай жабылуының себебі бұл ғана емес екен. Мысалы, мемлекеттік мекемелер, бюрократия сияқты факторлар олардың онсыз да мүшкіл халін одан әрі тұралатып, діңкелетіп тастайды. Рас. Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде бір жылда 11 мыңға жуық кәсіпорын жұмысын тоқтатқаны бұл сөзімізге айқын дәлел.

BAQ.KZ. "Мемлекеттік жүйе біреудің қолшоқпарына айналды – Бас прокуратура" - Осыдан үш ай бұрын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Бас прокуратура еліміздегі бизнес ортаны жақсарту мақсатында арнайы жоспар қабылдап, осы саладағы тәртіп бұзушылықтардың неден және кімнің кесірінен болатынын анықтауға кіріскен болатын. Бүгін Астанада өткен жиында кәсіпкерлер мен прокурорлар үш айлық жұмысты қорытындылады. Оның нәтижесі кез келген адамды бей-жай қалдырмайды.

DALANEWS.KZ. "Сүлейменов пен Шаханов басқарған партия" - Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстанның халық конгресі партиясы құрылды. Сарапшылар бұл партияның ғұмыры ұзаққа бармауын басшыларынан көреді.

"Жақсыбек Құлекеев түрмеде өткен күндері туралы айтып берді" - Статистика агенттігінің төрағасы, экономика және сауда министрі (1999 – 2002), білім жәнеғылым министрі (2003 – 2004), еліміздегі екі ірі ұлттық компанияның вице-президенті жәнепрезиденті… Мансап жолымен жоғарылау үстіне жоғарылай түскен. Бірақ 2008 жылы ол 100 мың доллар пара алды деп айыпталды. Ал сот қызмет бабын асыра пайдаланғанын ғана дәлелдеп, үш жылға бас бостандығынан айырды. Бір жылдан кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босап шықты. Жақсыбек Құлекеев содан жеті жыл өткеннен кейін «КАРАВАН» тілшісіне эксклюзивті сұхбат беруге келісті. Бұл оның темір тордың ар жағында өткен күндері туралы бүкпесіз әңгіме болды.




6 қазан 2016, 15:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.