Атырау, 28 қараша 11:27
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Бизнестегі дүрбелең: жаппай айыппұлдар салынбақ

2 928 просмотра

Бірнеше күннен кейін ағымдағы бос жұмыс орындары мен болжамды жұмыс орындарының дерекқорына енгізу үшін бос жұмыс орындары мен мамандықтар туралы жаңа есеп формасын тапсыру мерзімі аяқталады. Алайда кәсіпкерлердің көпшілігі мұндай есепті тапсыру керектігі жөнінде тек бірнеше апта бұрын ғана хабардар болды. Мұның қалай жасалатынын ешкім білмейді, есесіне талапты орындамағаны үшін 10 АЕК айыппұл қарастырылғанынан бәрі де хабардар.

«БІЗ МИНИСТРЛІКТЕН НҰСҚАУ АЛДЫҚ...»

Аяқ астынан кәсіпкерлерге жүктелген жаңа міндеттер ӨКҚ конференц-залында өткен Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің отырысында талқыланды.

- Бұл жаңалық үлкен дүрбелең туғызды. Алайда тек біздің облыста ғана емес. Whatsapp арқылы адамдар бұл ақпаратты бір біріне жолдауда. Әңгіме тек есеп-қисап тапсыру ғана емес, айыппұлдар қарастырылғандығы туралы болып отыр. Шағын ЖК үшін 21210 теңге қомақты сома. Мен бұл мәселені республикалық деңгейде шешу керек деп ойлаймын, - деді Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Әлия БЕКҚОЖИЕВА (суретте).

- Біз министрліктен нұсқау алдық, сайттан қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаулықтарды жүктеп алдық, ол жерде 34 қосымша бар екен. Оларды бүкіл аудандар бойынша электронды пошта арқылы жолдадық. Бұл жұмыстарды біз 16 қыркүйекте бастадық, - деп түсіндіре бастады Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Дина ӘБІШЕВА. – Бізге жүгінетін кәсіпкерлерге де біз осы құжаттарды электронды пошта арқылы жолдаймыз, өйткені қағаз түрінде мұндай көлемді барлығына шығарып бере алмайсың. Айыппұлдар болатындығы туралы маған бір есепші айтқан еді. Мен осы тармақты да шығарып алдым. Біріншіде айыппұл 10 АЕК, екінші мәртеде 20 АЕК болады. Бұл есепте қорқынышты ештеңе жоқ. Оны Шәріпов көшесі, 4А мекен-жайындағы қалалық Жұмыспен қамту орталығына тапсыру керек. Қазір ол жерде осымен екі маман айналысуда. Біз басқа мамандарды да жұмылдыруға нұсқау бердік. 3-4 адам айналыссын.

Оның сөздері қатысушылардың түсінбестігін тудырды. Облыста 47 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері бар. Есептеп көрсек, егер күн сайын 8 сағат ішінде 4 маман есеп қабылдаумен айналысатын болса, әр келушіге 10 минут уақыт бөлінсе, күніне олар 192 адамға қызмет көрсете алады. Яғни, тек құжаттарды қабылдауға олардың 244 күні кетеді. Ал оларды өңдеу де керек қой.

Атырау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы бастығының орынбасары Айгүл РЗАҒҰЛОВАНЫҢ айтуынша, салық қызметінде электронды ақпараттық жүйе 2000 жылдардың басында енгізіле бастаған. Осы уақыт ішінде бұл жерде бірнеше бөлімдер жұмыс істеген – заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары жөніндегі және халықаралық бөлімдер. Әр бөлімде 20 адамнан жұмыс жасайды. Бүгінде құжаттардың 95 пайызы электронды түрде тапсырылады.

- Тек 5 пайыз келсе де, бізде терминал толы болады. Біздер қызмет көрсетуге үлгеру үшін қосымша бірнеше адамдарды жұмылдырамыз. Біз осыған 15 жыл бойы қадам бастық. Сондықтан қазір сіздердің дерекқорды қолдан жасап жатқандарыңыз байыпты емес, - деп есептейді Рзағұлова.

«СІЗДЕР БҰЛ ҚАҒАЗ АҒЫМЫН ИГЕРЕ АЛМАЙСЫЗДАР»

Құқықтық мәселелер жөніндегі ӨКП директорының орынбасары Сәрсенбай ЖОЛДЫБАЕВТЫҢ (суретте) пікірінше, заң қабылданған және оны жергілікті атқарушы органдар орындауы тиіс. Демек, заңға сәйкес тәжірибе болуы тиіс. Бірнеше күннен кейін кәсіпкерлерге айыппұл салына бастайды. Астана енді ештеңе өзгерте алмайды, ол жергілікті орындаушылардан сұрайтын болады.

- Бізде облыста 47 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері бар. Ал сіздер қағаз түрінде қабылдаймыз дейсіздер. Сіздер қағаздың астында қаласыздар, отбасыларыңызды, басқа шаруаларыңызды ұмытасыздар. Сіздердің тәжірибелеріңіз бар ма? Заң бірнеше жыл бұрын қабылданды. Енді министр бұрын қабылданған заң үшін тек форманы бекітуге бұйрық берді. Бұған кәсіпкерлердің қандай қатысы бар? Неліктен бұрын оларға ешкім айыппұл салмады? Заң құрамы болды ғой. Әрі қарай әңгіме болжамды жұмыс орындары жөніндегі форма туралы болады. Ал егер олар менде жоқ болса ше? Кішкентай ЖК өзі ештеңе болжай алмайды, оның бизнесі құбылмалы. Бүгін бар жұмыс, ертең жоқ. Ал егер менің штаттық кестем жоқ болса ше? Біз мониторинг жүргіздік. Сіздердің қабылдау пункттеріңізде қазірдің өзінде кәсіпкерлер лық толы, бәріне бұл төбеден түскендей болды. Ал егер ертең сіздерге «Дина» мен «Көктемнің» бүкіл саудагерлері келсе ше? Егер, мәселен, ЖК шұғыл арада жаңа қызметкер қабылдаса, оған жұмысты орындау үшін адам ауадай қажет болса, оны өкілетті органға хабардар етпей алғаны үшін кәсіпкерге айыппұл салады. Бұл қандай жазалау шаралары? Электронды пошта арқылы сіздерге есепті жолдауға болмайды, сіздерде электронды дерекқор жоқ. Неліктен сіздер өз министрліктеріңіздің алдына осы мәселені қоймайсыздар? Сіздер өкілетті органсыздар ғой! – деді ол Дина Әбішева қарап.

Егер кәсіпкерде бос орындар болмаса және ондай болайын деп тұрмаған жағдайда не істеу керектігі түсініксіз. Алайда қатысушылар басқа есептерді тапсырудағы өз тәжірибелеріне сүйеніп, мұндай жағдайда есепті «нөлдік бойынша» тапсыру керек деп топшылады.

Тақырыпты талқылау кезінде көтерілген тағы бір мәселе – жұмыспен қамту органдары кәсіпкерлерді оларға қажетті мамандармен қамтамасыз ете ала ма? Көп жағдайда, қамтамасыз ете алмайды екен. Жұмыс таба алмай жүргендер ғана есепте тұр, ал жақсы мамандарды жұмыс берушілер алақайлап алып кетеді. Оларға еңбек биржасына барудың қажеті жоқ. Яғни, шын мәнісінде жұмыс берушіге бұл есепті тапсырудың еш маңызы жоқ, бұл оған керек емес.

Кеңес қорытындысы бойынша ӨКП Атырау облыстық прокуратурасына осы ахуалды түсіндіру өтінішімен хат жолдады. Мәселен, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 98-бабының 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, өкілетті органға бос жұмыс орындарының бар-жоғы туралы мәліметтерді бермегені, уақтылы бермегені үшін ғана жауапкершілік қарастырылған. Бірақ ол жерде болжамды жұмыс орындары туралы әңгіме қозғалмаған. Бұдан басқа, ӨКП прокуратурадан жұмыспен қамту органдары әрекетінің заңдылығын тексеруді өтінеді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор
30 қыркүйек 2016, 09:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.