Атырау, 28 қараша 10:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Қамыс арасындағы аңшылық және шекарашының түсіндірме сөздігі

3 584 просмотра

Батыс өңірінің әскери прокуратурасында дөңгелек үстел өтіп, онда шекаралық рұқсат қағазын енгізу тақырыбы талқыланды. Естеріңізге салсақ, енді облыста Каспий теңізі жағалауы бойындағы шекаралық аймақта орналасқан алқаптарға аңшылыққа шығу үшін шекаралық рұқсат қағазы қажет.

«КЕМСІТУШІЛІК ДЕГЕН СӨЗ КЕРЕК ЕМЕС»

Облыстық аңшылар мен балық аулаушылар қоғамының жаңа төрағасы Асылтек ЕСБОСЫНОВ:

- Біз мұны демалуға деген конституциялық құқығымызды шектеу деп есептейміз. ҚР Конституциясының 39-бабына сәйкес, адамның құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін.

«ҚР Үкіметінің «Шекаралық белдеудің, карантиндік белдеудің және шекаралық аймақтың шектерін белгілеу туралы» 2014 жылғы 16 сәуірдегі №356 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 600 үкімет қаулысында жекелеген режимдік шектеулердің қолданысы алып тасталатын немесе тоқтатыла тұратын шекаралық аймаққа кіретін шекара маңы аумақтарының тізбесі берілген.

Бұл құжатта шекаралық үш аңшылық алқабы - Құрманғазы ауданындағы «Утеринский» табиғи-рекреациялық аймағы, Утеры-Иголкинский банк және «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты көрсетілген. Бұл жерде шетелдіктерге аяқ басуға рұқсат етілген. Ендеше жергілікті тұрғындар мен ҚР-ның басқа азаматтарына қатысты, шын мәнісінде, кемсітушілік шаралары қолданылып отырғаны ғой. Бұл аңшылардың наразылығын тудырып отыр. Біздің ұйымымызда олар 6 мыңнан астам. Прокурорлық әрекет ету шараларымен ҚР азаматтарын кемсітушілік тұрғысындағы үкіметтің №356 және №600 қаулыларының күшін тоқтату туралы мәселені шешуді өтінемін.

Батыс өңірінің әскери прокуроры Жанболат АЕКЕНОВ:

- Бұл жерден ешқандай кемсітушілік көріп отырғаным жоқ. Құқықтар мен бостандық «Мемлекеттік шекара туралы» ҚР заңымен және осы Заңды орындау үшін шығарылған №356 және №600 қаулылармен шектелген. Бұл жерде шекарашылардың қатысы жоқ. Олар тек Заң орындаушылар ғана. Әскери прокуратура Заңның орындалуына бақылау жүргізеді. Екеу емес, айталық, бес жүз қаулы шықса да, біз оларды орындатуға мәжбүр етеміз. «Кемсітушілік» деген осындай сөздерді пайдаланбас бұрын, түсініп алу керек еді.

Есбосынов:

- Каспий теңізінің суы біресе көбейеді, біресе азаяды, мемлекеттік шекараның қай жерден өтетінін сіздер қайдан білесіздер?

Аекенов:

- 2013 жылы Атырауда Бас прокуратураның көшпелі алқа отырысы өтті. Алқа шешімін орындау үшін 2015 жылдың 10 желтоқсанында ҚР Премьерінің сол кездегі орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың жетекшілігімен ҚР Үкіметінің жанындағы шекаралық комиссия отырысы өтті. Ұлттық экономика министрлігіне ІІМ-мен және қорғаныс министрлігімен бірігіп, үкіметке Каспий теңізіндегі ҚР аумақтық суларының енін есептеу үшін бастапқы сызықтарды белгілеу туралы нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын енгізуге тапсырма берілді. Бұл шекарашылардың құзыреті емес. Және осы мәселеге нүкте қою керек. Неліктен Құрманғазы ауданында шекаралық рұқсат қағаздарға қатысты проблема жоқ? Өйткені ол жерде әкімдік жұмыс жасайды.

«ҚАМЫС АРАСЫНДА ШАРУАСЫ ЖОҚ»

№2016 шекаралық әскери бөлім штабы бастығының орынбасары Василий ПОПОВ:

- 2013 жылдың 16 қаңтарында қабылданған «Мемлекеттік шекара туралы» ҚР Заңына сәйкес, шекаралық аймаққа кіруді (жағалаудан 25 км) ҚР азаматтары жеке басын куәландыратын құжаттардың негізінде жүзеге асырады. Яғни, кез келген ҚР азаматы, мейлі ол Алматы немесе Қостанайдан болсын, кез келген шекаралас аудандағы шекаралық аймақта бола алады. Осы Заңда шетелдіктердің шекаралық аймаққа кіруі ІІМ беретін шекаралық рұқсат қағаздары бойынша жүзеге асырылады деп көрсетілген. Алайда №600 үкімет қаулысы туризмді дамыту мақсатында жекелеген аумақтардағы Заң әрекетін тоқтатады. Ол жерде шетелдіктерге рұқсат қағазы қажет емес.

ҚР азаматтарына қатысты Заң ешқандай алалаушылық жасап отырған жоқ.

Алайда шекаралық белдеуге кіру (жағалаудағы қайраңнан жүз метр) Заңға сәйкес, шекаралық рұқсат қағазы бойынша жүзеге асырылады. Мұнда Заңға сәйкес, шекаралық белдеуде кәсіпшілік мақсатында аңшылық етуге мүлдем тыйым салынған...

Есбосынов:

- Бұл кәсіпшілік емес, әуесқойлық аңшылық, кәсіпшілік – бұл халықты етпен қамту дегенді білдіреді!

Попов:

- Мұндай әңгіменің жүретінін біліп, сөздіктерге жүгінген едім. Кәсіпшілік бұл өндіру. Ал өндіру мен аңшылықтың кез келген түрі – бұл бірдей нәрсе. Бірақ шекаралық қызмет сіздердің жағдайыңызды түсініп, бұл жерден ешқандай проблема көріп отырған жоқ. (Аекеновке бұрылып) Оларда негізгі аңшылық жағалау қайраңынан 1000 метрдей жерде болады. Жағалау аймағының өзі қамысқа толы, ол жермен жүру мүмкін емес. Ол жерде істейтін ештеңе жоқ.

Бұл жерде проблема болмауы тиіс, шекаралық рұқсат қағазын алу үшін заңды тұлғалар – мекемелер мен өндірістік кооперативтер тізімдер дайындап, бізге №2016 әскери бөлімге ұсынады. Біз бір апта ішінде рұқсат қағазын дайындауға тырысамыз. Заңға сәйкес, олар тегін беріледі. Жеке тұлғалар үшін адамдарды бір-бірлеп жүргізбей, олардың тізімін дайындап, бізге ұсынумен қалалық әкімдік айналысуға тиіс. Бүгінгі күні бір жарым мыңнан астам аңшы шекаралық рұқсат қағазын алып, еш қиындықсыз аңшылық етуде.

ОЛ БІРДЕН АТЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН

Сөз соңында Аекенов ҚР Бас әскери прокуроры Ерғали МЕРЗАДИНОВТІҢ нұсқауын оқыды. Онда, атап айтқанда, соңғы кездері шекаралас аудандарда қорқыту, ашықтан ашық бағынбау, шекарашыларға күш қолдану секілді жағдайлардың жиілеп кеткені айтылған. Бас әскери прокурор «Мемлекеттік шекара туралы» Заңды басшылыққа ала отырып, әскери қызметкерге қатысты жергілікті тұрғындар тарапынан құқыққа қайшы әрекеттерді шабуыл деп түсінуге, ал әскери қызметкерде қару болған жағдайда, оны тартып алу әрекеті ретінде ұғынуға тапсырма берді.

Азаматтық тұлғалар тарапынан құқыққа қайшы әрекетке тап болған қаруланған әскери қызметкердің әрбір қару қолданбау фактісін шабуыл жасау немесе қаруды тартып алуға әрекет ету жағдайында қару қолдану ережесін бұзуы ретінде түсіну керек. Мерзадинов, сонымен қатар, «шекаралық қызметтің әскери қызметкерлері ескертусіз қару қолдануы ықтимал екенін жергілікті тұрғындарға тұрақты хабардар етіп отыруды» тапсырды.

- Бітті, театр аяқталды. Бетперденің, байдалар мен браконьерлердің дәурені өтті. Шекаралық қызмет жұмысы басталды. Ешкім назданып жатпайды! – деп сөзін түйіндеді Аекенов.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор
22 қыркүйек 2016, 17:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.