14 қыркүйекте қалалық мәслихаттың 6-шы сессиясында қалалық білім беру жүйесінде қалыптасқан ахуал туралы мәселе талқыланды.
ҮШ АУЫСЫМ – ТОҒЫЗ МЕКТЕПТЕ!
Өз баяндамасында Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Бақберген ҚАРАБАЕВ (суретте) былай деп хабарлады: «Басталған оқу жылында тоғыз мектепте - №№3, 15, 16, 22, 32, 33, 34, СТГ және Б. Нысанбаев атындағы мектепте оқушылар лық толы болып отыр. Оларда сабақ үш ауысымда оқытылады. Нұрсая ықшамауданындағы 624 орындық екі мектептің құрылысы тоқтатылды. Ақжайық поселкесінде (бұрынғы Ширина) Отаралиев атындағы ескі мектептің орнында 120 орындық жаңа мектептің құрылысы жалғасуда. Жұлдыз ықшамауданында 624 орындық мектеп құрылысының жобалау құжаттамасы әзірленді. Привокзальный ықшамауданында және Бірлік поселкесінде 280 орындық екі балабақша құрылысы аяқталды. №№15, 25 және 26 мектептерге күрделі жөндеу жүргізілді. Үш ауысымды мектептердің проблемаларын жою үшін шұғыл арада Нұрсая, Жұлдыз ықшамаудандарына, қала маңындағы Тасқала, Балауса, Көктем поселкелеріне мектептер салу керек.
Нұрсая, Бірлік, Самал және Жұлдыз тұрғындары үшін балабақшаға қатысты проблемалар өзекті болып отыр.
1 қыркүйекте мектептерде Орал, Ақтөбе, Астрахан жоғары педагогикалық оқу орындарының, Х. Досмұхамедов атындағы АМУ және Қ. Дүтбаева атындағы колледждің 162 жас педагог-түлегі жұмысқа кірісті. Олардың төрттен үші қазақ тілінде оқытатын мамандар. Қалада орыс тілді педагогтар тапшы болып отыр.
Атырау қаласында балалардың балабақшамен қамтылуы 57,1%-ды құрады. Олардың 3-тен 6 жасқа дейінгісі – 85%. Биыл 4 850 бала балабақшалар мен бөбекханаларға жолдама алды. 9 730 бала кезекте тұр.
Оқушыларды тасымалдау 14 мектепте жүзеге асырылады.
8 мектеп үшін қосымша автобустар алу керек. №№1, 14, 15, 23, 28, Т. Амандосов, Ф. Оңғарсынова және Ғ. Мұратбаев атындағы мектептерде ыстық тағам ұйымдастыру үшін асханалар салу керек.
Қалалық білім бөлімі үшін жаңа ғимарат салуға жер телімі қажет».
ДЕПУТАТТАР ТЕКСЕРУГЕ ШЫҚТЫ...
Қалалық мәслихаттың депутаттар комиссиясы мүшелерінің мектептер мен балабақшаларға жүргізген тексеру нәтижелері туралы қалалық мәслихаттың депутаты Салтанат РАХИМОВА (суретте) әңгімеледі.
– Мектепке дейінгі білім беру нысандарына қойылатын санитарлық талаптарға сәйкес, 2-3 жастағы топтарда бала саны 20 баладан, ал 3-4 жастағы топтарда – 25 баладан аспау керек. Бұл нормалар барлық жерде бұзылады. Көбінесе Атырау қаласындағы балабақшаларда 40-50, ал кейде 60 баладан бар екенін байқаймыз.
Осы санитарлық ережелердің 10-шы тармағында балалардың күндіз балабақшаларда болу режимінің негіздері реттелген. Балалар үйлеріне сағат 18.45-тен бастап сағат 19.00-ге дейін жіберілуі тиіс. Қаладағы балабақшаларда бұл режим сақталмайды. Көптеген балабақшаларда ата-аналардан балаларын 18.30-ға дейін алуды талап етеді.
Нұрсаядағы балабақшада балаларды сағат 18.00-де, ал Тасқалада сағат 17.30-да алуды талап ететіндігін тексеру жұмыстары анықтап отыр. Бұл адамдардың наразылығын тудырады. Балабақшаларға алыну кезектілігін сақтау үшін 5 адамнан тұратын комиссия құрылды. Олардың төртеуі қалалық білім бөлімінің қызметкерлері, ал бесіншісі – «Нұр Отан» партиясының өкілі. Комиссия отырыстарына тек білім бөлімінің қызметкерлері ғана қатысады, ал партия өкілі бірде-бір рет шақырылмады. Қалалық мәслихат депутаттары комиссия құрамына кірмейді. Неліктен? – дейді С.Рахимова.
Мектептердің лық толуы туралы. Биыл бірінші сыныптықтар саны көбейді. Мектептерде оқитын жерлер, мұғалімдер мен оқулықтар жетіспейді. Неліктен? Жоспарлау органдары демографиялық өсімді ескермейді. Мектептерде компьютерлер мен жиһаздар ескірген. Соңғы үш жылда бізге балалардың тегін оқулықтармен 100 пайыз қамтылғанын үнемі айтып келеді. Тексеру жұмыстары басқаша көрсетіп отыр – адамдар оқулықтардың жетіспейтіндігіне наразы.
ЖӨНДЕУ АЯҚТАЛМАҒАН
– №15 мектепті күрделі жөндеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Мектептің спорт залы ешқандай нормаларға сай келмейді, асхананы жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Балалар ыстық тағаммен қамтылмаған.
Ғ. Мұратбаев атындағы мектепте Рембаза мен Жұмыскер поселкелерінің балалары оқиды. Оларға енді ғана салынған Балауса ықшамауданының балалары қосылды. Мектепте 280 баланың орнына 544 бала оқиды. Спорт залы оқитын сынып ретінде берілген. Мұғалімдер бөлмесі жоқ. Педагогтар баспалдақты шеремен бөліп тұрған дәлізде отыр. Жаңбыр жауған кезде бүкіл сыныптың төбесінен су ағады. Мектеп Еркінқала-Атырау трассасынан екі жүз метр жерде орналасқан. Мектепке баратын жол жоқ. Лайсаң күндері мектепке жету өте қиын.
НЕГЕ ШАҒЫМДАНАДЫ?
Қалалық білім бөліміне азаматтардан көптеген шағымдар түседі. Шағымдарды қарау жан-жақты жүргізілмейді. Мәселен, төрт оқушының анасы И. №15 мектеп педагогының қызына тіл тигізгендігі, сол себепті қызының өз-өзіне қол жұмсамақ болғандығы жөнінде шағымданған. Оның қызына оқулықтар берілмеген. Бұдан басқа, ата-аналар мектептердегі алым-салықтарға наразы. Бастауыш сыныптарды аяқтаған кезде бітіру кешіне ата-аналар 11 мың теңгеден жинаған. Білім беру бөлімінің басшысы сынып жетекшісінен түсініктеме талап етпеген, балаға психолог тексеру жүргізбеген, мектептегі ата-аналар жиналысының хаттамасы формальды түрде толтырылған. Педагогикалық этикаға қарама-қайшы болатын педагог пен оқушы арасындағы қарым-қатынас фактісі және алым-салық фактілері тексерілмеген. «Ақша жинау фактісі расталмады», деп біржақты тұжырым жасалған.
Азаматша А. шағымында №16 балабақшаға баласын орналастыру кезінде ақша төлеп, тәрбиешіге мектепке дайындайтын қосымша сабақтар үшін бөлек 4 мың теңге төлегендігін жазған. Бала жарақат алған кезде мекеме қызметкерлері оған хабарламапты.
Әйелдің шағымында көрсетілген заң бұзушылықтар бойынша ешқандай шаралар алынбаған. Шағым қаралмаған, балабақша меңгерушісінен түсініктеме алынбаған. Осының салдарынан шағымданушы шағымын кері алған.
Ата-ана У. білім бөліміне 21 сәуірде шағым жазып, жауабын ала алмаған. Шағымның түсу фактісі бойынша тексеру жүргізілмеген. 12 мамырда әйел екінші шағымын жазады, ол қайтадан бірінші шағымды қараған кісіге түседі. Бұл «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» ҚР Заңын бұзу болып табылады.
Мектептерде психологтардың жұмыс жасағаны көрінбейді. Мұғалімдердің балаларға тіл тигізу және кемсіту фактілерін бұл мамандар назарға алмай отыр. Олар шағымдарға талдау жүргізбейді. Ал кәмелетке толмағандар арасында суицид жағдайлары көбейіп отыр. Егер 2015 жылы балалар арасында суицидтің төрт әрекеті орын алса, 2016 жылдың бірінші тоқсанында да төрт суицид әрекеті орын алған, соның ішінде біреуі өлімге әкеп соқтырған аяқталған суицид.
Жыл сайын мектептер мен балабақшаларды жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінеді. Сондықтан ата-аналардан жөндеуге, көгалдандыруға және т.б. ақша жинауды доғару керек.
Б.Қарабаев мінберге қайта келіп, өзінің оқушылардың ата-аналарынан ақша жинауды тоқтату керектігі туралы екі мәрте бұйрық бергенін мәлімдеді. Ақшаны мұғалімдер емес, ата-аналар комитетінің мүшелері өз еріктерімен жинайды!
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВСуретті түсірген автор