Атырауда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында пациенттің сібір жарасынан көз жұмғаны туралы қауесет тарады. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде мүйізді ірі қараның «нодулярлы дерматит» сырқатының таралуына байланысты ет пен сүт өнімдерін сатып алмауға үндеген жазбалар пайда болды.
НЕҒҰРЛЫМ ҰЗАҒЫРАҚ ҚАЙНАТСА, СОҒҰРЛЫМ ЖАҚСЫ
Сібір жарасынан көз жұмған пациент туралы қауесетті Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті үзілді-кесілді жоққа шығарды. «Атырау облысының аумағы М.Айкимбаев атындағы Қазақ карантин және зоонозды инфекциялар ғылыми орталығының мәліметтері бойынша, сібір жарасы қоздырғышының жұғу қаупі бар шартты-қолайлы аймаққа кіреді. Сібір жарасымен адамдар ауырған соңғы жағдай біздің өңірде 1997 жылы тіркелді. Осыдан кейін және күні бүгінге дейін мұндай фактілер тіркелген жоқ», - делінген департаменттің редакция сауалына берген жауабында.
Ал бруцеллезге қатысты ахуал қауырттау. «Бірінші жарты жыл ішінде облыс аумағында адамдардың бруцеллезге шалдыққан 23 жағдайы тіркелді: 11-і Қызылқоға ауданында, 10-ы Индер және 2-уі Атырау қаласында. Барлық жағдайда ешкі-қой түріндегі қоздырғыш анықталды, демек бұл ұсақ қара малы - ауру жұқтыру көзі болғаны. Бруцеллез бойынша қолайсыз елді мекендерде облыстық ветеринарлық қызмет пункттері сауықтыру шараларын жүргізуде», - делінген Тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің жауабында.
Ал жалпы әзірге ет пен сүт өнімдерін сатып алудан мүлдем бас тарту жөніндегі кең тараған кеңестерге құлақ асқан жөн бе? Жануарлар өнімінің қауіпсіздігі туралы облыстық аумақтық ветеринарлық бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Слухия БИСЕНОВАМЕН (суретте) әңгімелестік.
– Жыл сайын ветеринарлық қызмет үшін ерекше қауіпті сырқаттар бойынша алдын алу және диагностикалық шаралар жоспары әзірленеді. Бұл жұмыс республикалық бюджет есебінен жүргізіледі. Мәселен, міндетті түрде құтыруға, сібір жарасына қарсы малға вакцина салу, жоғары патогенді құс тұмауына қарсы өңдеу, эхинококкозге қарсы ит пен мысықтарға, обаға қарсы түйелерге вакцина егу жүргізіледі. Мүйізді ірі қара мен ұсақ қара мал туберкулез бойынша, жылқылар – маңқа секілді қауіпті бактериалдық жұқпалы ауру бойынша тұрақты тексеріліп тұрады. Жалпы, соңғы жылдары біздің өңірімізде аса қауіпті сырқат бойынша ахуал қолайлы болатын. Алайда биыл бруцеллез өзінің бар екенін көрсетті. 20 шілдеде ветеринарлар 100 мыңнан астам мүйізді ірі қараны бруцеллез бойынша тексерді. 543 сиырда оң нәтиже бар болып шықты. Тексерілген ұсақ қара малдың 414 мыңының 2221-інде оң нәтиже шықты. Ең жоғарғы ауру жұққыштық – Қызылқоға ауданында.
– Бруцеллез анықталған жануарларға не болады?
– Олар міндетті түрде 15 күн ішінде союға кетеді. Мүйізді ірі қараның етін ветдәрігер тексеріп шыққаннан кейін, егер ішкі ағзалары мен лимфа түйіндерінде ешқандай патологиялық өзгерістер болмаса, дұрыс термиялық өңдеумен тамаққа қолдануға болады. Қайнатқан кезде, мәселен, бруцеллез таяқшасы бірден өледі. Сондықтан мүйізді ірі қара малдың еті бүкіл қажетті тексеру жұмыстарынан кейін шектеусіз жіберіледі. Ұсақ қара малдың бруцеллезі анағұрлым орнықты, сондықтан сойғаннан кейін ет қайта өңдеуге - қалбырлауға немесе пісірілген шұжық дайындауға жіберіледі. Етті дайындау кезінде оны мұқият термиялық өңдеуден өткізу өте маңызды екенін тағы да атап өтемін.
Облыстық ветеринария басқармасы ұсынған соңғы ақпарат бойынша, «нодулярлық дерматит» бойынша карантин жариялаған аймақта (Құрманғазы мен Исатай аудандары, Атырау маңындағы екі село) малдың жалпы саны 79 мыңды құрайды. Бүгінгі күні оның 4 833-і сырқат. Індет басталғалы 390-ы өлген. Сонымен бірге, ветеринарлар жақсы динамиканы атап отыр – 1 171 жануар сауығып кеткен.
«Нодулярлы дерматиттің» вакцинасы жоқ. Ветеринарлық дәрігерлер малды емдеу кезінде қолданылатын қажетті антибиотиктермен қамтылған. Дәріні тері астына егеді. Аурудан сауыққан жануарларда «нодулярлы дерматитке» төзімді иммунитет қалыптасады.
«ВЕТДӘРІГЕРЛЕР ЖҰМЫЛА ЖҰМЫС ЖАСАУДА»
– Бастапқы кезеңде бұл сырқат жануарларда бірден білінбейтін шығар және мал иелерінде ауру жұқтыру қаупі жоғары ма?
– Бастапқы кезеңде жануарларда бруцеллез шынымен де ауру белгілерінсіз өтуі мүмкін. Қауіптенудің алғашқы белгісі – буаз жануарлар түсік тастайды. Жануарларда басқа сырқат байқалған жағдайда оны басқа малдан оқшаулап, ветдәрігерге хабардар ету керек.
Сонымен қатар, мал иелері мал баққан кезде өз қауіпсіздігі туралы қамдану керек. Мал қорада үй киімімен емес, жұмыс киімімен жұмыс істеу керек. Бүкіл жұмыстарды қолғаппен жасау керек, міндетте түрде қол жуу қажет. Бүгінде бүкіл мал иелері малды соймас бұрын міндетті түрде ветеринар шақырылуы тиіс екенін үйренді. Тіпті, егер біреуге малды тарту етсе де міндетті түрде ветдәрігерді шақырып, оны тексертеді.
– Дегенмен де адамдар алаңдаулы: сауда нүктелерінде сатылатын ет өнімдері қаншалықты қауіпсіз?
– Ет сөреге түспес бұрын ветеринарлық-санитарлық сараптама жасалады. Жануар сойылмас бұрын тексеруден өтеді, сойылғаннан кейін тексеріледі, әрі қарай зертханалық тексеру жүргізіледі. Атырау облысында 14 ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханасы жұмыс істейді, оның алтауы – жеке. Сойылған малдың еті тек қауіпті сырқаттардың болуына ғана емес, жалпы радиациялық тұрғыда тексеріледі. Сатып алынатын өнімнің қауіпсіздігіне сенімді болу үшін сатушыдан ветеринарлық-санитарлық сараптама анықтамасын сұрау керек.
Бұл тек етке ғана емес, сүт өнімдеріне де қатысты. Әрине, жануарлар өнімдерін қолдан сатып алмаған жөн.
– Мүйізді ірі қара малында «нодулярлы дерматиттің» пайда болуына байланысты: мамандар оның адамға жұқпайтынын айтады, бірақ бұл жүз пайыздық факт емес. Сырқат мал етінің саттыққа түспесіне кепілдік бар ма?
– Қолайсыз аудандарда карантин жарияланды, қазір ол жерде ветдәрігерлер жұмыла жұмыс жасауда. Ол жаққа ешқандай мал апарылмайды және бір грамм ет пен сүт шығарылмайды. Барлығы қатаң бақылауда. Сондықтан алаңдауға себеп жоқ.
– Осы сырқаттан өлген жануарлардың өлексесін не істейді?
– Оларды өртейді, содан соң арнайы бөлінген жерге көмеді.
Атырау облыстық статистика департаментінің мәліметтері бойынша, 2016 жылдың 1 шілдесінде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, барлық санаттағы шаруашылықтарда жылқы саны 6 пайызға көбейіп, 67,6 мың басты, мүйізді ірі қара 0,3 пайызға өсіп, 172 мың басты, ешкі – 3,5 пайызға көбейіп, 125,9 мың басты, түйе – 1 пайызға көбейіп, 32 мың басты, қой – 0,3 пайызға көбейіп, 549,7 мың басты құраған.
Шошқа саны 29,9 пайызға азайып, 0,4 мың басты құрады. Көрсетілген уақыт аралығында шаруашылықтарда малдың сойылуы және тірілей мал мен құстардың барлық түрін қасапханаға өткізу 22,1 мың тоннаны құрады. Бұл тиісті кезеңмен салыстырғанда өткен жылдың деңгейінде қалды. Сиыр сүтін өндіру 3,8 пайызға көбейіп, 32,2 мың тоннаны құрады, тауық жұмыртқасы – тиісінше 2,4 есеге көбейіп, 46 175,4 мың дананы құрады.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор