Алматыдағы бүгінгі оқиғаларды көзімен көргендердің бірі «АЖ» қызметкерлерінің бірінің туысқаны болып шықты. Ол іле-шала оған төмендегілерді жазып жіберіпті.
Бүгін дүйсенбі, 18 шілде. Көші-қон полициясына балаларымның төлқұжатына жапсырма жасату үшін келгенмін. Кезекке тұрып, терезе арқылы офицерден егжей-тегжейін сұрастырып, формулярлар жапсырылған стендтерге бардым. Құжаттардың тізімі бойынша сұрақ туындап, терезеге қайта кезекке тұрдым. Кенет ер адам дауысы шығып, біреумен ұрысып жатқандай, түсініксіз етіп әлденені айқайлай бастады. Жұртшылықтың бәрі сол жаққа назар аударды, бірақ кейін өз шаруаларымен болып кетті. Бірер секундтан кейін тарсылдаған дыбыстар, гүрсілдер, ер адамның айқайлары естілді. Жұрт үрпиісіп қалды, өйткені – мұның біреуді жай балағаттау еместігі түсінікті болды. Кімнің айқайлағаны түсініксіз еді, бәрі кірер есікке жапа-тармағай жүгірді, ол жер күту залынан көрінбейтін. Терезенің ар жағындағы полицейлер өз орындарынан өре түрегелді. Есікке жақын тұрғандары біреулермен сөйлесіп жатты. Бұйрықты айқайлар тоқтамады: Есікті жабыңдар, бәрін бұрышқа қуыңдар! Жұрттың бәрі бағандарға қарай ырғып түсіп, алаң ортасы ашық қалды. Айқай-шу, байбалам басталды. Не болып жатқанын ешкім түсінбеді, әлдебір заңды белден басқан біреу қашып кетіп, оны тоқтатуға тырысып жатқандай естілді. Біреудің касса жақтан ақша салатын дорбаға ұқсайтын қапқа жабысқанын көрдім (тонау шығар деп ойладым!). Кенет: «Бәрің еденге жатыңдар!!!» деген айқай естілді. Адамдар шыңғырып, еденге сұлай кетті. Мен бұрышта қалдым. Балалар жылап, әйелдер еңірей бастады. Бұйрық топ ішінен көрінбеген адамдардан беріліп жатты, бірақ оларды көз алдымызда тұрып, кірер ауызды қарап тұрған полиция қызметкерлері жеткізіп тұрды.
Олар да айқайлап жатқандарға қарсы шара қолдануға дәрменсіз болып көрінді. Бірақ жұрттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек қой, сондықтан бұйрықтарды айқайлап қайталап тұрды. Еденде жатып, күйеуіме: «Мен Байтұрсынов-Виноградовтағы көші-қон полициясында кепілдікке алындым. Тонау немесе әлдебір қашқан адам сияқты. Біз еденде жатырмыз» деп жаздым. Ол: «Түсінбедім. Қалай?» деп жазды. Жазып та үлгеріп, күйгелектене де бастадым. Өйткені «полиция шақыр» деп жазуым керек. Бірақ сол сәтте «тез бәрің екінші қабатқа көтеріліңдер» деген бұйрық келді. Үш-төрт полицей жұртты жоғарыға апарды. Жолай қызметкерлер «айқайламаңыздар, бәрі дұрыс, тез жоғарыға шығайық» деп айтып жатты. Адамдар үрейлі кинодағыдай айқайлап, баспалдақпен жоғарыға қарай жүгіріп барады. Ол жерде тыныштау, қызметкерлерде дүрлігіс жоқ. Адамдар біртіндеп өз-өздеріне келіп, кім, не, неліктен деп сұрақтар жаудыруда. Біреулер жылаған бала-шағаны тыныштандырса, біреулер үрейден қалшиып қатып қалған. Қасымыздағы ер адам көшеде атыс болып жатқанын айтты. Қызметкерге жақындап барып, не болып жатыр деп сұрадым. Ол АІІБ-ге шабуыл жасалғанын, кезекшінің өлтірілгенін айтты.
Ал АІІБ-нің көші-қон полициясына іргелес тұрғанын білесіз! Біздің полицейлер оқ атылғанын естіп, өздері де толық ақпаратты білмей, іштегі жұртшылықты бейімдеген екен. Бұл ақпарат адамдарға тарап, проблеманың біздің ғимаратта еместігін түсіндік. Бірақ өз-өзімізге келу өте қиын еді. Әрине, АІІБ-ге шабуыл жасалған армян сценарийі ойыма келді. Қабаттарға тез көз жүгіртіп өттім, бүкіл терезелерге тор салынып, құлыпталған. Қашатын жер жоқ. Күйеуіме қоңырау шалып, жағдайды түсіндірдім. Ол кеңседен жүгіріп шығып, көлігіне отырып жатыр екен. Ауданның қауіпсіз еместігін, келмеуін өтіндім. Ол тыңдамады, жанынан өтіп кетейін деді. Полиция дүрлікпей, халықты тыныштандырды, ахуалды анықтап, адамдарды босатуға уәде берді. Бәрі телефоннан «біз кепілдікте қалдық, балаларды әкетіп, ауданнан өздерің кетіп қалыңдар» (машинада күтіп қалғандарға) деп айқайлап жатты. Біреулер мүлдем селт етпейді, мен қызметкерлерге жармасып, ҰҚК-не хабардар етіп, адамдарды босатып жіберу керектігін, өйткені бұл жер сырттан да қауіпті екенін айттым. Бірер минуттан кейін полицейлердің өздері жағдайды барлап, адамдарды шығарып жіберуге шешім қабылдады.
Үш-үштен бірінші қабатқа түсе бастадық. Полиция аралықта бақылау нүктелеріне тұрды. Біреулер бронжилеттер киіп алған, бағандарға жилеттер, бетперделер және басқа да қорғаныс құралдары қойылған. Үш-үш адам болып көшеге шықтық, полиция қақпа алдындағы аумақты тазартты, олардың артынан адамдар еріп шықты. Аумақтан тездетіп шыққан кезде, жол бойында тұрған күйеуімді көрдім. Көлікке мініп, оқиға орнынан кетіп қалдық. Менің көлігім АІІБ-нің қарсы бетіндегі тұрғын үйдің ауласына қойылған еді. Жолай көлігімді тастап кетем деп ұйғардым, бірақ ол алып кетейік деді.
Тоқтап, көлікті алып кетпек болып шештік. Құдайға шүкір, бәрі дұрыс болды. Мен үйге, ол қайта кеңсесіне кетті. Жолда қоңыраулар шалдым, жаңалық лентасы әлі бос, қолым дірілдеп отыр, өзіме келіп, бүгінге белгіленген істерімді бітіруге тырысқаныммен, үйге жақындағанымда ішкі түйсігім бұл жағдай шиеленіседі, қаладан кетіп қалу керексің деді. Бүкіл отбасымыз таңертең саяжай жаққа кетіп қалған, үйде тек жиенім қалған еді. Жолда үйдегілерге қоңырау шалып, істің мән-жайын айттым. Күйеуіме үйдің кілті керек екен, оны оған жолай апарып тастайтын болып келістік. Үйден заттарды жинап, аздап көңілім жайланып, шығып кеттім. Атыс болған жерден өтпеуге тырыстым. Бірақ Гоголь-Желтоқсан қиылысында мені тосын сый күтіп тұрды. Қиылыстың қақ ортасында азаматтық джиптің төңірегінде түсініксіз у-шу болып жатыр. Қолдарына қару ұстап, бронежилет киген адамдар жүр. Машина тұр, айналадағы адамдар тез, шалт қозғалады. Машина орнынан жұлқи қозғалып, менің көлігіммен қатарласып тұра қалды. Ал маған тоқтау керек, өйткені кеңсе осы жерде. Джип жаққа қарамауға тырысып, күйеуімнің нөмірін тердім. Көзімнің қиығымен олардың ішінде форма киген адамдар бар екенін сездім, бірақ бәрібір әлі түсінікті емес. Осы жерде джиптен қаруланған топ топырлап түсті, басқа жеңіл машиналардан да түсіп жатты. Сол кезде мұның арнайы жасақ екені және азаматтық киіммен автомат асынған адамдардың анық біреудің артынан қуып бара жатқаны түсінікті болды. Мұның бәрі жұбайым кілт алуға түскенше, бірер секундта орын алды. Кілтті берген соң, қуғынға қарсы бағытқа қарай жүріп кеттім.
Саяжайға аман-есен жеттік, жолда тұйық кеңістікке кіргіміз келмесе де, азық-түліктер алу үшін супермаркетке баруға мәжбүр болдық. Үрейге бой алдырып, қамданып алдық та, кетіп қалдық. Көлікте отырған кезде, бүгінгі оқиғалар туралы түрлі хабарламалар алдым. Жалпы, қалада не болып жатқанын білмеймін, бірақ жақсы ештеңе жоқ. Күйеуім әлі кеңседе, бізге кел деп айтумен отырмын. Радиода профилакикалық жұмыстар болып жатыр, жаңалықтар лентасында қарама-қайшы, what's app-тағы хабарламалар қорқынышты. Бүкіл қалада полицей сирені естіліп, «жедел жәрдем» көліктері ерсілі-қарсылы жүр.
Міне, бүгін басымнан осындай жағдай өтті.
Менің тұжырымым:
Кепілдікке алу қаупі болған жағдайда тек өзіңе ғана сену керек, еш абыржымай, салқынқанды болу керек, олай болмаса сіз өзіңізге бақылау жасай алмайсыз. Сытылып немесе қашып кететін жер табуға тырысу керек. Үрей қас қағым сәтте бойды билеп алады. Қауіп көзіне, жаныңдағыларға қарамау - еш көмектеспейді. Мені дүрліккен топ ішінде өзі де сезінбестен, әлдебір ер адам таптап кете жаздады. Басып кетпес үшін бұрыштан әрігірек тұру керек. Бірақ адам мұндай жағдайда дәрменсіз болып қалады. Тек жақсы аяқталсын деп, бір Жаратқанға ғана сыйынасың. Дүрліккендерді тыныштандыруға тырыспаңыз, қалай дегенмен де, алғашқы минуттарда олар ықтимал қауіп төндіреді. Өзіңізге артық назар аудару қажет емес. Таяу күндерде халық шоғырланған жерден алыс жүрген жөн. Осындай жағдайға жеттік.
Азаматша N.
Алматы - Атырау