Таяуда өткен қалалық мәслихат сессиясында жыл сайын шығыны 200-300 млн теңгені құрайтын «Атырау Су Арнасы» КМК-ның жабдықтарды жаңғырту нәтижесінде тиімді кәсіпорынға айналғандығы мәлім етілді. Біз КМК директоры Андрей ТАШЛЫКОВТАН (суретте) мұның қалай жүзеге асқанын әңгімелеп беруді өтіндік.
«ЭРГОНОМИКАМЕН» ТІЛ ТАБЫСТЫ
– Біздің кәсіпорын Атырау қаласы мен Мақат ауданын сумен қамтамасыз етеді. Бұл 330 мыңдай адам. Шығындардың негізгі баптары – электр энергиясы шығындары, химреагенттер, басқа қажетті материалдар, қызметкерлердің жалақысы. Кәсіпорынның экономикалық ахуалына 20 пайыздан астам көлемді құрайтын судың коммерциялық шығындары да теріс әсерін тигізді. Бұдан басқа, жабдықтар мен механизмдердің едәуір бөлігі ескірді. Мәселен, қалалық су тазарту қондырғыларындағы сорғы агрегаттары тозды. Олар 60-жылдардан бері келе жатыр. 2013 жылы «Грундфос» компаниясымен бірлесіп, қаладағы 45 су құбыры қысымын көтеру сорғы станцияларының бірінде энергия үнемдеуші сорғы агрегаттарын монтаждау бойынша пилотты жоба жүзеге асырылды. Тек бірінші жыл ішінде осы станцияда электр энергиясын тұтыну жартылай азайды. Алайда бұл алғашқы қадам еді. Елеулі экономикалық үнемділікке қол жеткізу үшін бізге бүкіл сорғылардың, күш беретін жабдықтардың кем дегенде 80 пайызын ауыстыру керек болды. Алайда бекітілген инвестициялық бағдарлама шеңберінде жаңғырту жұмыстарын қажетті көлемде орындау мүмкін болмады. Өйткені әңгіме тарифтің күрт көбеюіне әкелетін қомақты қаржы шығындары туралы еді. Басқа жолдарды іздестіруге тура келді.
2014 жылдың ақпанында «Атырау Су Арнасы» КМК мемлекеттік-жеке серіктестік аясында «Эргономика» ҒӨФ ЖШС-мен 1 млрд 252 млн теңге сомаға су есептегішінің энергия үнемдеуші жабдықтары мен жоғары кернеулі тораптарын жеткізуге келісімшарт жасады. Оның 675 млн теңгесі 2014 жылдың инвестициялық бағдарламасына салынды, ал 577 млн теңгесін «Эргономика» тауарлық несие түрінде ұсынды. Қарыздарды 2014-2016 жылдар ішінде төлейміз, бұл біздің кәсіпорын бюджеті үшін әбден қолайлы.
Осы қаржыларға 432 топтық су есептегіш аспап пен 191 энергия үнемдегіш сорғы агрегаты сатып алынып, орнатылды. Содан соң біз бірден электр энергиясының едәуір үнемделе бастағанын байқадық. Егер бұрын кәсіпорын айына 1,5-1,7 млн кВт/сағат тұтынса, енді жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін 0,9-1,0 млн кВт/сағат тұтынатын болды.
Электр энергиясынан үнемделген қаржыны біз жаңғыртуды жалғастыру үшін пайдаландық. 2015 жылы 315 млн 656 мың теңге сомаға кейін 2016-2018 жылдар ішінде төлеу шартымен энергия үнемдейтін сорғы жабдығын жеткізу туралы «Эргономикамен» тағы бір келісімшарт жасадық.
Жаңа жабдықтарды құрастырумен өз қызметкерлеріміз айналысқандықтан едәуір ақшаны үнемдеуге қол жеткіздік. Бұған сырттан ешкімді тартпадық, алайда бұл жұмыс өте жоғары біліктілікті талап етеді. Оны біздің қызметкерлеріміз атқарып шықты.
АҚЫЛДЫ СОРҒЫЛАР
– Электр энергиясын үнемдеу туралы түсінікті болды. Жаңа сорғылардың тағы қандай артықшылықтары бар?
– Олар толықтай автоматтандырылған. Егер бұрынғы жабдықтар тәулік бойына бірдей көлемде су айдаса, бұл сорғылар қала тұрғындарының ағымдық тұтыну көлеміне қарай қашан судың аз немесе көп керек болатынын есептейді. Түнде, мәселен, күндізге қарағанда аз көлемде айдайды. Оның үстіне, осы жабдықпен біздің тағы бір айтарлықтай проблемамыз шешілді: бұрын түнде су тұтыну төмендеген кезде, тиісінше, тұрбадағы қысым көбейетін, жеке сектордағы су құбырлары көбінесе бұған шыдамай, жарылып кететін. Қазір мұндай проблема жоқ. Электрониканың өзі бәрін есептейді, қаланың сумен қамту жүйесі үлкен бір реттелген механизм секілді жұмыс істейді. Оның үстіне жаңа сорғы қондырғыларын орнату кезінде бұрынғының орнына жаңа полиэтилен су құбырлары жүргізілді.
– Жабдықтарды жаппай ауыстыру кезінде қала тұрғындары үшін қолайсыздық тудырмаудың жолын таптыңыздар ма?
– Түнде жұмыс жасауға тырыстық. Айына бір-екі рет түнде су беруді уақытша тоқтаттық. Мұнымен «Атырау Су Арнасы» нысандарындағы энергия үнемдеу шаралары аяқталмады: су тазарту станциясындағы қазандыққа сыртқы ауа температурасына байланысты жұмыстарды автоматты басқару жүйесі бар жаңа қазандық орнатылды. Ол қазір іске қосылған.
– Тағы не үнемдей алдыңыздар?
– Иә, жарықтандыру мәселесі де бар. «НеоИнтелКомп» ЖШС-мен жасалған келісімшарт бойынша 31 млн теңгеге жарық-диодты шамдар сатып алып, нысандарға орнаттық. Жаңа жарықшамдар үшін екі жыл ішінде есеп-айырысамыз. Бүкіл автопаркті газ жабдығына ауыстырғаннан кейін де жақсы үнем жасадық. Оның үстіне, біздің автокөліктердің барлығы енді GPS-навигаторлармен жарақталған. Онлайн режимінде жүргізушінің қайда барғанын, жұмыс күні бойына машинаның қайда болғанын бақылауға мүмкіндік бар. Жанар-жағармайға осылай үнем жасаймыз.
– «Атырау Су Арнасын» жаңғырту осымен аяқтала ма?
– Жоқ, аяқталмайды. Қазір үшінші кезеңді бастаудамыз. Тазарту құрылғысының қажеттіліктері үшін электр энергиясын, ыстық су мен жылу энергиясын өндіретін когенерациялық қондырғы сатып алу жоспарымызда бар. Тендер өткізіліп, осы қондырғыны жобалаушы мердігер белгіленді. Оны енгізгеннен кейін 1 кВт/сағат үшін өзіндік құны 5 теңге мөлшерінде өз электр энергиямызды өндіре аламыз. Бұл біз қазір сатып алуға мұқтаж болып отырған энергиядан үш есеге арзан. Сонымен қатар, қазір тұтынушыға берілетін ауыз суды залалсыздандыру үшін оксиданттар өндіретін эксперименттік электролиз қондырғыларына сынақ жүргізілуде.
Осы мақсатқа сұйық хлор мен натрий гипохлоритін пайдаланудан толықтай бас тартпақ ойымызда бар. Суды залалсыздандыру үшін оксиданттар ерітіндісін біздің Индер тұзынан алу жоспарланып отыр. Оның сапасын анықтау жұмыстары жақсы нәтиже көрсетті. Таяу арада электролиз қондырғысын жобалауға конкурс өткізілетін болады. Хлор мен натрий гипохлоритінен бас тарту химреагенттер шығындарын 5-6 есеге азайтады.
«ТОПТЫҚ ЕСЕПТЕГІШТЕР ӘР ЖЕРДЕ БОЛАДЫ»
– Менің түсінуімше, тиімділікке шығу факторларының бірі –жақын арада Атырау қаласындағы көппәтерлі 92 үйге ортақ су құбыры есептегіштерін орнату болды. Ал бұл көптеген тұтынушылардың наразылығын тудырды, тұрғындарға пәтерлерінде орнатылған өз жеке есептегіштеріндегі көрсеткіштен тыс төлеуге тура келеді.
– Тұтынушы бізді де түсінсе дейміз. Біз қазір бүкіл учаскеде қанша судың қайда кетіп жатқанына бақылау жасаймыз. Егер үйге судың белгілі бір көлемі кірсе, онда ол үшін төлеуге тура келеді. Неліктен біз өз өнімімізді біреулерге бере салуымыз керек? Егер үйде судың жылыстауы анықталса, оны жою керек, сонда артық төлеуге қатысты проблема болмайды. Топтық су есептегіш аспаптарды орнатуды жалғастырамыз, олар облыс орталығындағы бүкіл көппәтерлі үйлерге орнатылатын болады.
– Тікелей тұтынушылар үшін КМК-ні жаңғыртудағы артықшылықтар қандай?
– Сапалы әрі үзіліссіз сумен қамтылу, сонымен қатар, шығындарды қысқарту шараларының арқасында алдағы уақытта тарифтің өсуіне жол бермеуге жұмыстанамыз.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор