Атырауда облыстық дін істері жөніндегі басқармасының және «4 билік» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Мемлекет, қоғам және дін қарым-қатынастары» деген тақырыпта журналистерге арналған семинар-тренинг өтті.
Тренер ретінде теолог, Діндерді зерттеу орталықтары қауымдастығының сарапшысы Расим ЧЕЛИДЗЕ шақырылды. Ол Қазақстанда туып-өскен этникалық түрік, оның ата-бабалары 1944 жылы осы елге оңтүстік Грузиядан депортацияланған. Р.Челидзе - «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің алғашқы түлектерінің бірі, Түркияның Улудаг университетінің теология ғылымдарының докторы.
Оның пікірінше, мемлекет дәстүрлі емес діни ағымды ұстанған адамдарды қудалау арқылы оларды радикалды әрекеттерге баруына итермелейді. Агрессия агрессияны тудырады. Көпшілігі қысымшылықтарға шыдамай, шетелге, яғни оларды құшақ жая қарсы алатын «әбден машықтанған» джихадшылары бар елге кетіп жатады.
Челидзе егер ислам дініндегі дәстүрлі емес бағытты ұстанғандар заңды бұзбаса, оларға толеранттылық танытып, Исламның негізгі мән-мағынасын төзімділікпен түсіндіру қажет деп есептейді.
Біз одан Ақтөбедегі жағдайдан соң Қазақстандағы салафизмге мүлдем тыйым салу қажет деген қоғамда кең таралып кеткен пікірге қалай қарайтынын білмек болдық.
- Біріншіден, тыйым туралы айтпас бұрын салафиттік ағым деген не, «саляф» деген сөз нені білдіреді деген сұрақтарға нақты анықтама беру керек, бұл өте маңызды. Бұл күрделі мәселеге өте мұқият қарау керек. Екіншіден, мен нақтылық қажет деп есептеймін. Егер дін ұстанған адам бейбітшілікті насихаттап, тату өмір сүрсе, онда оны қудалауға себеп жоқ. Ал егер ол өзінің діни көзқарасы негізінде басқа адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп-қатер төндіретін әрекеттер жасаса, онда ол заңмен жазалануы тиіс.
Айнұр САПАРОВА