Біз Атырауда басқа қаладан келген қонақтарды апаратын жер жоқ деп айтып жүреміз. Іс жүзінде солай ма? Біз бұл туралы көшедегі жаяу жүргіншілерден сұраған едік.
Нұргүл ХАСАНОВА:
- Мен өзім Шымкенттенмін. Атырауда тұрып жатқаныма бірнеше жыл болды. Екі жылдай бұрын анам мен сіңлім алғаш рет қонаққа келді. Бірінші, Атырауда әсер қалдырған жер – Сәтпаев даңғылы. Тіпті, олар сельфилетіп, бір-бірін суретке түсіруі үшін қаланың бас көшесімен серуен ұйымдастыруға тура келді. Исатай-Махамбет алаңында серуендедік. Анам мен сіңлім орталық көпір мен одан көрінетін қала көрінісіне сүйсінді. Қаланың басқа қонақтары секілді, «Еуропадан» «Азияға» өтетін өткел де күшті әсер қалдырады. Өзім көп жұмыс жасайтындықтан, оларды қала сыртына шығаруға мүмкіндігім болмады, сондықтан жағалау бойымен серуендеді. Оларға қаладағы барлық аудандардың жаттығу құрылғылары бар алаңдармен жарақталғаны қатты ұнаған. Шымкентте сол кезде мұндай болған жоқ. Содан соң, әрине, оларға күн сайын баратын жағажай да ұнаған...
Елена ДАВЫДОВА:
- Қазақстанның түкпір-түкпірінен үнемі қонақтар келіп тұрады. Балалар демалысын ұйымдастыру өте қиынға түседі. Қалада парктер мен аттракциондардың жоқтығы білінеді. Киноға, боулингке барамыз, жағалауда қыдырамыз. Айтпақшы, қаламызды кесіп өтетін біздің Жайық өзені қонақтардың көпшілігіне әсер қалдырады. Жағалау бойымен серуендеу бәріне қатты ұнайды. Бірнеше кеш бойына серуендейміз. Әр шыққан сайын Жайықтың әр тарапымен қыдырамыз. Қонақтардың барлығы жаяу жүргіншілер көпірінен үлкен әсер алады. Бәріне Жеңіс бағы қатты ұнайды.
Көпшілігі қазақ драма театры бар екендігіне, ал басқа қалалардағыдай, орыс театрының ешқашан болмағандығына және жоқ екендігіне таң қалады.
Арман ҚАСЫМОВ:
- Біздің бас кеңсемізден әріптестеріміз келді. Қалаға экскурсия ұйымдастырдық – бұл облыстық әкімдік маңындағы жағалау бойы болатын. Оларға Сұлтан Бейбарыс туралы әңгімеледік. Көпір түбіндегі «Еуропа» деген жазуы бар «күмбезге», жағалаудың екінші жағына шығып, «Азия» күмбезіне естелікке суретке түстік. Азиялық бөлікте де жағалаумен серуендедік. Қонақтарды Жеңіс бағына апардық. Сол жерден жаяу жүргіншілер көпірінен өтіп, меймандарға Жилгородокты көрсеттік.
Сарайшыққа бөлек сапар ұйымдастырдық. Соңғы кездері көп қонақтар өздерін МС Сайлаубектің (бұл біздің ұлы рэперіміз, оны білмеу ұят – Т.С.) туған жері Балықшыға апаруды өтінетін болған.
Денис ОГНЕВ:
- Бірде Ресейден туыстарым келді. Оларды өлкетану музейіне апардым, ол жерде біздің қаламыздың тарихымен танысты. Гидтен қалада әлі де ескі ғимараттар сақталып қалғанын естіп, қаланың ескі бөлігіне апаруды өтіне бастады. Оларға жеке экскурсия ұйымдастыруға тура келді. Меймандар қатты сүйсінді. Қисайып, отырып қалған ескі үйлерден не анықтап көргенін білмеймін, бірақ біз бүкіл көшені аралап шықтық. Әсіресе, оларды көптеген көпес үйлерінде Жайыққа апаратын жерасты жолдары болғаны әсерлендірді.
Артур РУСАЕВ:
- Біз меймандарымыз үшін алуан түрлі демалыстарды – қарапайым серуеннен белсенді демалысқа дейін ұйымдастыруға тырысамыз. Қазір қала сыртында демалыс базалары көп. Жылқы және түйеге мініп серуендеуге болатын база бар. Қонақтарды балық аулауға апаруға тырысамын. Бұл ер адамдарға, әйелдерге, тіпті балаларға да ұнайды. Содан соң бәріміз жабылып балық сорпасын дайындаймыз. Өткен жылы қонақтарды атышулы тұзды көлге апардым. Бәрі мәз-майрам болды, өзіміз де шаттандық. Егер қонақтарымыз болмаса, біздің отбасымыздың ол жерге қашан барары белгісіз еді.
Нәзира АХМЕТОВА:
- Жағалау бойымен, Жеңіс бағына, Жилгородокқа, жағажайға серуендейміз. Қонақтарға серуен кемесімен Жайықты көрсетеміз. Кешкісін – мейрамханаға апарамыз. Олар Атырауда көп қой. Міндетті түрде жақсы ашық бассейні бар бір отельде болуға тырысамыз. Әрине, бұл арзан емес, бірақ қонақтарға қаламыздағы ең жақсысын көрсеткіміз келеді. Қыста қиындау. Бұрын жақсы еді – қаланың барлық ауданына қораптар орнатып, сырғанақ жасайтын, сол жерде конькиді жалға алатын орындар болатын. Биыл қонақтарды Мұз сарайына коньки тебуге апардық. Ойындар өтіп жатқанда хоккейге бардық.
Олег КОРАБЛЕВ:
- Қонақтарды өлкетану музейіне, өнер музейіне апарамыз. Қала ішімен, жағалаумен серуендейміз. Қала сыртына шығып, балық аулап, өзенге шомылып, кәуаптар дайындаймыз. Қонақтарды Сарайшыққа апарамыз. Атқа мінуге барамыз. Кино, боулинг, бильярд ойнаймыз. Бірде картингке бардық. Бір сөзбен айтқанда, қонақтардың іштері пысқан жоқ.
Тамара СУХОМЛИНОВА