Жергілікті туризмді дамыту қажеттілігі туралы көп айтылды, жыл сайын көптеген жоспарлар жасалады. Алайда көп жағдайда олар жүзеге аспай қалып жатады. «KvadroDrive – Атырау» - Атырау тұрғындары мен қонақтарын өлкенің табиғи көрнекті жерлерімен таныстыратын бірден-бір компания. Бүкіл сапарлар квадроциклдермен жүзеге асырылады, бұл саяхатты одан сайын әсерлі ете түседі. Мен де осындай экскурсиялардың бірінде болған едім.
СӘТ САПАР!
Басқа туристер тобымен бірге квадроциклмен екі сағаттық жол жүру - Атырау облысындағы тамаша жерлердің бірі «Ақжайық» табиғи резерватына баруды жоспарлайды.
"АЖ" АНЫҚТАМАСЫ
Мемлекеттік «Ақжайық» табиғи резерваты Атырау қаласы мен Махамбет ауданының аумағында орналасқан. Резерваттың жалпы алаңы
Белгіленген уақытта табиғи қорық аумағына аяқ басқысы келетіндер Өркен-2 ықшамауданындағы «KvadroDrive – Атырау» базасына жиналды. Жолға шықпас бұрын, бүкіл туристер квадроциклмен қозғалу кезіндегі қауіпсіздік ережелері бойынша нұсқаунама алды. Содан соң бізді арнайы әбзел, киім-кешектермен киіндірді. Ең қомақтысы – берік пластиктен жасалған, тасбақа сауытына ұқсайтын қорғаныш шлемі зақымданудан қорғайды.
Қорғаныш киім-кешегімізді кидік, ауыз су қорын алдық. Енді жолға шығуға болады!
КАМЕННЫЙ ЖҰМБАҒЫ
Біздің жүру бағытымыз алдымен далалықтағы үйме жолдың бойынан басталды. Биыл ол өзгеше көкке оранған. Біз бүкіл күйбің тірлігіміз бен шаруаларымызды артта қалдырып, ой-санамызды жусан иісі аңқыған желмен бірге еркіндікке жіберіп, қаладан ұзай бердік. Әрі қарай теңіз желі кезінде судың тасуы мен тасқын судан қорғайтын топырақты белеске көтерілдік. Бағытымыз - Каменный жақ. Бір кездері осы төңіректе Каменный поселкесі болған. Бірақ ол қазір жоқ болса да, сол жерді осылай атайды.
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ
Үш ғасырдан астам уақыт бұрын Гурий Назарьев ұлдарымен үйшік және ағаш бекініс салғанға дейін «Каменный» деп аталатын жерде казактар қонысы мен ақ тасты шіркеу болған. Бұл жерге желкенді кемелер, кейінірек Астраханнан пароходтар келе бастаған. Жағалаудағы қамыс арасынан Волга сағасына Каспиймен ағып келген бөренелерді шығарып алып, Гурьев, Кандаурово, Редут және Сорочинки станицаларының құрылысына пайдаланған. Біздің ормансыз өлкемізде ағаш үйлер осылайша пайда болған.
Ұлы Отан соғысы кезінде Каменныйда 60 шақты отбасы тұрған.
Бұл жерде бір кездері қоныс болғандығын осы күнге дейін сақталып қалған мұсылмандар зираты мен оған жақын жердегі үш православиелік бейіттерден білуге болады. Таң қаларлығы, бейіттерге әлі күнге дейін күтім жасалады. Православиелік бейіттерге қойылған гүл шеңбері мен алуан түрлі гүлдерді байқадым...
Әрі қарай бізге не жартылай қираған, не толық салынбаған ғимарат қабырғалары кездесті. Негізгі қабырғалары цемент пен ұсақ тастардан салынған. Бұл ғимараттың қабырғалары, үлкен терезе ойықтары бар, бірақ бірде-бір есік ойықтары жоқ.
Жанындағы құрылыста орнатылған ақпараттық қалқандағы жазуға сүйенсек, бұл жерде бір кездері балық тұздау цехы болған. Болжамдардың бірі бойынша, онда әскери тұтқындар жұмыс істеген, кейбіреулері фин соғысының тұтқындары екен. Оларды қабырғадағы ойықтар арқылы басқышпен ғимаратқа қуып кіргізетін болған. Есіктердің жоқтығы осымен түсіндіріледі.
АЙ ПЕЙЗАЖЫ
Осы жерде бізді резерват қорықшысы күтіп тұрды. Ол белестен түсіп, «әнебіреу теректерге қарай» тіке жүре беруге кеңес берді.
- Сол жерде сіздің жолыңызда керемет табиғат көріністері, батпақтар, каналдар, өзекшелер кездеседі. Қабандар мен басқа да жан-жануарларды көре аласыздар, - деді ол біздің туристік әуестігімізді одан сайын күшейтіп.
Қорықшы алдамапты. Ландшафтар өзгере берді, біз тек сүйсініп тамашалап үлгердік. Жусанға, гүлдеген түйетікенге және басқа шөптерге толы даламен келе жатамыз, сол сәт жасыл алқап ғайып болып, тегіс, шыжыған күн көзімен кеберсіген аппақ сор пайда болады. Құдды, бұл жерге біреу үлкен мәрмәр тақта төсеп, біз соның үстімен жүйткіп келе жатқандаймыз. Ал әрі қарай бізден үш есе биік қамыс қопасы көрінді, содан кейін тағы да сор кездесті. Бірақ бұл жер анағұрлым жұмсақ әрі кеуіп үлгермеген батпақты екен. Әр жерде ұлу қайыршақтары шашылып жатыр. Мұның бәрі Айға жасалған ғажайып саяхатты еске түсіреді, бұл ландшафтар жерге тән емес секілді.
Кейде аса қырағыларымыз бұта түбінен зыта жөнелген түлкілер мен қояндарды байқап қалады. Үлкен көлемдегі сужыланды суретке түсіріп алудың сәті түсті.
Осылайша халық арасында Гудзон деп аталатын каналға келіп жеттік. Бұл Безымянный өзегі мен Право-Яицкий каналының тоғысқан жерінде орналасқан суы тұщы канал. Көз алдымызда таңғажайып сұлу көрініс тұра қалды – кей жерлері әлдебір өсімдіктермен шырмалған қамыс қопасындағы тар дәліз. Дәліз канал суының жиегінен аяқталады. Қарама-қарсы жағалауда да көздің жауын алатын жасыл-желекті осындай көрініс.
ТАБИҒАТ ӘСЕРІ
Гудзонды әбден тамашалап, естелікке суретке түсіп алып, қайтадан квадроциклімізге міндік. Құстардың көптеген түрлері ұя салатын су жайылысына дейін жеттік. Оларды, өкінішке орай, алыстан көрдік. Қызылсирақ балшықшы бізге жақындау ұшып келді. Бірақ моторды өшірген соң, әрқайсымыз түрлі қанаттылардың сайрағанына, шиқылына, айқай-шуына құлақ түріп, рахаттанып қалдық... Сол сәт: «Сұлу емес, жұпыны табиғат болмайды. Қаланың түбіне тиіп тұрған жерде қаншалықты таң қаларлық әрі алуан түрлі тіршілік бар екенін көпшілігі біле бермейді ғой» деген ойға қалдым. Кешкісін ұясына батып бара жатқан күн шапағы даланы қызылға бояған кезде қалаға оралдық... Өзіңді керемет әлемнің бір бөлшегіндей сезіну ғажайып сезім екен.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суреттерді түсірген автор