Атырау, 28 қараша 19:32
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Балықтың көбеюіне не кедергі?

Сурет
5 803 просмотра

Қазақстан балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты (ҚазБШҒЗИ) Атырау филиалының қызметкерлері маусым айы басталғанда бекіре тұқымдастардың өрістеуіне бақылау жасауға кірісті. Жайық өзенін сүзу кезінде бірінші аптада шоқыр мен сүйріктің бірнешеуі ұсталды. Ал бірнеше жылдан бері зерттеушілерге бекіренің, қортпаның және кертіктің шабақтары түспей жүр.

ШЫНЫ ТҮТІКТЕГІ СҮЙРІК

Ғалымдардың жұмыс күндерінің бірінде олардың кемесінде болдым. ҚазБШҒЗИ Атырау филиалының ғылыми хатшысы Елена БОКОВА арнайы сүзу құралын көрсетті:

– Бұл бимтрал, ұзындығы 8 метр, ұсақ көздері бар арнайы аулау құралы. Оған бұдан да ұсақ көздері бар бір жарым метр тор бекітіледі. Осы құралдардың көмегімен біз уылдырық шашу нәтижесін зерттеу үшін тіпті алуан түрлі балықтардың ең кішкентай «балаларын» да аулай аламыз. Шабақтардың көлемі мен салмағы, оның табиғи уылдырық шашатын жерлерден шалғайлығы, су жылдамдығы және басқа да көрсеткіштерді ескеріп, бекіре тұқымдастардың қайда және қашан уылдырық шашқанын нақты анықтай аламыз.

Елена Борисовна шабақтар салынған төрт түтікті көрсетті:

Бұл әзірге тапқанымыз. Әлі дернәсіл кезеңіндегі өте кішкентай балықтар бар. Мұндай түрлер балықтың жақын арада ғана уылдырық шашқанын білдіреді. Су температурасы әзірге оған уылдырық шашуға мүмкіндік беріп тұр. Бұл шабақтар сонымен қатар, бекіре тұқымдастардың Жайық бойымен өте жоғарыға, өздерінің табиғи уылдырық шашатын орындарына көтерілмегендігін білдіреді. Бізге әлі уылдырық шашу қайда және қашан орын алғанын және оның өнімділігі қандай екенін анықтау үшін бірқатар жайттарды зерттеу керек.

Бокова сондай-ақ, негізінен әңгіменің сүйріктер туралы болып отырғанын атап өтті. Ал шоқыр бар болғаны бір дана ұсынылған. Сүйріктердің көптігі, біріншіден, тұщы суда болады, екіншіден, көлемі шағын болғандықтан браконьерлерді көп қызықтырмайды.

– Қортпа, бекіре және кертік шабақтарын бірнеше жылдан бері кездестірген емеспіз. Балық аулау маусымында олар кәсіпшілерге де кез болмайды. Бекіре тұқымдастардың бұл түрлері уылдырық шашуға шықпайтынға ұқсайды. Шықса да, аз көлемде. Бірақ бұл түр толықтай жоғалды деуге болмайды. Оларда жыныстық жетілу басқа бекіре тұқымдастарға қарағанда, ұзағырақ болады. Сондықтан біз оларды екі-үш жылдан кейін бақылай алуымыз мүмкін, - дейді Бокова. – Біздің бірқатар зерттеулеріміз осы мәселені де зерделеуге бағытталған.

БҰРЫН МИЛЛИОНДАП САНАЙТЫНБЫЗ, ҚАЗІР БІРЕН-САРАН

Кемеде атыраулық мамандармен бірге ҚазБШҒЗИ генетигі Гүлмира ШАЛҒЫМБАЕВА да болды. Ол өз жұмысы туралы әңгімелеуге құлшына келісті.

– 2009 жылы бізге Бүкілресейлік балық шаруашылығы және мұхиттану ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Ол жерде молекулярлық генетика зертханасы бар, сондықтан бүгінде ресейлік ғалымдарда бекіре тұқымдастардың кеңейтілген генетикалық базасы бар. Ол популяцияны бақылауға, оны сақтау туралы ұсыныстар беруге, жасанды өсіп-өндірудің оңтайлы бағдарламасын әзірлеуге көмектеседі.

Осыдан кейін біз де бағдарлама әзірлеп, біздің бекіре тұқымдастардың генетикалық базасын қалыптастыру жұмыстарын бастадық. Оны мемлекет қаржыландырады.

Генетикалық мониторинг – бір жылдың емес, көп жылдардың жұмысы екенін түсіну керек. Осы зерттеулер заманға сай және қалыптасқан ахуалға байланысты қажет болып отыр.

– Сіз нені меңзеп отырсыз?

– Егер бұрын біздің атыраулық филиалдағы әріптестеріміз балық аулайтын жерлерден бекіренің тұқымдық балықтарының мыңдаған данасы, ал табиғи уылдырық шашатын орыннан миллиондаған данасы өрістейтінін санаған болса, қазір біз бірліктер туралы айтып отырмыз. Соңғы 15 жылда бекіре тұқымдастардың саны өте азайып кеткендігі сөзсіз.

Себеп? Бірінші кезекте, бұл антропогенді фактор, яғни, адамның қоршаған ортаға әсері. Бұл тиімсіз кәсіпшілік, браконьерлік және қоршаған ортаның ластануы. Мұнай кеніштерінің игерілуі де теріс үлесін қосуы мүмкін. Дегенмен де, басты себеп – браконьерлік деп есептеймін. Сонымен қатар, соңғы жылдары қатты өзгерген гидрологиялық режим де маңызды орынға ие. Су деңгейінің төмендігі, болмашы және қысқа мерзімді су тасқындары бекіре тұқымдастарға пайдалы болмайды.

ЖҮЗБЕҚАНАТ КЕСІНДІСІНІҢ ХИКАЯСЫ

– Бекіре тұқымдастардың генетикалық дерекқоры қалай қалыптасады?

– Зерттеу үшін материалдар іріктеу тірілей әдіспен жүргізіледі. Талдама жасау үшін ересек балықтардың жүзбеқанатынан жарты сантиметрдей кесіп алады. Бұл оларға зақым келтірмейді. Әрі қарай жүзбеқанаттың кесіндісі этиль спиртінің 96 пайыз ерітіндісіне салынады. Бұл ДНК құрылымы бұзылмас үшін жасалады. Зертханада ДНК-ны бөлу және оны әрі қарай талдау процедуралары жүргізіледі. Бүкіл талдау нәтижелері бойынша біз дерекқорымызға түскен әр балықтың толық генетикалық сипаттамасын аламыз.

Алынған мәліметтерді қалай пайдаланасыздар?

– Генетикалық мониторингтің басты мақсаттарының бірі – белгілі бір балық түрлерінің генетикалық-популяциялық алаңда бір-біріне қаншалықты жақын немесе алыс екенін білу үшін жинақталған генмен талдау жасау. Мәселен, біздің оралдық шоқырға жасалған талдама жақын туыстық будандасуды анықтамады, бұл қуантады.

2014 жылы біз бекіре тұқымдас шабақтардың табиғи өсіп-өніп өрістегенін байқадық. Бізде оны бекіре өсіру зауыттарында шығарылған шабақтармен салыстыруға мүмкіндік болды. Жабайы шабақтың генетикалық тұрғыда анағұрлым әр алуан екені анықталды. Бұл нені білдіреді? Зауыттағы тұқымдық балықтардың барлығы бірдей ұрпағын өсіп-өндіруге қатыспады деп болжауға болады. Зерттеу нәтижелері бойынша, жасанды жағдайда алынған шабақтардың полиморфтылығы төмен екені байқалады.

Дерекқорда 2014 жылы зауыттарда өсірілген шабақтар бойынша ақпарат болса, 8 жылдан кейін бұл ұрпақтар уылдырық шашуға шыққан кезде, жаңа ұрпақтың кімнен алынғанын – жабайы тұқымдық балықтардан ба, әлде кезінде зауыттан шыққан балықтардан ба, соны білетін боламыз.

5-6 жылдан кейін шоқырдың популяциясы табиғи жолмен қалыптаса ма, әлде жасанды өсіп-өндіру шешуші рөл атқара ма, соны біле аламыз. Мәселен, ресейлік ғалымдар Каспий бассейнінде мекендейтін орыс бекіресінің – кезінде бекіре өсіру зауыттарында өсірілген бекіренің ұрпақтары екенін баяғыда анықтаған.

ӘР БАЛЫҚТЫҢ ӨЗ ТӨЛҚҰЖАТЫ БАР

– Сіздер біздің бекіре өсіретін екі зауытымызбен ынтымақтаса жұмыс жасайсыздар ма?

– Әрине. Біз зауыттардан алынған шабақтардың полиморфтылығын үнемі зерттеп отырамыз. Ол анағұрлым полиморфты болса, ол соғұрлым сау, күшті болып, табиғи ортада тірі қалып, бейімделеді, ал кейін дені сау ұрпақ әкелуге мүмкіндігі көп болады.

Бұдан басқа, қазір атыраулық екі зауытта толықтырушы аналық үйірді қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Яғни, бұрын балық өсірушілер балықты «сауып», содан соң табиғи ортаға жіберетін. Ғылыми тұрғыда жасанды өсіп-өндіру үшін уылдырық алудың мұндай әдісі әжептәуір даулы. Өйткені, бұл әрекеттердің барлығы кейіннен балықтың жай-күйіне әсер ететінін ешкім білмейді. Екіншіден, толықтырушы аналық үйірді қалыптастыру қажеттілігі тұқымдық балықтарды аулаудың күрт азаюына байланысты болып отыр. Енді тұқымдық балықтар үнемі зауыт тоғандары мен қауыздарда болады.

Бүгінде осы зауыттардағы әр балықтың өз генетикалық төлқұжаты бар. Оның үстіне, жақында ғана біз Жайық-Атырау бекіре өсіру зауытындағы бүкіл балықтарға чип салдық. Күзде Атырау бекіре өсіру зауытына (Еркінқала п.) да осылай жасаймыз. Әрі қарай жеке генотипін ескеріп, будандастыруға оңтайлы сызбалар жасақтау үшін балық өсірушілерге осы балықтардың чиптерін сканерлеу қажет. Аталықтар мен аналықтар алуан түрлі генотиптермен іріктелуі тиіс, осылайша болашақ шабақтарда төмен полиморфтылықты болдырмай, төзімді және өміршең ұрпақ алуға болады.

ЖАСАНДЫ БАЛЫҚТАРДЫҢ ИІС СЕЗУі НАШАР

– Жасанды жолмен алынған балықтың табиғи ортада туып, өскен балықтан айырмашылығы бар ма?

– Біздің ресейлік әріптестер жасанды жолмен алынған балыққа иіс сезу органдарының белгілі бір сыртқы ауытқушылығы тән екенін айтады. Алайда, олардың өмір сүру қабілетіне бұл ауытқушылықтардың еш әсері жоқ. Жайық-Атырау зауытында болған кезде мен биыл уылдырық шашуға кірген бекірелерді көрдім. Оларда мұндай ауытқушылықтар көп. Яғни, бұл тұқымдық балықтардың жасанды жолмен алынғанын айтуға болады.

Бұл балықтардан басқа өзгешеліктер байқадыңыз ба?

– Олардың көлемі сәл таң қалдырды, олар кішкентай болып келеді. Қазір жас ерекшелік құрылымдарында жасару жүріп жатыр деп болжауға болады. Ұғынықты болу үшін түсіндірейін. Алғаш рет аталықтар 7-8 жаста, аналықтар 11-12 жаста уылдырық шашуға шығады. Оларда уылдырық шашу әр үш жыл сайын қайталанады. Соңғы 15 жылда біз қайтадан уылдырық шашуға шығатын 16-17 жастағы бекірелерді көрмейміз. Олар кездеседі, бірақ бірен-саран ғана. 10 жыл бұрын аз ғана көлемде кездескен 20 жастағы балықтардың бүгінгі күні көзі де жоқ. Бекіре тұқымдастардың жас құрылымдарының жасаруы олардың ұрпақтарына теріс әсер етуі мүмкін, олар өте әлсіз боп шығуы ықтимал.

Иранда бекіре тұқымдастардың биоматериалын крио-сақтау жүйесі жолға қойылған. Бұл мәселе Қазақстанда қарастырылып жатыр ма?

– Бекіре тұқымдастарға қатысты ахуалды ескерсек, биоматериалдарды крио-сақтау артық болмас еді. Алайда Иранда қазір бекіре тұқымдастар қорын сақтау және көбейту мәселелерімен ғана айналысатын жиырма шақты ғылыми-зерттеу институттары жұмыс істейді. Биоматериалдарды тоңазыту қиын емес, алайда оны сақтау процедурасы өте қиын және қымбат тұратын жабдықтарды қажет етеді.

Бекіре тұқымдастардың популяциясын сақтауға және көбейтуге бағытталған мемлекеттік бағдарлама өз жемісін береді және біз оларды ұрпақтарымыз үшін сақтаймыз деп үміттенеміз.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суреттерді түсірген автор

7 шілде 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.