Еліміз жайылым жерлердің көлемі бойынша әлемде бірінші орында тұрғанымен (шартты түрде бір мал басына 20 гектарға келеді), Атыраудың ауыл тұрғындары мал жаятын жер таппай қиналып отыр. Көптеген гектар жайылым жерлер арендаға және жекеменшікке беріліп кеткен.
ИНДЕР АУДАНЫ
- Бізге мал ұстау жылдан-жылға қиындап келеді, - дейді Индербор кенті тұрғыны Ғайни ҒАБДУЛЛИНА. - Бір жағында тоғайды қоршап тастаған, қалған жерлер жекеменшікке беріліп, қоршауға алынған.
Поселке тұрғындарының айтуларынша, осыдан он жыл бұрын «Көктем» мөлтек ауданынан гипсокартон зауыты құрылысы үшін «ИсиГипсИндер» ЖШС-нің жекеменшігіне 21, 6 гектар жер беріліп кеткен болатын, бірақ онда қазір қоршаудан басқа ештеңе жоқ.
- Қазір аудандық әкімдікте «ИсиГипсИндер» ЖШС-нің жерді игеру бағытында жұмыстардың неге жүрмегенін анықтайтын комиссия құрылды. Осыған байланысты Атырау облысы жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысы Ғибрат СҮЛЕЙМЕНОВКЕ хат жолдадық, - дейді аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қахарман БАҒЫНОВ.
МАХАМБЕТ АУДАНЫ
Ауданның жер қоры – 961 718 гектар, оның ішінде 2 393 гектары егістік, 168 963 гектары жайылым, 4 167 гектары шабындық жерлер. Облыстық жер инспекциясына 287 шаруа қожалығының жерлерді тиімді пайдаланбағаны үшін шара алу туралы ұсыныс жолданған.
Мәселен, Жалғансай ауылынан бір шақырым жердегі 80 гектар жерді 49 жылға жалға алған «Дана» ЖШС қоршаумен ғана шектелген.
- Мен әкім лауазымында болған үш жылдың ішінде «Дана» ЖШС жерді пайдаланбады. Осы жағдай бес жылға жалға алған «Озерисинтра» ЖШС-іне тиесілі 800 гектар жерге де қатысты. Біз аудандық жер инспекциясына жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде хат жолдадық, - дейді Жалғансай ауылдық округінің әкімі Қайыржан МАЖИЕВ.
Сарайшық ауылындағы «Гюнеш» ЖШС-іне қарасты 620 гектар жер де құр қоршалып жатыр.
- Малды жайылысқа шығарайын десек, ауыл маңындағы қарайған жер қоршауда тұр. Мал кейде соған кіріп кетсе, бұл жерлердің иелері біздің малымызды қамап, шығармай қояды, - дейді Сарайшық ауылының тұрғыны Кәшен ӘБІШЕВ.
7 342 гектар жерге иелік етіп отырған «Мирас» өндірістік кооперативі де өзіне бөлінген жерлерді игеруге асықпай отыр, ал ауыл адамдары өрісті тарылтып отырған шаруа қожалықтарына қатысты ешқандай шаралар алынбай отырғанына наразы.
- Бұл жер телімдерінің иелері жерді қоршап қойсақ пайдаландық деп есептейді. Кейбірі жердің айналасын мал өтпесін деп қазып қояды. Бүгінде игерілмеген жерлерді құқық қорғау органдары арқылы кері қайтарып алу жұмыстары жүруде. Жалға алынған жерлерді қайтару қиындық туғызбайды, ал жекеменшікке беріліп кеткен жерлерді қайтару күрделі болады. Біз жаңа Жер кодексіне өзгерістердің енгізілуін күтіп отырмыз. Мен ауыл маңындағы 15-20 гектар жерлер мемлекет меншігінде, яғни, ауылдық округтің қарауында қалуы керек деп есептеймін, - дейді Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Азамат АЙМАНАКУМОВ.
ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫ
Қызылқоға ауданы әкімі Мақсот МҰҚАНОВТЫҢ айтуынша, аудан жері мал ұстауға қолайлы болғанымен Тайсойған полигонынан жер телімдерін алудан проблемалар бар.
ИСАТАЙ АУДАНЫ
- 90-шы жылдары Қамысқала мен Тұщықұдық округтерінде жерлерді пай есебінде иемденген қожалықтар мен жеке шаруалар болды, қазір олардың бәрі мемлекет меншігіне кері қайтарылды. Өткен жылы бірнеше адам Бақсай каналының сағасын заңсыз қоршап алған кезде малды суаруға апару мүмкін болмады, - дейді Исатай ауданы әкімінің орынбасары Артур ҚУАНЫШКЕРЕЕВ. – Біздің араласуымыздан кейін қоршаулар алынып тасталды.
МАҚАТ АУДАНЫ
Аудан жері сортаң болғандықтан мал өсіруге қолайлы аймақ болып саналмайды. Алайда жергілікті шаруалар көршілес Қызылқоға ауданынан жер алып, сол жерде мал өсіруде.
- Осындай қиындықтарға қарамастан, - дейді Мақат ауданының әкімі Берікқали СӘРСЕНҒАЛИЕВ, - мал өсіруге ниеттеніп отырған адамдар бар. Қызылқоға ауданынан 6 мың гектар жер телімін алуға өтініш берілген.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА