Атыраулық жас кәсіпкер Рустам САЛАХОВ дыбыстық хабарламаны мәтінге айналдыруға мүмкіндік беретін компьютерлік бағдарлама жасап шығарды. Ол өзінің бұл жаңалығын медициналық мекемелерге енгізуді жоспарлап отыр. Бұл пациенттерге дәрігерге барған қымбат уақыттарын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Бәрі де Рустам шалдыққан кәдімгі аллергиядан басталды. Жас жігіт жеке емханаға қабылдауға жазылып, докторлар сырқат белгілері туралы мұқият сұрастырып, сапалы ем береді деп жорамалдаған еді. Алайда дәрігер пациентке бетін бұрмастан, өзінің жұмыс дәптерінен көз алмай, әлденелерді жазумен болды. Осы уақыт ішінде науқасқа бар болғаны бірер минут қана уақыт бөлді. Ал науқас осы қабылдауға келу үшін біраз ақша төледі ғой. Дәрігерлерге көп уақыттарын жұмсап, толған қағаздарды толтыруға тура келетіндігі түсінікті. Мемлекеттік мекемелердегі ахуал бұдан да мүшкіл.
Сол кезде: сөйлеген сөзді танып, мәтінге айналдыратын бағдарлама ойлап табу керек деген идея туындаған. Бұл медиктердің жұмысын едәуір жеңілдетер еді. Пациентті қарап болғаннан кейін дәрігерге алынған мәтінді компьютерде тексеріп, рецептісі жазылған диагностикалық картаны басып шығару ғана қалады (қолдан жазылған түсініксіз шимайлар тарихта және анекдоттарда ғана қалар еді).
Рустам, әрине, алдымен басқа елдерде мұндай бағдарламаның бар-жоғын анықтап алды. Сөйте, тек Еуропада ғана бар екен. Ол өнімді Қазақстанда енгізу үшін it-мамандар іздей бастады. Алайда Ресейден де, тіпті Малайзия мен Америкадан да жауап ала алмады.
Рустам Салахов жеңіл жол іздемей, «Іскер байланыстар» жобасына («Бизнестің жол картасы - 2020») қатысты. Назарбаев университеті және Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында бизнес-тренингтен өтті, сондай-ақ, Германияда болып қайтты. Еуропаға бара жатып, Рустам шетелдік серіктестерімен кездесуден не күтетінін айқын сезінді. Ұзаққа созылған іскерлік хат алмасулар, идеяларды талқылау және Германиядағы тағылымдамадан кейін бағдарламаны орыс тілінде толық дайындауға ұсыныс білдірген компания да табылды. Мүдделі демеушіні тауып, қаржы мәселесін реттеу ғана қалды. Ал бұған қомақты ақша салу керек. Қиындыққа қарамастан, Рустам өз арманын жүзеге асыратындығына сенімді. Ол бұл жаңалықты медицина саласына, ал содан кейін басқа салаларға енгізуді жоспарлап отыр.