Осы және өзге де жаңалықтар туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле САЙЛУОВА хабарлады.
Мұнда үш 7-ші сынып бар, әр сыныпқа 25 оқушыдан келеді. Іріктеу қатал болды, бір орынға 20 қыз бала таласты. Сұранысты ескере отырып, тағы бір сынып ашылды – 8-ші сынып. Сайлауованың айтуынша, осыған дейін жүргізілген анализ батыс өңіріміздегі 7-11 сыныпта оқитын 50-ге жуық оқушы қыздың Астана, Алматы, Қызылорда және Өскемен қалаларындағы қазақ-түрік қыздар лицейінде оқитынын көрсетті. Ата-аналар балаларын қазақ-түрік лицейлеріне беруге тырысады. Сол себепті қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицейін Атыраудан ашу өте орынды. Ол облыстық №1 мектеп-интернатының ғимаратында орналасқан.
Баспасөз конференциясынан басқа да жаңалықтар.
АТЫРАУДА КӨЗІ НАШАР КӨРЕТІН ОҚУШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН СЫНЫПТАР АШЫЛДЫ
Бұрын мұндай сыныптар батыс өңірінде тек Оралда болды. Ал біздің облыста көзі нашар көретін балалар үйден оқитын. Енді, Сайлауованың айтуынша, оларда облыстық №3 мектеп-интернаттың бірінші қабатында орналасқан төрт арнайы (коррекциялық) сыныпта білім алу мүмкіндігі пайда болды.
МЕКТЕПТЕР МЕН БАЛАБАҚШАЛАРДАҒЫ ЛОГОПУНКТЕР
1 қыркүйектен бастап Атыраудың барлық мектептері мен балабақшаларында логопунктер ашылады. Қазір қаладағы 10 балабақшада сондай логопунктер жұмыс жасауда. Егер бұрын тілі анық шықпаған балалардың ата-аналарына ақылы түрде логопедтің көмегіне жүгінуге тура келсе, енді олардың қызметін тегін пайдалануға мүмкіндік туып отыр.
– Әрине, әзірге мамандар жетіспеушілігі сезілетін болады, сондықтан олар әр пункте жарты күннен жұмыс істейді, – дейді Н.Сайлауова. – Бірақ, АМУ-дың педагогика-психология факультетінде 2010 жылдан бері психолог-дефектологтарды даярлайды, жыл сайын онда 20 адам диплом алады. Сондықтан кадр жетіспеушілігі жақын арада шешіледі деп ойлаймын.
ТEACHERS, ARE YOU READY?
Н. Сайлауованың айтуынша, үш тілде білім беруге көшуге дайындық басталып кеткен. Осы жылы жазда қазақ-түрік лицейі жанындағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын лагерде 5-6 сыныптың 500 оқушысы оқып жатыр. Өңіріміздегі математика, физика, химия, география және биология пәндерінің 530 мұғалімі ағылшын тілі бойынша дайындық курстарынан өтеді. Н. Сайлауованың пікірінше, осындай қарқынмен 5-6 жылда еліміздің білім беру жүйесіне үштілділікті толық енгіземіз деп айтуға болады. Мәселен, №30 мамандандырылған мектеп-гимназияда қазір 7-11 сынып оқушылары (барлығы 151 оқушы) физика мен географияны ағылшын тілінде оқиды. Ал, жаңа оқу жылында информатика мен биология пәндері ағылшын тілінде оқытылады.
– Бір нәрсені ескеру керек, кез келген отбасының репетитор жалдап немесе баласын ағылшын тілі курстарына беруге мүмкіндігі жоқ. Ал енді балалар оны тегін меңгере алады, – деп есептейді Сайлауова. – Біз мұны дұрыс түсінуіміз керек, менің ұлым үшінші сыныпта оқиды, егер менің балам ертең үш тілде бірдей еркін сөйлеп тұрса, бұл мен үшін үлкен қуаныш болар еді.
«ОҚУЛЫҚТАР БӘРІНЕ ЖЕТЕДІ»
Осы жылы оқушыларды оқулықпен қамтамасыз етуге облыс бюджетінен 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл оқушыларды 1 тамызға дейін оқулықпен түгел қамту үшін жеткілікті:
– «Атамұра», «Алматы кiтап», «Мектеп», «Бөбек» баспаларына тапсырыс беріліп отыр. Біз олардың есепшотына келісілген қаражаттың 30 пайызын аудардық, келесі аптада қалған 70 пайызын аударамыз. Содан кейін оқулықтар өңірімізге жеткізілетін болады.
Айнұр САПАРОВА