«Қазақ саңыраулар қоғамы» АҚ облыстық филиалының төрағасы Замила АХМЕТОВАНЫҢ (суретте) айтуынша, аудандарда сурдоаудармашылардың жоқтығынан ондағы есту қабілеті бұзылған мүгедектерге облыс орталығына қатынауға тура келеді.
Осыған байланысты жергілікті саңыраулар қоғамы ауыл тұрғындарын оқытуды қолға алмақ.
- Бізде бар-жоғы төрт аудармашы жұмыс істейді, оның үшеуі Атырауда, біреуі Құлсарыда. Ал, аудандарда жоқ. Адамдар өздерінің аумақтық округтерінде ыммен түсіндіретін мамандардың болғанын қалайды, өйткені, облыс орталығына үнемі келіп тұруды олардың қалтасы көтере бермейді, - дейді З.Ахметова.
- Бұрын Атырауда сурдоаудармашылардың курстары болды ғой...
- Иә, 2011 жылы мен өзім курсты жүргіздім, бізде 15 адам оқып шықты. Биылғы жылы біз ауылдық жерде тұратын бірнеше адамды оқытуды жоспарлап отырмыз, ал, егер қаладан оқуға ниет білдіргендер болса, оларға есігіміз әрқашан ашық. Курстың мақсаты – есту қабілеті бұзылғандарға әлеуметтік қызмет көрсете алатындай етіп адамдарды дайындап шығару.
- Сурдоаудармашының негізгі міндеттері қандай?
- Ыммен түсіндіру тілін меңгерген мамандардың негізгі міндеті – құлағы естімейтін адамдарға қоғам өміріне толық араласуға көмектесу. Аудармашы керең-мылқау адамдарға барлық жерде – емханада, соттарда, банктерде, нотариусқа барғанда, салық комитетінде, әлеуметтік қорғау органдарында және басқа да қоғамдық орындарда керек. Аудармашылар жұмысының адамды жалықтыратынын, одан тез шаршайтындығын айта кеткен жөн. Өйткені, қол үнемі қимыл үстінде болады және оны 2-3 рет қайталауға тура келеді. Көбіне аудармашылар есту қабілеттері бұзылған отбасылардан болады. Олар сол туғаннан бастап-ақ ыммен түсіндіріп сөйлесе алады, тұрмыстық және негізгі лексиканы жақсы біледі. Оларға біліктіліктерін жетілдіру үшін курстан өтсе, жетіп жатыр.
- Сіздің сурдоаудармашы ретінде жергілікті телеарнаға жұмысқа шақырту алған кезіңіз болды ма?
- Жергілікті телеарнада жаңалықтарға сурдоаударма жасау 2012 жылы ұйымдастырылды. Бұл менің идеям еді. Мен бұған төрт жыл дегенде қол жеткіздім. Аштық, мен өзім бір апта ғана жүргіздім, ал, кейін басқа аудармашы таптым. Ол жерде қазір өз адамымыз бар деп айтуға болады. Атырау қаласында 450 керең-мылқау адам бар, облыс бойынша олардың саны -705.
Инабат КЕМЕЛХАНОВА,
АМУ-нің 2-курс студенті