… Скейтте небір ғажайып трюктар жасайтын мына бір атыраулық жігітке әлеуметтік желі арқылы назар аудардым. Сөйтіп, оны мен кездесуге шақырдым. Миша РОМАНЮК (суретте) скейтбордпен он жасынан бастап айналысқан. Енді оның әңгімесіне құлақ түрелік.
– Бастапқыда екі дөңгелекті тақтайшаны тебе бастадым, кейін досым скейт тебуді ұсынды. Мен оның артықшылығын бірден түсіне қоймадым. Арада біраз уақыт өтті, жазда каникулға Нижний Новгородқа бардым, сонда жүріп спорт тауарлары дүкенінен өзімнің алғашқы төрт дөңгелекті тақтайшамды сатып алдым. Үйге келген соң бірден заттарымды қойдым да, Атырау көшелерінде тебе бастадым. Міне, скейт тепкеніме жеті жыл болды. Менің денсаулығымда кінәрат бар, жүрекширатқышпен жүремін, бірақ бұл маған кедергі емес. Өз ағзамның мүмкіндіктері өзіме аян, сондықтан да қатты салмақ түсірмеуге тырысамын. Мен үшін скейт тебу ерекше көңіл-күй сыйлайтын медитация деуге болады. Таяуда ғана мен мәскеулік скейтер Кирилл КОРОБКОВПЕН таныстым. Ол көптен бері скейт индустриясы саласында тер төгіп жүрген адам, әлемдік масштабтағы төреші болып табылады және скейтборд әлемінде таптырмас жанды энциклопедия. Кирилл мені Фейсбук арқылы тауып, Австралия, Жапония, АҚШ скейтерлерімен кездесуге шақырды. Олар көптен бері скейт саяхатпен айналысады және осы жолы Қазақстанға келмек болған. Біздің жиынымыздың бас қосар жері Ақтау болды. Мен бұл сапарға ойланбастан билет алдым да, кете бердім. Өзімнің скейтер досымның үйіне тоқтадым. Бірнеше күн бойына біз балалармен Ақтауда жол бойында, жолсызда скейтборд тебумен болдық. Аударманың қиындығына қарамастан біз уақытты керемет өткіздік. Бір-екі күлкілі сәттер де орын алды. Балалар жеке адамдардың меншігіндегі аумақта да скейт тепкен, оларға күзетші айғайлап жүгіргенімен, оның не айтқанын түсінбей тоқтамастан жүре берген. Мұндай адамдардың сенің еліңе келуі - керемет жағдай. Олармен ой бөлісесің, әңгімелесесің және көрсетерің болады. Сондай сәттерде біздің қаладағы осы спорт түрінің өкілі екендігіңді мақтанышпен айтуға болады. Скейтбординг әлемге саяхат жасауға, жарыстарға қатысуға, жаңа достар табуға мүмкіндік береді.
Скейт тепкелі бері өмірім қатты өзгерді.
…Атырауда скейт тебетін қолайлы жер, арнайы алаңдар жоқ. Скейтерлердің ондай орындары спот деп аталады. Онда ағаш немесе бетонды трамплин жасақталады, сол жерде скейтерлер өз шеберліктерін көрсетеді және басқа жаңа трюктер жасауға тырысады. Жақында ғана маған облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Азамат Бауыржанұлы БЕКЕТ сондай алаңдарды жасақтау жөнінде кездесуге шақырып қоңырау шалғанда қатты қуанып қалдым. Азамат Бауыржанұлы айтқандай, алаң орны белгілі болған, ол АМУ-не жақын маңда. Ол жер тек скейтбордқа емес, паркур, воркаутқа да арналған және ролик тебушілерге де келуге болады. Біз болашақ алаңның жұмысын бастайтын жобалаушыларды да тауып қойдық. Енді ойлаған ісіміз жүзеге асады деген үмітіміз бар. Қазір менің болашаққа арналған көптеген жоспарларым бар. Олардың кейбірін орындадым деуге де болады, айталық, Питердегі ең бірінші бетоннан жасалған скейт-паркте болып қайттым. Мені басқа қалалардан скейтерлер жиі шақырады. Алайда, мен үнемі сапарларда жүре алмаймын.
Жазып алған Анастасия АЛЮШИНА,
ПМУ журналистика факультетінің студенті