Наурыз айында Атырау тұрғыны Тәкен ОҢАЛОВ елбасының атына елде қолданылатын әуесқойлықпен балық аулау ережесінің әділетсіздігі туралы хат әзірлеп, балық аулау құралдарын сататын дүкендердің біріне қол жинау үшін қалдырып кеткен екен. Петицияға жергілікті 19 әуесқой балық аулаушы қол қойған.
Мазмұны былай: «Әр қыс сайын Жайық өзенінен сейсенбі мен сәрсенбі күндері мұзға қармақ салып балық аулауға тыйым салынады. Бұл ереженің қандай мақсатта енгізілгені түсініксіз. Бәлкім, көп жыл бұрын «балық демалысы» өзекті болған шығар, бірақ қазір өзенде балық жоқтың қасы. Сонда кім және неден демалады? Біз Жайыққа балықты көп аулау үшін бармаймыз (қазір қармақ салу деген аты ғана), тек табиғатқа демалу үшін шығамыз. Айтпақшы, мұздан ойық ойып, судың оттекпен қанығуына себеп боламыз.
…Бізге жыл сайын 1 сәуірден бастап 15 маусымға дейін балық аулауға тыйым салады. Уылдырық шашатын кезеңді алға тартады. Бірақ сонымен қатар кәсіпкерлерге балықты ау-торлармен аулауға рұқсат береді. Алайда балық аулау ережесінде норма бар. Соған сәйкес теңізге өзен құйылысынан
Теңізден ММС поселкесіне дейінгі өзен арнасы маңынан балық аулауға түгелдей тыйым салынды. Ол қалай сонда? Мен неге Дамбыдан балық аулай алмаймын? Неліктен Дамбының заңға бағынатын тұрғындары балық аулау үшін қалаға барулары керек?».
Жақында облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВТЫҢ қолы қойылған жауап келді: «Балық қорларын сақтау және өсіп-өндіру мақсатында 2015 жылы ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының бұйрығымен шектеулер мен тыйымдар бекітілді. Атап айтқанда, бұйрыққа сәйкес, Атырау облысы көлемінде Жайық өзенінен 1 сәуір мен 15 маусым аралығында кәсіпшілік емес құралмен балық аулауға тыйым салынған. Ал қысқы уақытта (мұз қатқан кезде) әр аптаның сейсенбісі мен сәрсенбісінен («дневки») басқа күндері балық аулауға рұқсат етіледі.
Тарихи қалыптасқан «демалыс» - балықтың көшу жолынан ойдағыдай өтуі үшін белгіленген. Осы тыйым салынған күндер бүкіл атыраулық әуесқой балық аулаушыларға таныс екенін айта кету керек. Ол көпшілігінде сенбі-жексенбі күндеріне сәйкес келетін демалыс күндерінде балық аулауға мүмкіндік беру мақсатында таңдалған.
Ағымдағы жылы Жайық-Каспий балық шаруашылығы бассейнінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу аясында Жайық өзенінен кәсіпшілік емес аулау құралымен балық аулауға салынған тыйым мерзімдерін өзгерту бойынша ұсыныстар беру қарастырылды. Ғалымдардан тиісті ұсыныстар алынып, мемлекеттік экологиялық сараптама оң қорытынды берген жағдайда қолданыстағы бұйрыққа өзгерістер енгізілетін болады».
Т.Оңалов бұл жауапты сырғытпа жауап деп есептейді және Атырау облысы атынан сайланған парламент депутаттары арқылы мәселені шешуге қол жеткізбекші.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ