6 маусымда Атырау облысы мен Қазақстанның бүкіл аумағында лаңкестік қауіптің "сары" деңгейі жарияланды. Ұялы телефон иелерінің баршасы дерлік жергілікті сағат 22-лерде осы туралы жіберілген СМС-сілтемелерден білді. ҚР президентінің жарлығымен 2013 жылы "Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы ақпарат мониторингінің және халықты хабардар етудің мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеуі қағидалары бекітілді. Қауіптіліктің қандай деңгейі бар екендігі, оны кім және қандай мерзімде белгілейтіндігі және т.б. туралы түсінік болу үшін назарларыңызға жариялаймыз.
Қазақстан Республикасым Президентінің 2013 жылғы 9 тамыздағы № 611 Жарлығымен бекітілген
Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы ақпарат мониторингінің және халықты хабардар етудің мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеу қағидалары
(Қағидалардан үзінді)
...8. Қазақстан Республикасының барлық аумақтарында немесе өңірлері мен елді мекендерінің аумақтарында террористік қауіптіліктің мынадай деңгейлері:
бірқалыпты («сары») – терроризм актісі (актілері) жасалуының нақты мүмкіндігі туралы растауды талап ететін ақпарат болған кезде;
жоғары («қызғылт сары») – терроризм актісі (актілері) жасалуының нақты мүмкіндігі туралы расталған ақпарат болған кезде;
шекті («қызыл») – жасалған терроризм актісі туралы ақпарат, сондай-ақ терроризм актісін (актілерін) қайталап жасау немесе террористік тұрғыдан осал объектілерге бір мезгілде террористік шабуылдар жасау мүмкіндігі туралы расталған ақпарат болған кезде белгіленуі мүмкін.
9. Егер қабылданған шаралардың нәтижесінде террористік қауіптіліктің қатері жойылса, онда террористік қауіптілік деңгейі алып тастауға жатады.
10. Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің және елді мекендерінің аумағында террористік қауіптіліктің бірқалыпты («сары») және жоғары («қызғылт сары») деңгейлерін белгілеу, өзгерту немесе алып тастау туралы шешімді Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті аумақтық органының бастығы облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімімен келісе отырып дереу қабылдайды, қабылданған шешім туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын (немесе оны алмастыратын адамды) және облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтарының мүшелерін міндетті түрде хабардар етеді.
11. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жедел штабтарын уақтылы өрістету мақсатында террористік қауіптіліктің белгіленген деңгейіне қарай Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, сондай-ақ өз құзыреті шегінде терроризмге қарсы іс-қимылға қатысатын басқа да мемлекеттік органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актілерімен айқындалатын бірыңғай хабардар ету сигналы және олардың құрамына енетін мемлекеттік органдардың күштері мен құралдарын жауынгерлік пайдалануға келтірудің тиісті алгоритмдері қолданылады.
12. Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің және елді мекендерінің аумағында террористік қауіптіліктің бірқалыпты («сары») және жоғары («қызғылт сары») деңгейлері белгіленетін мерзімді, террористік қауіптілік деңгейі белгіленетін аумақтың шекарасын және осы Қағидалардың 15-тармағында көзделген шаралар тізбесін, егер Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы (немесе оны алмастыратын адам) өзге шешім қабылдамаса, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті аумақтық органының бастығы облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімімен келісе отырып айқындайды.
13. Қазақстан Республикасының барлық аумағында террористік қауіптіліктің бірқалыпты («сары»), жоғары («қызғылт сары») деңгейлерін, Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің және елді мекендерінің аумағында, сол сияқты оның барлық аумағында террористік қауіптіліктің шекті («қызыл») деңгейін белгілеу, өзгерту немесе алып тастау туралы шешімді Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы (немесе оны алмастыратын адам) қабылдайды. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы (немесе оны алмастыратын адам) террористік қауіптіліктің көрсетілген деңгейлері белгіленетін мерзімді, шегінде олар белгіленетін аумақтың шекараларын және осы Қағидалардың 15-тармағында көзделген шаралар тізбесін айқындайды.
14. Террористік қауіптіліктің деңгейін белгілеу, өзгерту немесе алып тастау және ол белгіленетін мерзім, сондай-ақ шегінде ол белгіленетін аумақтың шекаралары, террористік тұрғыдан осал объектілер, террористік қауіптілік қатері төнген көлік объектілері, оны жою бойынша құзыретті мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралар, дағдарысты жағдайлардағы азаматтық тұрғындардың іс-қимылдары туралы халықты хабардар етуді Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті және оның аумақтық органдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігімен, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігімен, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен, жергілікті атқарушы органдармен, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметімен бірлесіп бұқаралық ақпарат құралдары және телекоммуникация желілері арқылы, атап айтқанда:
«Адамдардың өмiрiне, денсаулығына төнген қауiп-қатер және табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде қалыптасқан жағдайдағы iс-қимылдар тәртiбi туралы халықты хабардар ету, сондай-ақ қорғаныс, ұлттық қауiпсiздiк және құқықтық тәртiптi қорғау мүдделерiнде телерадио хабарларын тарату желiлерiн пайдалану қағидаларын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 31 тамыздағы № 1112 қаулысына сәйкес телерадиохабар желілері;
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен мемлекеттік органдардың интернет-ресурстары;
«Байланыс туралы» 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 3-тармағына сәйкес ұялы байланыс;
мерзімді баспа басылымдары жүзеге асырады.
Террористік қауіптілік деңгейі туралы ақпарат сондай-ақ сыртқы (көзге көрінетін) болуы және адамдар көп жиналатын объектілерде плакат, стенд, жарық таблосы, билбордтар, транспаранттар түрінде орналастырылуы мүмкін.
Террористік қауіптілік деңгейі туралы сыртқы (көзге көрінетін) ақпаратты орналастыру іс-шараларын жергілікті бюджет қаражаты есебінен жергілікті атқарушы органдар жүргізеді.
15. Белгіленген террористік қауіптілік деңгейіне сәйкес терроризмге қарсы күрес бойынша республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) жедел штабтарының қызметін ұйымдастыруға тартылған мемлекеттік органдар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар өз құзыретіне сәйкес жеке тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мынадай шаралар қабылдайды:
1) террористік қауіптіліктің «сары» деңгейінде:
терроризм актісінің болуы мүмкін екендігі туралы ақпаратты тексеру бойынша іс-шаралар;
аумақтық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың терроризм актілерінің салдарын жоюға арналған күштері мен құралдарының, сондай-ақ құтқару жұмыстарын жүргізу үшін пайдаланатын техникалық құралдардың және арнайы жабдықтардың есебін нақтылау;
мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының жедел немесе шұғыл түрде медициналық көмек көрсету бойынша, сондай-ақ терроризм актісі салдарынан физикалық зиян келтірілуі мүмкін адамдарды медициналық эвакуациялауды ұйымдастыру бойынша мүмкіндігін бағалау;
полиция нарядтарын және әскери қызметшілердің жекелеген санаттарын, сондай-ақ террористік тұрғыдан осал объектілердің дағдарысты ахуалдарды оқшаулау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын персоналы мен бөлімшелерін, алынған ақпаратқа байланысты тиісті салада мамандарды тарта отырып, нұсқамадан өткізу;
көшелерге, алаңдарға, стадиондарға, скверлерге, саябақтарға, теміржол магистральдары желілеріне, теміржол вокзалдарына, әуежайларға, теңіз және өзен порттарына, метрополитен объектілеріне, бұқаралық және көпшілік іс-шаралар өткізетін орындарға, басқа да қоғамдық жерлерге, оның ішінде кинология қызметінің мамандарын тарта отырып, күшейтілген патрульдер шығару;
әуежайларда, теңіз және өзен порттарында, метрополитен объектілерінде, теміржол вокзалдарында және сапаржайларда арнайы техникалық құралдарды қолдана отырып тексеріп қарау іс-шараларын өткізу барысында режимдік шараларды күшейту;
жарылғыш құрылғылар қою орындарын анықтау мақсатында инфрақұрылым объектілерін, жылу, газ құбырларын, газ тарату станцияларын, энергетика жүйелерін тексеруді және қарап шығуды жүзеге асыру;
көпшілік қатысатын және бұқаралық іс-шараларға қатысушылардың негізгі маршруттарына инженерлік-техникалық барлау жүргізу, жарылғыш құрылғыларды анықтау және залалсыздандыру мақсатында террористік тұрғыдан осал объектілерді және адамдар көп жиналатын орындарды зерттеп қарау;
болуы мүмкін терроризм актісінің қатері және қажетті іс-қимылдар туралы халықты хабардар ету;
2) террористік қауіптіліктің «қызғылт сары» деңгейінде (террористік қауіптіліктің «сары» деңгейі белгіленгенде қабылданатын шаралармен қатар):
әуе, су, автомобиль, теміржол көліктерінде, сондай-ақ террористік тұрғыдан осал объектілерде терроризм актілерін дайындауға және жасауға қатысы бар адамдарды іздеуді ұйымдастыру жөніндегі шараларды жандандыру;
террористік қауіптілік деңгейі белгіленген аумақтың шегінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1427 қаулысымен бекітілген Ішкі мигранттарды тіркеу қағидаларын Қазақстан Республикасы азаматтарының, оның ішінде лауазымды адамдардың сақтауына, сондай-ақ шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасында уақытша болу немесе тұрақты тұру, Қазақстан Республикасына кіру, Қазақстан Республикасынан шығу және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өту тәртібін сақтауына бақылауды күшейту;
терроризм актісінің қатерін жоюға тартылған күштер мен құралдарды практикада қолдану бойынша дайындық іс-шараларын өткізу;
террористік тұрғыдан осал объектілердің дағдарысты ахуалдарды оқшаулау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын персоналы мен бөлімшелерінің дайындығын тексеру және олардың терроризм актісінің жолын кесу мен адамдарды құтқару жөніндегі мүмкін болатын іс-қимылдарын пысықтау;
терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі енгізілген жағдайда жекелеген жергілікті жер учаскелерінен және объектілерден көшірілген адамдарды уақытша орналастыруға жарамды орындарды, сондай-ақ оларды азық-түлікпен және киіммен қамтамасыз ету көздерін анықтау;
көлік құралдарын – адамдарды эвакуациялауға, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын – терроризм актісі салдарынан физикалық және моральдық зиян келтірілуі мүмкін адамдарды қабылдауға жоғары дайындық режиміне келтіру;
терроризмге қарсы операцияны өткізу үшін жедел штабтарға берілген күштер мен құралдарды дайындық жағдайына келтіру;
террористік тұрғыдан осал объектілерді күзетуді күшейту;
террористік қауіптілік деңгейі белгіленген аумақта көлік құралдарының қозғалысын бақылауды күшейту, қару мен жарылғыш заттарды анықтайтын техникалық құралдарды қолдана отырып, көлік құралдарын тексеріп қараудан өткізу;
3) террористік қауіптіліктің «қызыл» деңгейі белгіленген кезде (террористік қауіптіліктің «сары» және «қызғылт сары» деңгейі енгізілген кезде қабылданатын шаралармен қатар):
тиісті мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын төтенше режимге көшіру;
терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі енгізілген жағдайда жекелеген жергілікті жер учаскелерінен және объектілерден көшірілген адамдарды уақытша орналастыру пункттерін құру, терроризм актісінен (актілерінен) зардап шеккен адамдарды уақытша орналастыру пункттерін қауіпсіз аймақтарда құру, адамдардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін мүлікті (азық-түлік, киім және басқа да мүлік) жеткізуді ұйымдастыру;
адамдарды құтқару, қараусыз қалған мүлікті күзету бойынша жедел шаралар қолдану, құтқару қызметтерінің және құралымдарының үздіксіз жұмыс істеуіне жәрдемдесу.
Террористік қауіптіліктің «қызғылт сары» және «қызыл» деңгейлерінде республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызды қаланың) терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабы басшысының шешімі бойынша «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі Заңының 15-1-бабында көзделген шаралар қолданылуы мүмкін.
16. Террористік қауіптіліктің деңгейлерін белгілеу, өзгерту немесе алып тастау туралы шешім, сондай-ақ террористік қауіптілік деңгейі белгіленген мерзімдер туралы және шегінде ол белгіленетін аумақтың шекаралары туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дереу жариялануға тиіс.