Қаладағы мектеп-лицейлер мен гимназиялар бірінші сынып оқушыларын тіркелген мекенжайы бойынша қабылдау туралы шешім шыққанан кейін олар қиындықтарға кезігіп отыр. Балаларын өздеріне лайық көрген мектептерге орналастырғысы келгендер оларды «қажетті» мекенжайда тұратын туыстары мен таныстарының үйлеріне тіркей бастады.
– Бізді баланы олардың аумағына 16 мамырда тіркелгендігі үшін №17 мектеп-лицейге қабылдаудан бас тартып отыр. Прокуратурадағылар қалалық білім бөліміне жүгінуге кеңес берді. Ал ондағылар арыз жазыңдар деді. Әзірге қалалық білім бөлімі анықтайтын болады. Құжаттарды қабылдау мерзімдері шықпақ. Неліктен екені белгісіз, 17-ші мектепте оларды тек 18 маусымға дейін қабылдауда, - дейді Ақмарал. Ол мамырдың басында отбасының пәтерлерін сатып, қазір баспана жалдап отырғандарын, сонымен қатар 17-ші мектеп маңынан үй іздестіріп жатқанын әңгімеледі. Бірінші сыныпқа баратын баласын туыстарының үйіне тіркеген. №17 мектеп-лицей директоры Дариға БАЛТАБЕКОВАНЫҢ айтуынша, жылына бірнеше рет – тамызда, қаңтарда және сәуірде жаппай оқыту шеңберінде бүкіл мектепте мектепке дейінгі жастағы бүлдіршіндерге санақ жүргізіледі. Сондықтан олардың аумағына тіркелген бүкіл бала оларға белгілі екен. Әрине, санақ мерзімдері арасында балалары бар отбасы олардың аумағына қоныс тебеді. Алайда қазіргідей емес, бұрын бұл бірен-саран жағдай болған.
– Таңертеңнен кешке дейін ата-аналарға балаларды аумақтық белгілері бойынша қабылдауға тиіс екенімізді түсіндіреміз. Биыл бізге 100 бала тіркелген, бұл 25 адамнан 4 сынып болады.
Жақын маңдағы үйлерге жаңа тұрғындар көшіп келетін кездер болады. Бірақ пәтерге бір бала емес, бүкіл отбасы тіркелуге тиіс қой. Құжаттарды қабылдау мерзіміне келер болсақ, 18 маусымнан кейін құжаттарды ресімдеуге жауапты мамандар еңбек демалысына кетеді. Содан кейін тамыздың ортасында жұмысқа шығып, балаларды қабылдауды жалғастырады. Осы уақытта, бәлкім, орындар босайтын шығар. Ата-аналары басқа қалаға жұмысқа ауысып, көшіп кететін жағдайлар болады, - дейді Д.Балтабекова.
Өткен жылдары №17 мектеп-лицейге бірінші сынып оқушыларының ата-аналарынан 350-400 өтініш түсетін. Сұхбаттасудан кейін 200-дей бала қалатын. Биыл мектеп осыншама баланы қабылдауға дәрменсіз. Қажетті педагогтар саны жеткіліксіз.
Ал, №16 мектеп-лицейінің директоры Тамара ХАМИТОВА былай дейді:
– Күні бүгін ғана бізге бір баланың құжатын әкелді. Жақын арада ғана тіркелген мекенжай анықтамасына сәйкес, онда біздің мектепте балалары оқитын басқа отбасы тұрады. Бұл қалай болуы мүмкін екенін білмеймін, бірақ бізге құжаттарды қабылдаудан бас тартуға тура келді. Қазір біздің мектепке тиесілі үйлерде биылғы оқу жылында бірінші сыныпқа баруға тиіс 200 бала тұрады. Біз сегіз сынып ашуды жоспарлап отырмыз.
Тереңдетілген бағдарлама бойынша жақсы даярланған балалармен жұмыс жасап үйренген педагогтар алаңдаушылықтарын жасырмайды – олар түрлі дайындық деңгейіндегі балаларды қалай оқытпақ? Оның үстіне, жаңа оқу жылында балалар жаңартылған бағдарлама бойынша оқытылатын болады. Осы сұрақтардың барлығын біз қалалық білім бөліміне 23 мамырда жолдаған едік. Бірақ әлі жауап жоқ.
Зульфия ИСКАЛИЕВА