Атырау, 28 қараша 23:41
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Атырауда "Биліктің Уақытша үкіметке өтуіне" жол берілмеді

Сурет
5 202 просмотра

3 маусымда №2 Атырау қалалық соты Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯНҒА қатысты 2 айға тергеу изоляторында ұстау жөніндегі бұлтартпау шарасын белгіледі.

Естеріңізге салсам, олар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 488-бабы («ҚР-ның бейбiт жиналыстарды, митингiлерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнамасын бұзу және бір жыл ішінде қайталап жасау») бойынша 15 тәулікке әкімшілік мерзімдерін отырып шыққан еді. Әзірге белсенділер осы мерзімдерін өтеп жатқан кезде, оларға қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеушілері ҚР ҚК-нің 24-бабы («Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу»), 179-бабы («Билікті күштеп басып алуды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру») және 272-бабы («Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру») бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі басталды. Осы баптар бойынша 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айыру жазалары қарастырылған.

Осы тергеу шеңберінде Боқаев пен Аянды әкімшілік жаза мерзімінің бітуіне бір тәулік қалғанда арнайы қабылдау орнынан уақытша ұстау изоляторына ауыстырды. Тергеу тобының басшысы, Атырау облыстық ҚР ҰКБ департаментінің 9-басқармасының бастығы А.Әбуғалиев прокуратура органдарына оларды күдіктілер ретінде тарту туралы қаулы мен бұлтартпау шарасын белгілеу туралы өтінішхатты жолдады.

ЖҮЙКЕСІ ЖҰҚАРҒАН ПРОКУРОР

Боқаев пен Аян сотқа қарауыл қызметінің және ІІД қауіпсіздік қызметінің 12 шақты қызметкерлерінің күзетімен қолкісенмен әкелінді. Оларды кезекпен соттады. Туыстары мен адвокаттарын сағат 15.00-ге шақырды, алайда процесс 17.30-да басталды. Сот ғимаратының фойесінде абыржып жүрген штаттық киімдегі белгісіз адамдардың үзік-үзік сөздеріне қарағанда, прокуратура, сот және ҰҚК деңгейінде әлдебір келісімдерге келу өте ұзақ уақытқа созылған.

Судья Гүлжихан МҮТИЕВА өз хатшысы арқылы сот залына баспасөздің қатысуына рұқсат берді. Процесс басталғанша біз бірнеше кадр жасап, Боқаевқа бірнеше сұрақтар қойдық. Алайда осы кезде долыланған айқай шықты:

- Оларға кім рұқсат берді?! Олардың телефондарын алыңдар, олардың қолынан бәрін алыңдар! – деп айқайлады прокурор қауіпсіздік қызметінің қызметкерлеріне қарап дауыс көтеріп.

Мен одан өзін таныстыруын, БАҚ өкілдеріне осындай күтпеген агрессияның және залдағы орынсыз айқайдың себебін түсіндіруді өтіндім. Алайда прокурор фотокамерадан теріс айналып, жүзін көрсетпес үшін басын төмен түсіріп, менің бірде бір сұрағыма жауап бермеді. Кешікпей ол залдан шығып кетті. Судья Мүтиева процессті бастаған кезде журналистерге түсірілім жасауға және диктофонға жазуға тыйым салған кезде, ешкім таң қалмады. Прокурор Хабибуллин (соттың стандартты процедурасының арқасында эмоциялы прокурорға өз фамилиясын атауына тура келді) бүкіл отырысты залға көз салмастан өткізіп шықты. Прокурор тергеу органдарын қолдап, Боқаевты қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасын сұрады:

- Өтінішті қанағаттандыруды сұраймын, ол тергеу органдарынан бой тасалауы мүмкін, - деді Хабибуллин.

Адвокат Төлепкали АЯНОВ пен судья Мүтиева қорғаушы ретінде жіберген ұсталушының апасы Ақмарал Боқаева сот алдында бұлтартпау шарасын «үйқамағына» белгілеуді өтінді.

- Боқаев Макстың аса ауыр қылмыс жасады деп күдіктелуінің өзі ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің оған 136-шы, 138-баптарында қарастырылған ерекше жағдайлар болмағандықтан, оған қатысты қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасын белгілеуге негіз бола алмайды.

Атырау қаласының тұрғын әрі патриоты ретінде ол қала тұрғындары үшін көп пайдалы іс жасады. Оның қызметі әлеуметтік, экономикалық, экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған... Бұл коммуналдық қызмет жеткізушілердің тарифтік саясаты, әлеуметтік мәселелер, қоршаған ортаның ластануы, зиянды өндіріс құрылысын тоқтату... Макс Боқаевтың арқасында Жайық өзенінің жағалауымен жүретін жол ашылды. Ол еркін қозғалуға кедергі келтірген дуалды алып тастауға қол жеткізді. Қала тұрғыны ретінде Макс Боқаев өзін қаламыздың патриоты ретінде және жеке тұлға ретінде көрсетті. Оның қызметін сот оған бұлтартпау шарасын белгілеу туралы мәселені шешу кезінде әділ бағалауы тиіс.

Сонымен қатар, Боқаеваның айтуынша, Макстың көп уақыттан бері созылмалы ауыр сырқаты бар. Қамауда болғанда лайықты күтім мен ем болмаса оның өмірлік маңызды ағзасына зардап келуі мүмкін.

Судья Боқаевтың өзіне сөз берді. Ол да бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды өтінді:

- Мен прокурордың біздің көзден таса болуымыз туралы пікіріне қатысты негіз көріп отырғаным жоқ. Осы іс бойынша өтіп жатқан басқалар үйқамаққа алынды және басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Бұл бізге қатысты да әбден мүмкін болатын шешім.

Процесске қатысушылардың барлығын тыңдап болған соң судья кеңесу бөлмесіне шығып кетті.

УАҚЫТША ҮКІМЕТ ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ

Өз сөзінде адвокат Аянов ҰҚК тергеу тобы тағып отырған айыпты ақылға сыймайтын, негізсіз деп, бұл мәтінді «фантастика» деп атады. Редакцияда осы құжаттың көшірмесі бар, адвокаттармен бұл тұрғыда келісуге болады. Мұндай мәтіндерді құрастыру шынымен де бай қиялды талап етеді. Бірнеше үзінді келтірейін:

«Боқаев конституция құрылымы және мемлекеттің қауіпсіздігі негіздеріне қарсы төмендегі жағдайлармен аса ауыр қылмыстық құқықбұзушылық жасады. Атырау облыстық ҚР ҰҚКД қызметкерлері Макс Боқаевтың, Талғат Аяновтың, Сағынғали ҚАПИЗОВТЫҢ, Ғатауғали БОХАННЫҢ, Әлібек МҰСАҰЛЫНЫҢ, Ерлан БАШАҚОВТЫҢ, Жасұлан МҰСАБЕКОВ пен Құбайдолла ШОЛАҚТЫҢ және т.б. белгісіз тұлғалардың қоғамдық пікірді бұрмалап, Қазақстан жұртшылығына Қазақстан Республикасының Елбасы мен үкіметі шетелдік азаматтар мен ұйымдарға жерлер сатып жатыр деген пікір қалыптастырып, сәуір айынан бастап әлеуметтік желілерде белсенді насихаттау қызметтерін жүргізе бастағаны туралы мәліметтер алды.

Насихаттау қызметінің нәтижесінде Атырау облысының халқында Қазақстан жерінің сатылуы туралы орнықты теріс ұстаным қалыптасты. (...) Жоғарыда аталған тұлғалар халықты жер сатуға қарсы митингке жиналуға шақыра бастады...».

Әрі қарай оларға 24 сәуірде Исатай мен Махамбет алаңында заңсыз митингті ұйымдастырды деп ашықтан ашық айыптаған.

«Аталмыш тұлғалардың насихаттау қызметінің ықпалымен осындай заңсыз митинг Құлсары қаласында да өтті».

Аян мен Боқаевқа сонымен қатар, Ақорданың ұсынысымен құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссияға қатысудан бас тартты деген айып тағылған (естеріңізге салсам, ол жерге Аянов шақырылған жоқ): «Боқаев, Аянов және басқалар Жер реформасы жөніндегі комиссия шеңберінде құрылымдық диалогтан бас тартып, Жер кодексіндегі түзетулерге қатысты қоғамдағы теріс резонансты пайдаланып, митинг барысында жаппай тәртіпсіздіктерді орнатуға және құқыққорғау органдарына қарулы қарсылық көрсетуге әзірленіп, әлеуметтік желілер арқылы халықты 21 мамырда республикалық митинг өткізуге шақыруды жалғастыра берді. Осы мақсатта топ қатысушылары Атырауда да, аудан орталықтарында да іс-әрекеттерді үйлестіру жөніндегі жасырын штабтар құруды жоспарлады. Құқыққорғау органдарының топ қатысушыларының жаппай тәртіпсіздіктерін құрықтау жөніндегі күштік акцияларын олар алыстан бейнетаспаға түсіріп, оларды әлеуметтік желілерге орналастыруды жоспарлайды. Бұл аталмыш тұлғалардың пікірінше, халықтың жаппай толқуына әкеліп, оларға облыстағы атқарушы және өкілетті органдардың әкімшілік ғимараттарын басып алуға, билікті уақытша Үкімет пен жергілікті жерлердегі халық өкілдеріне өтті деп жариялауына мүмкіндік береді».

Осылайша, тергеу тобы Боқаевтың, Аянның және «топтың басқа қатысушыларының» билікті күштеп басып алу және ҚР конституция құрылымын күштеп өзгерту жөніндегі қылмыстық жоспарлары бар деп айыптайды. ҰҚК тергеу тобы осы құжатында осындай айыптауларға дәлелдер мен негіздер келтірілмеген (мәселен, штаб, уақытша үкімет құру, ғимаратты басып алу, арандатушылық пен жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру жоспарлары баяндалған айыпталушылардың хаттары, қару «схрондары», сондай-ақ, үнпарақтар, ел ішіндегі және сыртындағы әлдебір күштердің қаржылық қолдаулары туралы банктік құжаттар және т.б.). Бәлкім, дәлелдер тергеу аяқталғаннан кейін өтуге тиіс сот процесіне әзірленіп жатқан шығар. Алайда қоғамдық пікірге әсер етудің ең үлкен күші «дәлелдер патшайымы» - Regina probationum болуы мүмкін. Рим құқығында сотталушылардың өздерінің кінәні мойындауын осылай атаған. Мұнда бүкіл дәлелдер, айғақтар мен әрі қарайғы тергеу әрекеттері артық болады.

Reginaprobationum КСРО-да өткен ғасырдың 30-жылдары салтанат құрды және тергеушілердің, прокурорлар мен соттардың жұмыстарын көп жеңілдеткен еді.

Қалай болғанда да, ҰҚК тергеу тобының құжаты судья Мүтиеваны иландырған. Жарты сағаттан кейін ол қайта оралып, өз шешімін жариялады: Боқаевқа 2 айға тергеу изоляторында қамауға ұстау шарасы белгіленді. Сол күні кешке ол осындай шешімді екінші күдіктіге – Талғат АЯНҒА да қолданды.

P.S. «Топтың басқа қатысушылары» қатарындағы бірнеше тұлғалардан тергеу барысында айыптаулар алынып тасталды. Кеше 15 тәулік әкімшілік қамаудан кейін Ерлан Башақов бостандыққа шықты. Боқаевтан және Аяннан басқа, әзірге мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыру айыбы тағы үш фигурантқа – Боханға, Қапизовқа және Шолаққа тағылып отыр.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА, суретті түсірген автор

4 маусым 2016, 18:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.