Облыстық әкімдік ғимаратында өткен Атыраудың бизнес-қоғамдастығымен кездесу кезінде ҚР «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Төлеміс ШОТАНОВ Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасын таныстырды.
ЕЛДІ АРАЛАУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ
Ол барлық өңірдегі бизнес үшін қиыншылықтар бірдей екенін атап өтті. Бірінші кезекте, бұл қаржының жетіспеуі: бүгінде «ұзын әрі арзан» ақша алу мүмкін емес. Кәсіпкерлерді алдағы уақытта ҚҚС-ны сатуға салынатын салыққа алмастыру алаңдатып отыр. Сату мен сатып алу қабілетінің құлдырауы жаппай сезілуде. Мемлекеттік кірістер көлемі едәуір төмендеді, жер қойнауын пайдаланушылардың бюджеті азайды.
- Палата шағын және орта бизнесті тексеру мораторийіне бастамашы болды. Бүгінгі күні біз салық төлемдерін тексеру мораторийі туралы ойланып отырмыз, - деп хабарлады Шотанов.
Бүгін елімізде аяқтарына нық тұрған өндірушілер аз - әр өңірде 10-15 кәсіпорын ғана. Өңірлік картаның басты артықшылығы – ол өңірде қандай салада кәсіпкерлікті дамыту мүмкін әрі орынды екенін, ол үшін қандай шарттар қажет екендігін түсінуге мүмкіндік береді. Мәселен, елде өндірілетін бүкіл көмірсутек шикізатының 73 пайызы Атырау облысының еншісінде, ал ауыл шаруашылығының үлесі өте аз – 1,3 пайыз.
Атыраудағы шағын және орта бизнес те әлсіз – оның үлесі орташа республикалық көрсеткіштен үш есе төмен.
- Кез келген бизнестің негізгі проблемасы – бұл сапалы ақпараттың жоқтығы. Әлдебір өндірісті ашуды жоспарлаған кәсіпкердің өзіне елді аралап, ол үшін қандай бәсекелестер бар екенін, өткізу нарығы үлкен бе, халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік бар ма, анықтауға тура келеді, - дейді Шотанов.
Кәсіпкерлікті дамыту картасы электронды интернет-порталдан тұрады. Ол http://businessnavigator.kz/ru/ немесе http://www.businessmap.kz/ru/ мекенжайында қолжетімді. Әзірлеушілер мұның жинақталған интерактивті алғашқы ақпарат ресурсы екенін растайды. Картаға 14 облыс, сондай-ақ, Астана мен Алматы енген. Оған толық аналитикалық шолу мен өңірлер бойынша экономикалық мәліметтер, соның ішінде даму үшін негізгі шарттар, инфрақұрылым, адам капиталы, қаржыландыруға қолжетімділік, даму және мемлекеттік қолдау бағдарламалары, ҚР-на және шекараға шектес өңірлердегі өткізу нарықтары, сондай-ақ, ҚР 16 өңіріндегі мамандану және перспективалы бағыттардың сипаттамасы кіреді.
ҰШАН-ТЕҢІЗ АҚПАРАТ
Атыраудағы кәсіпкерлік картасын әзірлеу өткен жылдың ортасынан бері жүргізіліп келеді. 160 кәсіпкерлік субъектісіне (58 ірі және 102 орта кәсіпорындар) сауал жүргізілді. Сонымен қатар, жергілікті атқару органдарының, қаржы институттарының өкілдерінен сауалдар алынды, тұрғындар арасында сауалнамалар ұйымдастырылды. Алынған мәліметтердің негізінде кәсіпкерлік субъектілер тізілімі қалыптасты және өңірдің мамандануы бойынша ақпарат жинақталды.
Бұл жерде өңірлер бойынша ықтимал жобалар туралы ақпарат ұсынылған. Ол бойынша мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады.
Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы тек отандық кәсіпкерлерге ғана емес, шетелдік инвесторларға да есептелген. Әзірге ақпарат орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылған, таяу арада ол мемлекеттік және қытай тіліне аударылады. Сонымен қатар, сайтта бизнес-тізілім бар. Өйткені кәсіпкерлерде өздерінің ықтимал серіктестері туралы ақпарат болуы маңызды. Картада Қазақстанның қызмет етуші кәсіпкерлер тізілімінде олардың мекен-жайы, байланыс деректері көрсетілген. Оларды өңірлер, салалар және т.б. бойынша сұрыптауға болады. Бұдан басқа, карта мемлекеттік органдар, екінші деңгейлі банктер мен даму институттары үшін де пайдалы болады. Жергілікті атқарушы органдарға ол инфрақұрылымды, әлеуметтік нысандарды, аумақты абаттандыру және мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді дамытуға бағытталған бюджет шығындарын жоспарлау үшін бағдар бола алады. Ал екінші деңгейлі банктер мен даму институттары түрлі жобаларды қаржыландыру кезінде ақпаратты пайдалана алады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор