2 маусымда «Ақ Жайық» ЖШС кеңсесінде ашылған Ұлттық баспасөз клубында 2016 жылдың сәуір-мамыр айларында бейбіт жиындарды өткізу бастамасы үшін жауапкершілікке тартылып жатқан азаматтарды құқықтық, ақпараттық және халықаралық қолдау үшін құрылған «АРАША» комитетінің баспасөз конференциясы өтті.
Комитет құрамында журналистер, құқыққорғаушылар, ғалымдар: Рысбек СӘРСЕНБАЙ, Гүлжан ЕРҒАЛИЕВА, Ермұрат БӘПИ, Жарылқап ҚАЛЫБАЙ, Әміржан ҚОСАНОВ, Маржан АСПАНДИЯРОВА, Жанболат МАМАЙ, Инга ИМАНБАЙ, Евгений ЖОВТИС…бар.
Комитет бірнеше күн бұрын ғана Қазақстандағы жер сату және жалға беру туралы заңнаманың тақырыбында бейбіт жиындарды өткізу бастамасы үшін қазақстандық белсенділерді жаппай жауапкершілікке тартуға байланысты құқықтық, ақпараттық және халықаралық қолдауды ұйымдастыру мақсатында құрылған. Еліміздің әртүрлі өңірлерінде бірқатар тұлғалардың әкімшілік жауапкершіліктен бөлек қылмыстық жауапкершілікке тартылғандығы белгілі.
Атырауға комитеттің бірнеше мүшелері келді. Олар 24 сәуірде бейбіт митингке қатысқан қоғамдық белсенділерді ұстау және қамауға алу фактілері бойынша материалдар жинап, бірқатар ұсталушылардың туыстарымен және олардың адвокаттарымен кездесулер өткізді.
Кеше делегацияны Атырау облыстық прокуратурасының қызметкерлері қабылдады. Осы кездесуден кейін баспасөз конференциясында «Араша» мүшелері Атырауда ұсталған белсенділердің тағдыры облыстық емес, одан да жоғары деңгейде шешіледі деген пікірлерін айтты. Бұған баспасөз конференциясы спикерлерінің бірі, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай сенімді болды. Атыраулық белсенділерге конституциялық төңкеріс жасауға және билікті басып алуға әзірлік жасады деп тағылып отырған айыптарды сандырақ деп атады. Сәрсенбай Макс Боқаевты қамауға алуға негіздер жазылған тергеу қаулысынан үзінді оқып берді. Құжатта, мәселен, Боқаевта билікті күшпен құлату, қарулы көтеріліске шығу үшін астыртын штаб құру туралы және т.б. егжей-тегжейлі жоспар болған делінген. Журналист бұл айыптауды ақылға сыймайтын фантазия деп атады.
Редактор, журналист Гүлжан Ерғалиева бейбіт наразылыққа алғашқы боп атыраулықтардың шыққандығына таң қалмады:
- Бұл жердегі халық табиғи қорларды қисынсыз игеруді өз бастарынан өткерді және оның бүкіл салдарын біледі. Жер – бұл соңғы ұлттық ресурс. Сондықтан 24 сәуірдегі митинг - қалыпты, тарихи тұрғыдағы қоғамның орынды әрекеті. Жұртшылық үн қатты, оған билік тоқталып, ойланып қалды. Атыраудағы оқиға азаматтық қоғамның деңгейі жоғары екенін көрсетті, бүкіл әлемдік қоғамдастықтың назарын аударды. Өйткені тек ішкі жалпы өнім мен экономикалық көрсеткіштер ғана бақыланбайды. Ең бастысы – бұл қоғам. Бұл Қазақстанның жаңа келбеті еді, сондықтан бәрі дереу назар аударды. Алайда қылмыстық істер басталған кезде, биліктің азаматтық қоғам деңгейіне көтеріле алмағандығы айқын болды. Бұл нағыз масқара.
Журналист Жанболат Мамай 24 сәуірде Атырау облысында жаңа азаматтық қоғам пайда болды деп есептейді.
- Билік диалогқа көшіп, ал наразылыққа шыққандар өздерінің келіспейтіндіктерін адекватты, дұрыс жеткізе білді. Бұл күн наразылық қозғалысының нағыз феномені болды. Атырау жер наразылығының символына айналды. Жер кодексіндегі түзетулерге мораторий жариялауға билікті осы Атырау мәжбүр етті. Ал енді елімізде эволюциялық, бейбіт өзгерістерді қалаған патриоттарды түрмеге отырғызып, өте ауыр қылмыстар жасады деп айыптауда. Өкінішке орай, белсенділерді осылайша қамауға алу қоғамның билікке деген сенімін төмендетуге әкеледі. Алайда мәжбүрлеу, күштеу саясаты бірде-бір режимнің ұзақ тұруына сеп болмады. Жаңаөзенде адамдарға оқ жаудырды, бірақ адамдар бәрібір наразылық білдіріп, бейбіт митингтерге шығуда.
Бізге жалпыұлттық диалог қажет. БҰҰ-ны қосқанда, бүкіл беделді халықаралық ұйымдар азаматтық қоғамның әрекетін заңды деп танып, бәрі де белсенділердің заңсыз ұсталуын, заңсыз қылмыстық қудалаулар мен қуғын-сүргінді айыптады. Бұлар Human Rights Watch, Amnesty International, Front Line Defenders, бәрі де. Алайда тек қазақстандық билік қана бейбіт митингтерді билікті басып алу деп атап отыр. Осы айыптаулардың бәрі сотта жойылады деп ойлаймын. Бұл бүкіл әлемдік қоғамдастық назар аударатын өте әйгілі, резонансты саяси процесс болады. Қазір биліктің бүкіл саяси тұтқындардың барлығын босатып, бұл жағдайдан шығуға керемет мүмкіндігі бар.
Құбайдолла ШОЛАҚТЫҢ адвокаты Бақберген АЙТМАМБЕТОВ істің сотқа дейінгі тәртіппен тоқтатылатындығына сенімді екенін білдірді:
- Қазір, бәлкім, мұның бәрі эмоциямен ұйымдастырылып отырған шығар. Алайда кінәсіз жандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту және олардың бостандықтарын шектеудің өзі қылмыс. Адвокаттар корпусы осы адамдардың әрекеттерінде қылмыс құрамы жоқ екендігіне сенімді. Ал бұл баптар бойынша оларға 7-ден 15 жылға дейін жаза мерзімі берілуі мүмкін. Бәлкім, оларға Сталин заманында миллиондаған адамдарды жоқ қылған «лагерь шеңгелінің» не екенін сезінсін деп жасап отырған шығар. Бірақ біз билік пен құқыққорғау органдары ойланар деп үміттенеміз.
Талғат АЯН мен Макс БОҚАЕВТЫҢ адвокаты Төлепқали АЯНОВ ұсталушылар мен олардың туыстарына қатысты құқыққорғау органдарының көптеген іс жүргізу заңнамасын бұзғандығын хабарлады.
- Маған қорғау жөніндегі өз жұмысымды орындауға мүмкіндік бермейді. Менің қорғалушыларымды өз адвокаттарымен және қорғаушылармен кездестірмей, туыстарымен хабарластырмай отыр. 20 мамырда төңкеріс жасау және билікті басып алу туралы қылмыстық іс қозғалды. Сол күні бірдей уақытта қамауға алынғандардың, олардың туыстарының үйлеріне, сондай-ақ туыстарының жұмыс орындарындағы кеңселерге жаппай тінту жүргізді. Талғат Аян бізден бөлек тұрады. Менің жеке ноутбугымды, менің жұмыс құжаттарымды алып кетті. Мені, адвокатты (!) себебін түсіндірместен, заңсыз ұстады, маған және ұлыма хаттама толтырамыз деп қоқан-лоққы көрсетті. Менің айыптау материалдарын көрсету талабыма: «қандай қажет болса, материалдардың бәрі болады» деп мәлімдеді. Орын алып жатқан көптеген заң бұзушылықтан жұбайым инсульт алды. Қазір ол ауыр жағдайда, ауруханада жатыр.
Макс Боқаевтың апасы Ақмарал БОҚАЕВА да Макстың отбасына қатысты заң бұзушылықтар туралы хабарлады. Оның айтуынша, белсендінің егде жастағы анасы тінту кезінде дене жарақатын алған (естеріңізге салсам, тінту жүргізген адамдар оның әке-шешесінің үйінің ауыр темір есігін сындырған еді), олардың бәрі белгіленген. Боқаевтар құқыққорғау органдарының әрекетіне шағымданған, алайда ол еленбеуде. Оны тіркемей, қарауға қабылдамай отыр.
- Менің інім мен басқа ұсталушылар ұрылар, қанішерлер емес. Олардың бар жазығы – нағыз патриоттар ретінде өз жерлерін қорғау үшін сөз сөйледі. Әділдік салтанат құрып, бүкіл азаматтық белсенділерді жіберіп, қылмыстық іс жабылады деп сенемін, - деді Боқаева.
Құқыққорғаушы Әсел НҰРҒАЗИЕВАНЫҢ айтуынша, қамауға алу қаулысының мәтінінде сегіз адам туралы айтылған, бірақ қазақстандықтардың ешқайсының осынау қаралы тізімге енбесіне кепілдік жоқ.
- Қаулыда «8 адам және басқалар» деп жазылған. Ертең осы «басқалар» біздің әрқайсымыз болуымыз мүмкін.
Спикерлер «АЖ»-ның бірнеше сұрақтарына комментарий берді:
- Комитеттің формасы, құқықтық мәртебесі қандай?
- Бұл осынау шиеленіскен оқиғаларға реакция болғандықтан, Комитет өте шұғыл, бірнеше күн бұрын ғана құрылды. Біз Адам құқықтары жөніндегі бюроның базасында Евгений Жовтиске жиналдық. Ол бізге Комитетті тек ұйымдар ғана емес, жеке тұлғалар да құра алатындығын айтты. Кідіртпей құрдық. Бірақ Алматыға оралған кезде комитет туралы ережені әзірлейміз. Сондай-ақ, оның құрамы кеңейетін болады.
- Өз жұмыстарыңызда қандай құралдарды пайдаланбақсыздар?
- Билікті басып алу туралы айыптар ақылға сыймайды. Мұның бәріне заңдық, құқықтық баға берілетін болады. Біз қазір мониторингпен және құжаттарды жинаумен айналысудамыз. Бұдан басқа, құқықтық кеңестерді жүзеге асырмақпыз. Бүкіл жинақталған материалдарды Алматыға алып кетеміз, әрі қарай белгілі бір процедуралар бар – бүкіл материалдар тек отандық емес, халықаралық сараптамадан өтеді. Бүкіл процесті ашық, қолжетімді жасау керек. Келесі міндет, егер бүкіл осы процесс тоқтамаса, бұл адамдарды сотқа дейін апаратын болса, адвокаттар, бақылаушылар кірісіп, халықаралық құқықтық ұйымдар мен әлемдік баспасөз қатысып, күшті ақпараттық қолдау көрсетілетін болады. Атырау, өкінішке орай, әлемдік қоғамдастық назар аударатын шерлі нүктеге айналады деп ойлаймын. Қазір бізде орын алып жатқан жағдайды Ресей басынан өткерді. Азаматтық қоғамды жаншудың осы әдістері, осындай ауыр айыптаулар деңгейінде қудалаудың бәрі болды. Бұл – Болотный алаңы еді, ондаған адамдарды сұмдық мерзімдерге соттады. Енді біздің өзіміздің Болотныйымыз болады. Біздің билік көрші елдердің саяси технологтарының, саяси көшбасшылардың жетегінде кеткен секілді. Мұным қате болса екен.
- Комитеттің негізгі мақсаты неде?
- Қазір баршамыз бақылап отырған құқықтық бассыздыққа жол бермеу.
- Сіздерді кім қаржыландырады?
- Қаржыландыру туралы әзірге әңгіме қозғалған жоқ, комитеттің бүкіл мүшелері мұнда өз қаржыларымен келді. Алматыға барған соң ақша іздейміз, өйткені көмек пен қолдау көрсету үшін қаржы керек.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті және бейнежазбаны түсірген Марат ТАКУЛИН