«Арнаулы автобаза» ҚМК биоқалдықтарды өртейтін қондырғылардан шығатын шығарындылардың шекті рұқсат етілген нормативтерін қорғау жөнінде қоғамдық тыңдау өткізді.
ВЕТЕРИНАРЛАРҒА ҚАЖЕТ БОЛМАДЫ, АРНАУЛЫ АВТОБАЗАҒА ЖАРАП ТҰР
«Жануарлардың өлекселері мен медициналық қалдықтарды жою алаңдарынан атмосфералық ауаға тасталатын ластаушы заттар шығарындыларының 2016-2026 жылдарға арналған шекті рұқсат етілген нормативтері» жобасы ақыр аяғында биоқалдықтарды өртейтін арнайы жабдықтарды – крематор-инсинераторды 10 жыл мерзімге пайдалануға өкілетті органдардың келісімін алуды топшылайды.
Арнаулы автобаза инсинераторға 2015 жылы қол жеткізді. Бастапқыда бұл жабдық Атырау қалалық ветеринарлық қызметі үшін ауыл шаруашылығы министрлігінің қаржысына алынды. Алайда жабдық ол жерде қолданылмады. Сол кезде қала әкімінің шешімімен ол биыл биологиялық қалдықтарды жоюға қатысты қиыншылықтары бар Арнаулы автобазаға берілді. «Арнаулы автобаза» директоры Мұратбек МАХАНОВТЫҢ айтуынша, жануарлардың өлімтігі қалалық қоқыс орны аумағында орналасқан мал қорымына тапталып нығыздалатын болған.
- Әзірленген биотермиялық шұңқырға рубероид себіліп, содан соң бетон қоспа құйылады. Кейін жануардың өлексесін лақтырып, 3 пайыздық гидрохлорид төгеді. Осыдан кейін топырақпен нығыздалып тапталады.
Ескірген технология топыраққа және жерасты суларына қалдық инфекциялары мен ауру тудырушы микробтардың түсуіне кепілдік бермейді.
- Крематорларды пайдалану арзан әрі сенімді түрде қоршаған ортаға көп зиян келтірмей, кез-келген биологиялық қалдықтардан құтылуға мүмкіндік береді. Крематор ішінде өртегенде жоғары температураның есебінен биологиялық қалдықтар толықтай дерлік жойылады. Ал жұмыс циклы аяқталғаннан кейін зарарсыздандырылған күл мен сүйектердің нәзік сынықтары қалады, - деп растайды Маханов. – Биоқалдықтардан басқа біз бұл пештерде медициналық қалдықтарды да жоя аламыз. Осы қызмет түріне қажетті стандарттарды біз алдық, енді тендерге қатыспақпыз.
МЫҚТЫ ПЕШТЕР
Инсинератор бірінші сынақтан өтті. Арнаулы автобаза мен «Қалалық ветеринария бөлімі» ММ арасында 2015 жылдың аяғында биологиялық қалдықтарды (үй құстарының, иттердің, мысықтардың, ірі мүйізді және ұсақ жандықтардың өлекселерін) өртеуге келісімшарт жасалды. Қоғамдық тыңдау жобасының материалдарына сәйкес, жануарлар өлексесі мен медициналық қалдықтарды өртеу үшін ЕСО-10 жанарғысы бар «КР-1000» инсинератор пеші мен ЕСО-10 жанарғысы бар «КР-500» инсинератор пеші белгіленген. Отын ретінде дизельдік отын қолданылады.
КР сериясындағы инсинераторлар құс фабрикаларындағы, мал шаруашылығы кешендеріндегі, ветеринарлық емханалардағы, ауруханалардағы және ауылшаруашылық кәсіпорындарындағы өлген үй құстарын, жануарлар мен басқа биологиялық қалдықтарды жоюға арналған. Құрылымы бойынша стационарлық инсинераторлар өртеу камераларынан, жанарғылардан және түтін тұрбасынан тұрады.
ЕСО-10 жанарғысы бар «КР-1000» пешінің максималды жүктемесі 1000 келі, өнімділігі сағатына 50 келі. Өртелетін қалдықтар мөлшері – жылына 146 т.
ЕСО-10 жанарғысы бар «КР-500» пешінің максималды жүктемесі 500 келі. Өртелетін қалдықтар мөлшері – жылына 70 т.
Пеште биологиялық және медициналық қалдықтарды өртеу құны - 1 келі үшін 377 теңгені құрайды.
Жобаны әзірлеген «Скоробогатов» ЖК растап отырғандай, екі қондырғыдан шығатын болжамды шығарындылар мен олардың концентрация нормалары бекітілген экологиялық заңнама шегіне сай келеді. Осы мәлімдеменің шындыққа сай келетіндігін рұқсат беруші табиғат пайдалану басқармасы анықтауы тиіс.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА