Қазір ауылдық жерлерде төрт түліктің қарасы мен шаруа қожалықтарының саны көбеюде. Қуантарлық жайт. Алайда, мал құнды болғанымен, оның жүні мен терісінің құнсыз өнімге айналып тұрғаны жасырын емес. Ал, қырға шықсаң, қоқыс алаңдарынан тонналаған жүннің шіріп жатқанын жиі көруге тура келеді.
Бүгінде қыстақтарда қой қырқымы науқаны қызу жүріп жатыр. Қой қырқу да ақылы, мәселен, бір қойды қырқу 250-300 теңге тұрады.
- Бұрын қырқуды қойдың жабағы және күзгі жүні деп екі кезеңге бөлетін едік. Бүгінде жылына бір рет қырқумен шектелудеміз. Одақ кезінде тонналаған жүн мен теріні Атырау мен Оралға арнайы апарып тапсыратынбыз. Онда қабылдайтын орындар болды. Совхоз тарағасын бұл іс аяқсыз қалып қойды. Қазір олардың түкке жарамай, аяқ астында жатуы үйреншікті жайтқа айналған. Ысырапшылдыққа жаның күйеді, бірақ қайтерсің, қолдан келер қайран жоқ, - дейді байырғы малшылар.
Облыс аумағында жүнді тиімді сату мүмкіндігі жоқ, көбінесе Оңтүстік Қазақстаннан келген кәсіпкерлер арзанға алып кетеді. Ешкі түбіті, түйе шудасына сұраныс болғанымен, ұзын қылшықты еділбай қойы жүнінің қажеттілігі шамалы болып қалған.
- Біз ауыл адамдарынан малдың жүні мен терісін алып, нығыздап жинап қоятынбыз. Оны Солтүстік облыстарға жіберіп жүрдік. Былтырдан бері алуды тоқтатып тастадық, - дейді Құрманғазы ауданындағы «ГанюшкиноЕгінӨнімдері» ЖШС-нің директоры Сағынжан РАХИМОВ. - Себебі, фабрикалар жұмысын мандыта алмай, шикізат алуды тоқтатты. Ендігі жерде бұл өнімдерді қайда жіберетіндігімізді білмей отырмыз. Менің ойымша, бұл салаға үлкен бетбұрыс керек, министрлік тарапынан қолдау болмайынша бұл мәселенің шешімі табылуы екіталай.
Индер ауданының жүн қабылдау операторы, «АдайСамат» ЖК иесі Абдулхамат АДАЙДЫҢ айтуынша, жүнді өңдеуге тапсыру барысында бірқатар ережелер сақталуы тиіс:
- Жүнде ошаған болмауы керек, ол ылғал жерде жатпауы қажет. Таза, нығыздалған күйде апаруымыз керек. Бұл талаптан шығу бізге де оңай емес. Себебі, шаруалар өтімді тауар болмағандықтан жүннің сапасына аса мән бермеуде. Түйе жүнінің келісі 150-200 теңге, ал, ешкінікі 700-1000 теңге шамасында. Етті еділбай қойының жүні 20-30 теңге аралығында. Қой терісі 400-500 теңге болса, сиыр терісі 2000-3000 теңге тұрады.
Индерлік «Алтын Ана» шаруа қожалығының жетекшісі Айтқали ЖАЛИЕВТІҢ айтуынша, мал жүні мен терісінің пайдаға асырылмауының басты себебі - Қазақстанда жеңіл өнеркәсіптің нашар дамуы.
- Шетелдерде малдың терісі мен жүнінен аяқ киім, тон, тоқыма киімдер шығарып жатыр. Ал, біз оны бірнеше есе қымбатқа сатып алудамыз, - дейді А. Жалиев.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА